©2020 Астана Ақшамы
«ҚАЗАҚ – ЖАНАРЫ ЖҰЛДЫЗҒА ҚАРАҒАН ҰЛТ…»
Ұлттық рухты сақтап қалу – ұлттың табиғи болмысын орнықтыру және байыту.
Еліміздің тарихы ХХ ғасырдың соңында оң өзгерістерге толы тарихи уақиғалармен өрнектелді. Жас мемлекет тәуелсіздігін әлем жұртшылығына жариялағанмен, оның қалыптасуы мен дамуы, бас-аяғы жиырма бір жылдың ішінде тарам-тарам жолдардан, белді-белді бөгеттерден, алынбайды-ау деген асулардан өткен жолы – ел тарихының жаңа беті емей, немене?
Қазақстанның халықаралық жүйедегі орнын анықтау, ұлттық мүддені қорғау, сыртқы саяси стратегияны айқындау, әлем мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату, жетекші халықаралық ұйымдарды келіссөздерге тарту сияқты кезек күттірмейтін ел жүгін арқалаудың қиындығын білсек те, ешқашан Елбасының өзі сияқты сезіне алмасымыз шындық. Себебі, «тас – түскен жеріне ауыр», ауыртпалықтың салмағы оны көтерген адамға ғана толыққанды мәлім болмақ. Осылайша тарихтың көшімен, уақытпен үндес, алдын болжай ойластырылған жүйе өмірге келді. Алғашқы тарихи уақиғалардың бірі – 1991 жылдың 21 желтоқсанында жаңа тәуелсіз мемлекеттер басшылары қабылдаған Декларация (Балтық бойы елдерінсіз) жаңа аймақтық ұйымның (ТМД) құрылғанын әлемге паш етті. Сол кезең үшін де, елдің геосаяси орналасуындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша да қабылданған дұрыс шешім екендігі сөзсіз.
Астана рухы асқақтайды
Ғасырлар қойнауындағы бодандық далалық өркениеттің тәуелсіз рухын жоя алған жоқ. Бұл ғажап құбылыс! Қазақстанның халықаралық аренада жаңа тәуелсіз мемлекет болғанымен, рухы күресуден талмайтын, ежелгі кезеңнен қалыптасқан ұлттың басынан ғасырлар бойы қиыншылық тауқыметі салдарынан бақ тайса да әлсіремегенін, керісінше, Қазақ халқы өзін таныту үшін күресе білгендігін жылдың аяқ жағында «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты бірінші Назарбаев оқуларына қатысқан Франция сенатының экс-спикері Кристиан Понселе тұжырымдай келе: «…Қазақстандықтар – болашаққа ұмтылған қайсар халық. Сіздердің халықтарыңыздың жолы болды – сіздерде басқара білетін, идеяларды ойлап табатын және оларды іске асыра білетін көшбасшы бар. Ол – өте дана адам. …Сіздің ұлттың жанары жұлдызға қаратылған. Бұл аспанға қарап болжам жасай білген арғы аталарыңызға деген құрмет деп танимын…» деген жүрек жарды сөзін жайып салған еді. Иә, шетелдік сарапшы ақиқатын айтып отыр: тағдыр тәлкегі елді жерінен, малы мен жайылымынан айырды, аштыққа, қуғын-сүргінге ұшыратты, тілінен, дінінен, тарихынан айырып, ұрпақтар арасындағы мәдени-рухани сабақтастық үзердей қауіп төндіргені де рас.
Қазақ – намыс туын жоғары көтеріп, азаттық жолында күресе білді, азат ойлылар тобы халық рухын нұрландырды. Алаш рухы – «іргесі бөлек, ынтымағы бір, өз тізгінін өзі алып жүретін, күш-қуатын игілік жолына жұмсайтын жұрт» болатынын бағдарлай табандылықпен сенімге шақырған бағдаршам болды. «Серкенің» жастарға сарқылмас сенімі – адамзат баласының аңсаған намыс жолы – азаттық жолы. Замана көшінде «Оян, қазақ!» ойландырып, «Маса» ызың қағып, «Менің Қазақстаным!» өршіл рухты шыңдай шынықтырды.
