Қазақ жері қалай шегенделді?

0 633

1920 жылдың 26 тамызында В.И.Ленин қол қойған «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет қабылданған. Осы оқиғаға биыл тура 100 жыл толады. Бұл – айтулы тарихи дата. Осынау қазақ қоғамы үшін айтулы, маңызы зор, тағдыршешті оқиғаға орай, біз оқырмандарымыздың назарына төмендегі мақаланы ұсынып отырмыз.Абылай хан қаза тапқаннан кейін-ақ қазақ жерлері «ұстағанның аузында, тістегеннің қолында кеткені» тарихтан мәлім. «Қайран жерлерді» түгендеу туралы 20-ғасырда мемлекеттік құжат түрінде алғаш рет 1919 жылы 10 сәуірде сөз болды. Сол оқиғаның 100 жылдығы биыл аталмай кетті.
Алашорданың жолы қиылып, үміт үзілді-ау деген шақта, Кеңестік ең жоғарғы билік – Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы туралы» декреті жарық көрді. Сөз жоқ, бұл да Алаш қайраткерлерінің табанды еңбегінің жемісі еді. Құжаттың негізгі қағидалары:
«I. РКФСР-ның бөлігі ретінде Қыр­ғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру және әкімшілік шекараларын белгілеу:
а) Семей облысы: Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері.
ә) Ақмола облысы: Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездері және Омбы уездерінің бір бөлігі.
II. Қырғыз Автономиялы Респуб­ликасының орталық органдарын ұйымдастыру толық аяқталғанға дейін уақытша Ақмола және Семей губернияларына бағынсын.
Сібір және Түркістан құрамында уақытша қалған Қазақ облыстарында бірыңғай саясат жүргізу үшін, Сібір революциялық комитетінің және Түркістан Орталық Атқару Комитеті Президиумының құрамына Қазақ революциялық комитеті мүшелері енгізілсін;
Ескертпе: Бір жағынан Қазақ революциялық комитеті мен екінші жағынан Түркістан Орталық Атқару Комитеті және Сібір революциялық комитеті арасында Қазақ автономиялы республикасына қатысты аумақ шекаралары туралы қайшылықтар туындаған жағдайда, бұл мәселелер РСФСР орталық мекемелерінің қарауына жіберілсін».
Осыдан кейінгі ілгерілі-кейінді, сәтті-сәтсіз оқиғалар тізбегі бүгінгі тәуелсіздік дәуіріне келіп ұласты. 1919 жылы 27 тамызда Ресейдің Сібір өлкесін басқару үшін, Омбыда Сібір төңкеріс комитеті орталығы Петропавл болған Ақмола және орталығы Семей болған Семей губернияларын биледі. Осынау ұлан-байтақ аймақта 1916 жылы жүргізілген санақ бойынша, бері қойғанда бір жарым миллионнан асатын қазақ, кейін құрылған Казревкомның құзыретінен тыс Ресейде қалып қойды. Қазақ АССР-ның құрылуына дайындық басталды.
Кеңес өкіметі туралы жаңа құрылмақ Қазақ кеңестік автономиясы жайлы үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу үшін 1920 жылғы 22 ақпанда Омбыдағы Казревком өкілдігі жанынан «Кедей сөзі» газеті шыға бастады. Газет бетінде бүкілқазақ құрылтайын шақыруға дайындық жұмыстары жүрді. Редакция алқасындағы М.Жұмабаев, Ғ.Тоғжанов, Б.Серкебаев сияқты қаламгерлер Қазақ жұмхұриаты жайында түсінікті әрі әсерлі насихат жүргізді.
Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшесі әрі болашақ Қазақстан билігінің Бүкілресейлік Орталық атқару комитетіндегі өкілдігі алқасының төрағасы ретінде Әлімхан Ермеков 1920 жылғы 18 мамырда Мәскеуге барып, Қазақ республикасының шекара жігін анықтау, нақтылау, даулы мәселелерді одақтық мекемелер арқылы шешумен айналыс­ты. «Мәскеуге келген бетте мен В.Лениннің төрағалығымен өткен кеңеске қатысып, Қазақстандағы жағдайды баяндадым. Столыпин реформасы кезінде қазақтардың жері жаппай тартып алынғанын, Ертістің сол жағасындағы оншақырымдық жолақ 1904 жылы казактарға беріліп, қазақ халқының қуылғанын, Каспийдің солтүстік жағасына қазақтардың жолай алмай отырғанын айттым» деп еске алады Ә.Ермеков.
1920 жылы 20 шілдеде Қызылжарда, 21-27 шілде аралығында Көкшетауда, 23-26 шілдеде Ақмолада, 2-5 тамызда Атбасарда Кеңестердің бірінші съезі болып өтті. Бұл кезде Петропавл Омбы уезіне қарайтын. 1920 жылы 9-10 тамызда БОАК жанында В.Лениннің төрағалық етуімен Қазақ автономиясының Сібірмен шекарасы, оның Ресеймен өзара қатысы туралы мәселелерді талқылауға арналған кеңес басталардың алдында Петропавл уезінің қазақтары жиналып, Мәскеуге мынадай жеделхат жолдады: «1920 жылғы 4 тамыз. Біз, Омбы губерниясы Петропавл уезі 15 болысының қазақтары Қазақ республикасының шекарасын анықтауға арналған комиссияның құрылуын қолдаймыз және этнографиялық, тарихи және экономикалық жағынан тығыз байланысты Петропавл уезі Қазақ өлкесінің құрамына енуі керектігіне сенім білдіреміз [ЦГАОР СССР, 1318-қор, 1-тізбе, 141-іс, 59-бет; «Образование Каз. АССР», стр. 244]. Осы құжатқа берілген түсініктемеде жеделхатқа қол қойған болыстардың өкілдері туралы хаттаманың мұрағатта сақталғаны көрсетілген. Олар Келтесор, Сарайғыр, Тайынша, Жамантұз, Еменәлі, Таузар, Смайыл, Аққусақ және Анастасьев болысының қазақтары екен.
Шекара анықтау жөніндегі Мәскеудегі кеңеске Сібірревком да дайындалып, Ресей мүддесін қорғап, қазақ өлкесіне Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен және басқа Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарын бермеу туралы ұсыныспен барды. Кеңесті басқарушы Совнарком төрағасы Ленин Сібірревком мен Ә.Ермеков бастаған қазақ делегациясының өкілдерінің пікірімен танысып, Сібірревком ұсынысының «халықтар арасындағы араздықты күшейтетінін» айтып сынады. Ол «бұрынғы Қыр өлкесінің батысы мен шығысындағы даулы аймақты бөлшектемей, жаңадан құрылмақ Қазақ автономиялы республикасына тұтас қалпында беруге» нұсқау берді.
1920 жылы 26 тамызда В.Ленин қол қойған «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру» туралы дек­рет жарияланды. Декретті жүзеге асыру үшін қабылданған қаулы бойынша Қазақ Автономиясының құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары; Закаспий облысының Маңғыстау уезі; сол облыс­тың Красноводск уезіндегі 4 және 5 адай болыстары; Астрахань губерниясынан: Синеморье болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Приморье округіне жапсарлас жатқан болыстар. Құжаттың бір осал жері – «Қазақ республикасының Ақмола және Семей губернияларының басшылығын қабылдай алатын орталық органдары түпкілікті ұйымдастырылғанға дейін соңғылары уақытша Сібірревкомының қарамағында қала беретіндігі» айтылған .
1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда Қазақстан Кеңестерінің бірінші Құрылтай съезі өтіп, онда Қазақ АКСР-ның құрылғаны ресми түрде жарияланды. Қазақ Орталық Атқару комитеті Президиумының құрамына: С.Меңдешев (төраға), В.Радус-Зенькович, Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, Б.Алманов, Ж.Сәдуақасов, Ғ.Бөкейханов, Ә.Досов т.б. кірді. Ерекше назар аударатын бір жай, С.Сейфуллиннің қатысуымен «Қазақ АКСР-ның территориясында отарлаудың кез-келген түріне тыйым салу туралы» декреттің жасалуы еді. Құжаттың көшірмесі С.Сейфуллин басқарған Жер комиссиясының шешімімен 30 қарашада РКФСР Жер халық комиссариатына жіберілген. Бұл – қазақ жерлерін отарлауға заңды түрде шек қойған ең алғашқы құжат болатын.
Дегенмен қазақ жерлерін түгендеу оңай болған жоқ. Ақмола және Семей облыстарын Қазақстан құрамына енгізуде Омбыдағы Сібір революциялық комитетінің (Сібірревком) мүшелері ашық қарсылық көрсеткенін айттық. 1920 жылдың екінші жартысында олар Қазақстанмен шекараны белгілеу мәселесін бес рет қарады. Тіпті Қазақ АКСР-ның құрылғаны жарияланғаннан кейін де Ақмола және Семей облыстарын қайтару кейінге қалдырыла берді. Осынау ұлы тартыста Сәкен Сейфуллиннің аталған екі облысты Қазақ автономиясына қайтаруда ерекше табандылықпен ұлт мүддесі үшін күрескен қайраткер екендігін тарихи құжаттар дәлелдеп отыр.
1920 жылы 19 қазанда Сібір бюросының мәжілісінде Сібірревком өкілі Е.Полюдов Ақмола және Семей губернияларын 1921 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақ АКСР-ына қосу туралы съезде қабылданған қаулыға қарсылық білдірді. Оның ойынша, «Съезд қазақ шовинизмі басым болған жағдайда өткен. Ақмола, Семей облыстарын қазақ өлкесіне беру мүмкін емес, бұл Орталық Ресей үшін Сібірдегі астық дайындау жұмысына кедергі келтіреді, азық-түлік дайындау тапсырысы негізінен осы екі облысқа жүктелген. Және Қазақ АКСР-ның орталық аппараты екі облысты қабылдап алуға, басқаруға дайын емес».
Сібірдегі коммунист басшылардың қарсылығына Қазақ Үкімет мүшелері қатты қиналды. Орталық билікке жүгіну ғана қалған еді. Мәселені талқылай келе, Қазақ Орталық Атқару Комитеті Мәскеуге Сәкен Сейфуллинді жіберуге ұйғарды. «Мандат № 715. 11.ХІІ.1920. Қазақ ОАК-і Президиумының мүшесі С.Сейфуллин жолдас Ақмола және Семей облыстарының іс-жағдайымен таныс болғандықтан, сол облыстың өкілі ретінде 10. ХІІ. күнгі № 21 қаулымен Мәскеуге арнайы жіберілсін және Қазақ АКСР-ның өкілдерімен аталған облыстарды Қазақ республикасына қосуды тия­нақтасын».
Мәскеудегі басшылармен шешетін аса қиын, жауапты тапсыр­ма Сәкенге неге жүктелді деген сұраққа жауап іздеу артық болмас. 1920 жылы 22 желтоқсанда С.Сейфуллин Кеңестердің VІІІ съезіне қатысып, БОАК төрағасы М.Калининмен кездесті. Ақмола және Семей облыстарының қазақ халқына тән екендігін тарихи-этникалық дәлелдерге сүйене отырып шешу үшін Төтенше комиссия құру керектігі жөнінде кеңес алды. Осылайша, 1921 жылы 16 ақпанда Қазақ ОАК-нің шешімімен Ақмола және Семей облыстарын Қазақстанға қосатын және олардың басқару аппаратын жасақтайтын Төтенше өкілдігі бар комиссия құрылды. Комиссияның төрағалығына С.Меңдешев, мүшелігіне С.Сейфуллин, Ә.Досов, Ғ.Әлібеков, П.Заромский кірді. Төтенше комиссия жайында Ереже бекітілді. Бұл жөнінде С.Сейфуллинге берілген № 654 мандатта: «Қазақ ОАК-і Президиумының мүшесі С.Сейфуллин Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алатын және оларды басқару аппаратын құратын Төтенше – Өкілетті комиссияның мүшесі. С.Сейфуллиннің құқы мен өкілеттілігі Қазақ ОАК-нің І-сессиясында қабылданған комиссия туралы Ережеге сәйкес белгіленді» делінген. С.Сейфуллиннің мұндай аса жауапты мемлекетаралық мәселе шешетін комиссияға мүше болуы кездейсоқ емес. Себебі Қазақ республикасы аумағының тұтастығын қалпына келтірудегі көкейкесті мәселені шешуде С.Сейфуллин бұған де-йін­ республикалық Әкімшілік комиссиясының құрамында істеген және Жер комиссиясын басқарып, тәжірибеден өткен. Ақмола және Семей облыстарының тарихи-этникалық және географиялық жағдайын жақсы білетін, мұның алдында осы мәселе жөнінде Орталықтағы басшылармен тілдес­кен, мойнына алған істі аяғына дейін жеткізе алатын табанды қайраткер болатын (1920 жылғы 11 желтоқсандағы № 715 мандатқа қараңыз).
