«Қазақ» – ұлттық идеяның қайнаркөзі

0 836

Үш жүз жылдай Ресей сияқты алып империяның отары болған қазақ елі әрдайым азаттықты аңсаған, еркіндік, бостандық үшін  соғысып, қан төгіп қана қоймай басқа да амал-әрекетті бастан өткізген. Тәуелсіздік  жолындағы күрес тек қарулы күреспен шектелмейтіндігі белгілі. Мұны жақсы сезген қазақ зиялылары осы асыл мақсат үшін туған халқының көзін ашып, көмескі тартқан рухын оятып, біліммен қаруландырып, бірте-бірте тәуелсіз ел болудың әртүрлі жолын үнемі іздеді. Ал халық рухын оятудың бірден-бір құралы  ел арасында ресми түрде кең таралатын, бірақ ұлттық идеяны насихаттау басты мұрат болып табылатын газет ұйымдастыру екендігін олар жақсы түсінді. Осыған орай, мәселен, Ахмет Байтұрсынов «баспасөз –  халықтың көзі, тілі және құлағы» деп бағаласа, Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп дәл анықтама берген.

Сол кезде ақ патшаның қазақ жеріндегі генерал-губернаторлық әкімшілігі негізінен өкімет жарлығын, басқа ресми хабар-ошарларды тарату мақсатымен Ташкент, Омбы қалаларында өздерінің басылымдарын, ішінде қазақша қосымшаларын шығара бастаған еді. Қазақ зиялылары осы газеттерді және кейіннен өздері шығарған басылым беттерінде ұлттық құндылықтарды барынша насихаттап, айтып қалуға тырыс­ты. Сол басылымдарға бір сәт назар аударып көрейік.

«Түркістан уәлаятының газеті» – қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш газет. 1870-1882 жылдар аралығында Ташкент қаласында шыққан. Газет Түркістан генерал-губернаторының ресми органы болуына қарамастан қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымының молаюына елеулі әсер етті. Қазақтың атақты ғалымы Ш. Уәлиханов туралы ана тіліміздегі тұңғыш мақала осы газетте жарияланды. Сонымен бірге қазақ хандары, қазақтың тегі, үш жүздің арғы түп атасы саналатын Алаш туралы деректер берілді.

«Дала уәлаятының газеті» – 1888 жылдан 1902 жылға дейін Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде шығып тұрған «Акмолинские областные ведомос­ти» газетіне қосымша ретіндегі ресми басылым. Дала генерал-губернаторының органы болса да мұнда Абай, Шәкәрім, Ә.Бө­к­ей­ханов, Б.Сырттанов, Ж.Ақ­баев, С.Шорманов, т. б. белгілі қазақ интел­­лигенциясының хат-хабарлары жарық көрген. Ы.Алтынсарин, Ш.Уәли­­ханов туралы деректер басыл­ған.

Петербургте шығып тұратын «Үлфәт» газетінің қосымшасы ретін­де Шәймерден Қосшығұловтың басқаруымен және Абдурашит Ибрагимовтың редакторлығымен 1907 жылы «Серке» газетінің үш-төрт нөмірі басылып шыққан.

«Қазақ» газеті 1907 жылдың март айында Троицк қаласында жарық көрген. Бір саны шығып, тоқтап қалған.

«Қазақстан» газетінің (1911-1913) алғашқы сандары Ордада, кейін Оралда (бұрынғы Теке қаласында) қазақ және орыс тілдерінде басылды. Газеттің негізгі мақсаты – халықты өнер-білімге жетелеуге, кәсіп етуге шақырып, ғылымды меңгеруге, шаруашылықты өркендетуге белсене кірісуге үндейді.

Сол жылдары Троицк қаласында айына бір рет (кейін екі рет) қоғам­дық-саяси және әдеби «Айқап» жур­­налы (1911-1915 ж.) шыға бас­тады. Алғашқы редакторы – Мұха­метжан Сералин. «Айқап» қазақ­тың қоғамдық ой-пікірінің оянуы мен ұлттық мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Журналда қазақ ауылындағы оқу-ағарту мәселесі, әйел теңдігі, отырықшылық тұр­мыс­қа көшу, т. б. тақырыптар мен мемлекеттік Думаға қатысу сияқты саяси мәселелер де көтерілді.

Міне, 1913 жылы қоғамдық, саяси және әдеби «Қазақ» газеті бұған дейін осындай ірілі-ұсақты басылымдар жарық көріп, төл баспасөзіміз енді-енді қоғамдық-саяси аренаға шыға бастаған кезде өмірге келді. Ол Орынбор қаласында аптасына бір рет (1915 жылы – екі рет) шығып, оның 265 (кейбір мәлімет бойынша 264) нөмірі жарық көрді. «Қазақ» газетінің таралымы үш мыңнан сегіз мың данаға дейін жеткен. Қазіргі өлшеммен қарасаң, онша емес сияқ­ты көрінгенімен, сол замандағы қалып­тасқан ахуал тұрғысынан бағаласақ, отарлық езгідегі елде, отрашылдардың көз алдында, жария түрде тәуелсіздік идеясын насихаттайтын газетті бес жыл бойына шығарып тұру деген үлкен ерлік болатын.

Мұның бас жазушысы, яғни бас редакторы – Ахмет Байтұрсынов, «екінші жазушысы» – Міржақып Дулатов. Басылымның халық арасында үлкен беделі болды. Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, жер, басқа елдермен қарым-қатынас, оқу-ағарту, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-сана, тарих пен шежіреге арналған мақалалар жарияланды.

Газет өзекті мәселелерге назар аударды, ұлттық құндылықтарымызды әспеттеді, міне, осының бәрі ел ішінде тәуелсіздік идеясының кеңінен тарауына кең жол ашты дегіміз келеді. Өйткені сол кезде осының алдында жарық көрген басылымдарды шығарысуға белсене кіріскен бедел­ді қаламгерлер шоғыры пайда болған еді. Мәселен, «Айқап» журналының белсенді авторлары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Мұхаметжан Сералин, Сәбит Дөнентаев, Шәкәрім, Ғұмар Қарашев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Жансұлтан Сейдалин, Жиһанша Сейдалин, Бейімбет Майлин, т. б. өздерінің ой-пікірлерін, елді тол­ғандырған мәселелерді енді «Қазақ» газетіне жаза бастады.

Мәселен, Ахмет Байтұрсынов осы газет бетінде жер туралы, қазақ елінің шет елдермен қарым-қатынасы, кейін советтік билік империалистік соғыс деп атаған қанды қырғынға қатысқан мемлекеттердің қазақ еліне тигізген әсері туралы мақалалары жарық көрді. Газеттің бірнеше нөмірінде жарық көрген «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Абай Құнанбаевтың шығармашылығы, өмірбаяны туралы кеңінен ой толғайды.

«Қазақ» газетінде Әлихан Бөкей­хановтың екі жүзге жуық мақалалары мен аудармалары басылған. Қазақ елінің жері, отырықшы болуы, патша өкіметінің қазақ жерінде жүргізіп отырған саясаты, сот, әкімшілік туралы бай мағлұматтар берілген. Ғылыми мақалаларында Шоқанның, Абайдың, Шәкәрімнің еңбектеріне сілтеме жасай отырып құнды пікірлер, түйіндер жасайды. Н. Маркестің, Л. Толстойдың, А. Чеховтың аудармаларын басқан.

Міржақып Дулатов «Қазақ» газе­тін шығару жолында Ахмет Байтұрсыновқа қосылып барлық қиындықты бөлісумен бірге газет бетінде қазақ елінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті, саяси жағдайы туралы мақалаларымен қатар әңгіме, өлең, шыққан кітаптарға пікір жазған. Қазақ тарихындағы «ақтабан шұбырынды», 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев туралы материалдары жарық көрді.

Қазақ зиялыларының осындай жанкешті еңбегінің нәтижесінде 1905 жылдан бері Алаш қозғалысы құлашын кеңге сермеп, бірте-бірте Алаш партиясына ұласты, ал оның бағдарламасы «Қазақ» газетінде жарияланды.

Алаш партиясы идеяларын елге танытуда қазақ баспасөзінің рөлі өте жоғары болды. Алаш арманы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан! Ендеше біз әрбір азамат осыдан жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіспіз. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идея. Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді.

«Қазақ» газетінде бес жыл бойы жарияланған ұлттық мұраттар жинақ­талып, қорытындылай келе Алаш партиясының алдағы міндеттерін айқындап берді. Сөйтіп, оның, яғни Алаш партиясының басты бағыты бес арнаға келіп тоғысты. Олар мыналар: 1) Жерге ең алдымен қазақ ие болуы керек. 2) Жердің асты-үстінің байлығын қазақ пайдалануы керек. 3) Өз өнімін өзі өндіретін дербес экономикасы қажет. 4) Қазақ тілінің мемлекеттілігі, діні мен ділінің үстемдігі болу керек. 5) Білімінің дамуы қажет. Міне, осы бес бағыт бір ғасырдан кейін, бүгін де біз үшін өзекті болып отырғанын кім жоққа шығара алады?

Міне, Алаш партиясы белгілеп кеткен осы мақсат-мүдделер бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық даму жоспарымен үндесіп тұр. Мәселен, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың мемлекеттік тіл туралы мына пікірі біздің құла­ғы­мызға оны тап бүгін айтып тұрғандай естіледі. Ол былай деген еді. «… Келімсек элемент тұрғылықты халықты жұтып қояры сөзсіз. Сондықтан да біздің алдымызда ең алдымен қазақ халқының тәуелсіз өмір сүру-сүрмеуі, болу-болмауы басты мәселе болып тұр. Мынаны ешқашан естен шығаруға болмайды: тәуелсіз дербес өмірге өзінің ана тілінде сөйлейтін және төл әдебиеті бар халық қана таласа алады. Бұл жағынан алып қарасақ, біздің жағдайымыз мәз емес. Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналып бара жатыр». Міне, Ақаңның осы ескертуін біз әрдайым есте сақтауымыз керек-ақ.

«Қазақ» газетін сөз еткенде бізді осындай ой-өрімдер мазалай береді.

Амантай КӘКЕН,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − 3 =