Жанымызға жалау болған – желтоқсан
Ұлтымызды тәуелсiздiкке жетелеген күрес жолындағы Отан тарихының беттерiн парақтай отырып, халықтың рухының үздiксiз талпыну, даму, өсу деңгейiн ерiксiз мойындайсыз. Ал, Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсшiлерiне дем берген бабалар салты – Ұлы рух едi. Ұзақ тарихи өткелдерден өткен халық рухының жемiсi – ұлттық мемлекетiмiздiң орнығуы, әлем кеңiстiгiне өзiн ұлт ретiнде көрсете алуында. Иә, бұқара халық пен топбастар тұлғалардың намысшылдығы мен ұлтжандылығының нәтижесiнде жаңа кезеңге қадам бастық.
Сондықтан, өткен тарихи үрдiстер ақиқатынан сабақ алуымыз қажет шығар.
Қазақ шырмауы мол «империя» мен «одақтың» тұзағына түскен ұлттардың бірі ретінде орыстың уысынан шығу үшін бұлқынып, терін төкті, қанын шашты, құрбандыққа талай шалынса да күресін тоқтатқан жоқ. Азаттыққа сенімін жоғалтқан жоқ. Сол табандылық пен сенім Желтоқсан ызғарында алаңға шыққан қазақ ұлтының азаткер санасының сәулесін барша байтаққа түсірді. Ол ерікті де еркін, ашық та жарқын ұлт рухының сәулесі еді. Желтоқсан көтерілісі халық жадында мәңгі қалмақ. Неге? Себебі, ол – қазақ ұлтының ғасырлар бойғы азаттық күресінің аңсарлы нәтижесі…
Алайда, А.Байтұрсынұлының: «Әдіс қылған жағы ауыстырып алып жатыр, бос ұстаған жағы айырылып қалып жатыр. Жерді қолыңда қатты ұстау, бос ұстау қазақтың өздерінен. …Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар» ой түйіні мен Алаш көсемі Ә. Бөкейхановтың: «…Біреудің жетегінде кететін жетім халыққа» айналмау ескертпесі халық жадынан өз орнын ешуақытта жоғалтқан жоқ, керісінше, бабаларға арман болған мемлекеттілігіміздің тәуелсіздік тұғырын нығайту, баянды болуы қоғамдағы кез келген жағымсыз тенденцияларға қолайлы жағдай тудырмау жолдары үнемі сараланып отырды. Ұлт пен халықты топтастыратын күш – халықтың тарихи санасы, яғни, ұлттық идеяға деген сүйіспеншілік сананы оятуға себепші болады. Туған жерді қорғаудан туындаған «Атамекен» идеясы кейінгі тарихи кезеңдерде бірте-бірте «Алаш» және «Тәуелсіздік» идеяларына қарай эволюциялық тұрғыда өзгергендігі, өрбігендігі, ұлттық идея ел тәуелсіздігінің берік тұғыры екендігі туралы философ ғалымдар тұжырымдарының орынды екені сөзсіз.
Кемел елдің көкжиегі кең
Өткен тарихтан алған тағылым арқылы болашақтың әділет жолы анықталуы тиіс. Қазақ елінің көзқарасы және басымды бағыттарымен халықаралық қауымдастықтардың санасуы бүгінгі жүргізіліп отырған көпбағытты саясаттың нәтижелері. Еліміз өзінің кемел кезеңіне аяқ баса отырып, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру – Жаңа әлеуметтік стратегияны жүзеге асырған жағдайда абыройлы белестерге көтерілеріміз анық.
Жаңа әлемдегі жаңа Қазақ елінің басты бағыты – жасампаздықпен аға ұрпақ армандаған қуатты мемлекеттілікті гүдендіретіндей, жанарымызды жарқын нұрымен жарқырата, жадырата беретін асыл мұраттарға жету.
Құндызай ЕРІМБЕТОВА,
ҚР Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты