Қазақ вакцинасы туралы әлем не дейді?

0 135

Зерттеу нәтижелері қауіпсіздігін растаған отандық QazVac вакцинасы – былтырдан бері әлемдік БАҚ назарында. Шетелдік ақпарат құралдарында шыққан материалдарға жүргізілген мониторинг Қазақстанда отандық вакцинациялаудың басталуына әлем елдерінің қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.Елімізде отандық екпемен егу басталатынын Ұлыбританияның Reuters және The Guardian, АҚШ-тың Fortune, Францияның Agence France Press және Le Figaro, Испанияның EFE, Италияның ANSA, Бельгияның EurActiv, Польшаның PAP және Gazeta Wyborcza, Венгрияның ХВГ, Ресейдің ТАСС, Түркияның Anadolu, Египеттің Mena, БАӘ-нің Emirates News Agency, Сауд Арабиясының UNA-OIC, Оңтүстік Кореяның Korea Times, Индонезияның Republika, Украинаның TSN, Беларусьтың «Белта», Әзербайжанның «Тренд», Қырғызстанның «Кабар» сынды танымал ақпарат агенттіктері мен басылымдары, сонымен қатар ТМД, Азия, Еуропа, Таяу Шығыс елдерінің өңірлік және аймақтық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Жалпы алғанда, олардың жазбаларында қазақстандық вакцина туралы оң пікірлер басым, шетелдік басылымдар Қазақстанның індетпен күреске қосып жатқан үлесін жоғары бағалаған. Әсіресе, отандық екпе өндірісін жолға қойған озық елдер қатарына енгенін ерекше атап өтіп отыр.
The Guardian ақпарат агенттігі үш күн бұрын жариялаған «Қазақстан отандық QazVac вакцинасын енгізуді бастайды» атты мақалада: «Қазақстан коронавирусқа қарсы отандық екпесін шығарды, ортаазиялық бұл елдің Денсаулық сақтау министрі тікелей эфирде екпе салдырды. Екі инъекциялы QazCovid-in екпесі – қазір зерттеу­дің үшінші кезеңінде» дей келе, «Хабар» телеарнасының ақпаратына сүйенген France Press агенттігінің 50000 доза екпе елде таратылғаны туралы дерегін келтіреді. Одан әрі министр Алексей Цойдың екпеден кейінгі жағдайын айта келе, Қазақстан Үкіметінің түркиялық әріптестермен вакцинаның келесі партияларын шығару туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын тілге тиек етеді. «Қазақстан – биыл ресейлік «Спутник V» вакцинасын өзінде шығарып, егуді бастаған бірінші ел, «Хабарға» берген сұхбатында министр А.Цой ақпанда жаппай вакцинациялау басталғалы елде «әрбір жиырмасыншы» адам екпе алғанын айтты. Дүйсенбі күнгі дерек бойынша елде пандемия басталғалы 309116 адам вирус жұқтырып, 3570 адам көз жұмған» деп аяқталған мақала.
Испанияның vivajerez ақпарат агенттігі де осы мәтінге ұқсас деректер тарата отырып, Қазақстанда отандық екпе өндірісін айына 500000-600000 дозаға дейін арттыру көзделіп отырғанына тоқталады. «Биліктің мәлімдеуінше, қазақстандық екпені клиникаға дейінгі зерттеу былтыр мамыр айында басталды. Одан кейінгі зерттеулер, жергілікті БАҚ-тың жазуына қарағанда, екпенің 96 пайыздық тиімділігін көрсеткен. Ақпан айында елде ресейлік «Спутник V» екпесімен вакцинациялау басталып, бүгінге дейін елдің 900000-ға жуық азаматы екпе салдырды. Жылдың соңына де­йін Қазақстанның алты миллион халқын вакцинациялау жоспарланып отыр» делінген ақпарат агенттігінің мақаласында.

Қазақстанда отандық екпемен вакцинация басталғанын жаппай жазған шетелдік басылымдардың ішінде Францияның «Le Figaro» газеті де бар. 26 сәуірде жарияланған мақалада: «Қазақстан – табиғи ресурстары мен көмір сутегі қорына бай, Орталық Азиядағы экономикасы ірі және бұрынғы кеңес өкіметі республикаларының бірі» деп атап өтілген.
Ал елімізде БАҚ саласы былтыр мамыр айынан бастап қазақстандық ғалымдардың COVID-19 вирусына қарсы инактивтендірілген вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізуді бастағанын жаза бастады. QazVac (QazCovid-in) вакцинасы қалай әзірленгені туралы толық ақпарат биыл жыл басында шықты. Сол деректерге тағы көз жүгіртер болсақ, 2020 жылғы наурызда Қазақстанда коронавируспен ауырған алғашқы адам анықталды. 23 наурызда науқастардан патологиялық материалдар алынды. Материалдан COVID-19 вирусы бөлініп, оның биологиялық қасиеттері зерттелді. Осы уақыттан бастап қазақстандық ғалымдар бірден вакцина әзірлей бастады. 9 мамырда ғалымдар отандық вакцинаны әзірлеп шығарды. 15 мамырда денсаулық сақтау ұйымы оны кандидаттық вакцина ретінде тіркеді және ғалымдар зертханалық жануарларға егу арқылы клиникаға дейінгі зерттеуді бастады. Маусым айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы зерттеудің оң нәтижелерін мойындады. Шілдеде ғалымдар өздері жасап шығарған QazVac (QazCovid-in) вакцинасын алғашқы болып өздеріне салғызды. 17 қыркүйекте 44 еріктінің қатысуымен I кезеңнің клиникалық зерттеулері басталды. Нәтижесінде вакцина жоғары қауіпсіздігін көрсетті, еріктілердің жағдайы қалыпты. 17 қазанда клиникалық зерттеу­лердің II кезеңі басталып, оған 200 ерікті қатысты. Нәтижесінде вакцина жоғары иммуногенділік пен тиімділігін көрсетті. 19 желтоқсанда Денсаулық сақтау министр­лігі клиникалық зерттеулердің соңғы III кезеңін жүргізуге рұқсат берді, оның аясында 3 мың еріктіге QazVac вакцинасы салынды. Қазіргі уақытта еріктілердің жағдайы қалыпты. Еріктілердің қанында қажетті қорғаныс антиденелері пайда болды. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «Қазақстандық медициналық кеңес» медициналық білім және ғылым ұйымдары қауымдастығының президенті Талғат Нұрғожин QazVac қазақстандық вакцинасын клиникалық сынақтардан тыс өздеріне салғызды.
Уақытша тіркеу куәлігі 2020 жылдың 31 желтоқсанында берілген қазақстандық екпені сынаудың үшінші кезеңі жартылай аяқталды, оны толықтай биыл 25 маусымда аяқтау жоспарланып отыр. Сонда барып оның тиімділігіне толық баға беріледі. Вакциналардың клиникалық, соның ішінде III фазада зерттеулері бүкіл әлемде жалғасып жатыр. Мәселен, Ресей «Спутник V» зерттеулерін 2021 жылы мамыр айының басында аяқтауды жоспарласа, әлемдегі көптеген фармацевтикалық компаниялар өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 3 =