Құрылтай сьезінің шешімдеріне қарамастан, жаңадан құрылған Қазақ республикасының шығыс шекараларына қатысты түйткіл мәселелер 1921 жылдың басында да шешіле қоймады. Осыған байланысты 17 наурызда Ә.Әйтиевтің қолымен Мәскеудегі жоғары билік органдарына Сібірревкомның іс-әрекетіне наразылық хат жолданды. Сол кезде қазақтың бір сүйем жері үшін жан сала күрес­кен қайраткерлердің еңбегін көзге елестету үшін мына құпия құжатқа көз салайық. КазЦИК төрағасы әрі Қазақстан шекарасын реттеу туралы төтенше комиссияның басшысы Сейітқали Меңдешевтің 1921 жылы 19 нау­рызда Петропавлдан Мәскеуге жолдаған шұғыл жеделхатында былай делінген: «СҚОММ, 43-қор, 1-т Құпия. Мәскеу. Қазақстан өкілдігіне. БОАК мүшесі Мырзағалиевке. Шекара жөніндегі пікірім мынадай: Семей губерниясы, Ертіс және Павлодар аудандарын қалдыру туралы табанды болыңыз. Ал, Омбы қаласын Қазақстанға қосу жөнінде мәселе асқынатын болса, күштемей-ақ қойыңыз. Біздің өкіліміздің Ертіске шығуы (яғни, Ертіске қол жеткізу ) туралы ұсынысымызды өткізу қажет. Ең болмаса, Омбы уезінің қазағы басым бөлігін алып, Ертіске қол жеткізумен шектелуге болар. Есіңізде болсын, бұл мәселені федералдық биліктің алдына қойғанда, бұл қазақтар Омбы уезінде қалса, сөзсіз қырғынға ұшырайды, біз оларды аман сақтап қалуға күш салып отырғанымызды жеткізіңіз»
Сол күні Төтенше комиссия мүшелері Петропавлдан Омбыға келіп, Сібірревкоммен екі жақтың 10 адамынан біріккен комиссия құрылып, 26 күн жұмыс істеді. «Жұмыс істеді» деген екі сөздің астарында қанша айтыс-тартыс, ұлт мүддесі, жер дауы, саяси күрес жатқандығы сақталған құжаттарға қарап отырып, мынадай бірнеше оқиғамен сипаттауға болар: 1921 жылдың 12 мамырына дейінгі аралықта комиссия 6 рет, бюро мәжілісі 15 рет жиналды. Бастап­қыда ұйымдық мәселелерде келісімге келгенімен, мемлекетаралық шекараға байланыс­ты мәселеде Сібірревкомының өкілдері шовинистік, ұлтшылдық пиғылдарын айқын көрсетті.
Өте тартысты жағдайда өткен 1921 жылғы 7 сәуірдегі біріккен комиссия мәжілісінде екі жақтың мүдделері қайшы келді. Мәжіліске Сібірревком жағынан Чуцкаев, Михеев, Дубровский, Темкин, Шиша, қазақтардан: Меңдешев, Сейфуллин, Заромский, Досов, Әлібеков, Сергеев, Әйтиев, Попов қатысты. Сібірревком жобасын қорғаған Чуцкаев: «Сібір мен Қазақ республикасының шекарасы дегеніміз тек шартты түрдегі түсінік, екеуінің арасына қалқан қою қажет емес. Сібір жерінде қалатын қазақтардың мүддесі орыс тұрғындармен бірдей қорғалады. Павлодар уезінің солтүстік бөлігі Сібірге қарауы керек, өйткені бұл ауданның тұзды көлдері Сібір үшін өте маңызды» дегенді көлденең тартты. Бұл пікірді қазақ өкілдері кері серпіп тастады. Олар: «Қазақ республикасын құрған уақытта оның негізіне этностық принциптер алынғанын, ал экономикалық принциптің тек қосалқы ғана мәні бар» деп Сібірревком мүшелеріне мынадай талаптар қойды:
– Семей губерниясынан Павлодар уезінің бөлінуі шаруашылық дамуына нұқсан келтіретіндіктен, бұл талап орындалмайды;
– Қазақ өкілдігінің шекара жөніндегі нұсқасы қабылдануы қажет. Омбы уезінің қазақтар мекендейтін бөлігі толығымен Қазақ республикасына қосылады. Теміржол қатынасы Есілкөл станциясы арқылы жүргізілетін болады;
– Есіл уезінің 13 болысы Қазақ республикасына қосылуы керек;
– Бұқтырма уезі Семей губер­ния­сының аумағында, сондықтан Қазақ республикасына сөзсіз берілуі керек.
Қазақ қайраткерлері Сібірревком дайындап, ұсынған жоба Қазақ мемлекетінің ұлттық тұтас­тығын бөлшектеуге әкелетінін түсінді. Сондықтан екі жақтың біріккен комиссиясы «Шекара мәселесі жөнінде келісімге келе алмағандықтан, ақтық шешім шығару БОАК-нің қарауына берілсін» деген қаулымен тарауға тиіс еді. Дегенмен қазақ өкілдерінің өзіндік көзқарастарын берік ұстауы мен табандылығы арқасында мәжіліс соңына қарай біріккен Сібір қазақ комиссиясы бір шешімге тоқтады. С.Сейфуллин, Ә.Досов, С.Меңдешев және П.Заромский қол қойған қаулыда: «Семей губерниясы 20 сәуірден бастап Қазақ өлкесіне беріледі» делінген.
9 сәуірде Е.Полюдовтың жетекшілігімен өткен кезекті бюро мәжілісінде орталығы Петропавл қаласы болатын Ақмола губерниясының 7 адамнан құралған жетекші тобын құру мәселесі қаралды. Төрағасы Ә.Әйтиев болып, Коротков, Барлебен, Асылбеков, Шәріповтерден құралған революциялық комитет билікті қолға алды. Төтенше комиссияның ұйғарымымен «Сейфуллин жолдасқа жаңадан құрылған Ақмола губерниялық ревкомының жұмысына жәрдемдесу тапсырылды» деген құжат сақталған. С.Сейфуллиннің ұлт мүддесін қорғау жолындағы қайраткерлігі комиссия және бюро мәжілістерінде талас тудыр­ған мәселелерді шешудегі белсенділігінен айқын көрінеді. 22 сәуір күні өткен мәжілісте Ақмола губерниясының халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету жайы қаралған. Екі жақты комиссия белгілеген шаралардың орындалуына көз жеткізу үшін С.Сейфуллиннің ұсынысымен аталған мәселе 30 сәуір күнгі мәжілісте қайта қаралып, Ақмола губерниясы уездерін астықпен қамтамасыз ету, мемлекетке астық және мал өнімдерін дайындауды тоқтату мәселелері оң шешімін тапқан.
1921 жылы 10 мамырдағы мәжілісте «Ақмола және Семей облыстары әкімшілік жағдайында 10 мамырдан бастап, Қазақ республикасына қарайды» деген қаулыға С.Сейфуллин де қол қойды. Осы күні аса маңызды бірнеше мәселелер өз шешімін тапты. Атап айтсақ, мұның алдында 18 сәуір күні қаралғанымен, аяқсыз қалған Омбы қаласындағы жоғарғы оқу орындарында Ақмола және Семей губерниялары жастарына орын беру туралы Сібір халық ағарту бөліміне ұсыныс жасау мәселесі де Сейфуллиннің талап етуімен тиянақ тапты.
Комиссияның Мәскеуге жүгінген талаптары қазақ пайдасына шешілгені туралы хабар жетті. Екі жақ келісімге келіп, 11 мамыр­да Сібірревком және Қазревком өкілдері мәжілісінің шешімімен Ақмола және Семей губерниялары Қазақ АКСР-ына қайтарылды. 1921 жылы 12 мамырда С.Меңдешев пен РК(б)П ОК Сібір бюросының хатшысы В.Яковлев барлық партия органдарының Сібір қарамағынан Қазақ АКСР-ына берілгендігі, Семей және Ақмола губерниялық комитеттеріне Сібір бюросымен қатынас жасауды тоқтату, Орынборға сөзсіз бағыну жөніндегі актіге қол қойды.
Комиссияның ұйғаруымен таяуда қосылатын екі облыста кеңестер сайлауына дайындық жұмыстарын жүргізу қаралды. С.Сейфуллинге еңбекші қазақ халқына кеңестер сайлауына байланысты үндеу дайындап, оны газет бетіне жариялау және жемқорлық пен парақорлықтың жолын кесу кеңес органдарының бақылауында екенін атап көрсету тапсырылды. Қазақстан мен Ресей арасындағы жер дауы осылай шешілген. «Кирреспубликаның шекарасы туралы» Бүкілодақтық Атқару комитетінің 1922 жылы 26 қаңтардағы қаулысымен біржола хатталып, солтүстік-шығыстағы аумақтар Қазақстан қарамағына беріліп, қазақтың байырғы жерлері мүмкіндігінше біртұтас қалпында сақталып қалды.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eight =