ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАДIРI

0 143

ZAH_9734

Тілдер күніне арналып «Астана» ұлттық сурет галереясында өткен «Отанымның тілі – өз тілім» республикалық байқауында еліміздегі этномәдени бірлестіктердің жас мүшелері мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергені анықталды. Шілде айында жарияланған байқаудың ақтық кезеңіне іріктеле келе 7 адам жолдама алған. Мемлекетіміздің оңтүстігі мен солтүстігі, батысы мен орталығынан елордаға келген олар қазақ тілінде қай деңгейде сөйлей алатынын көрсетті.

Байқаудың алғашқы кезеңінде әр қатысушы біреулері өлеңмен, біреулері қара сөзбен өздерін таныстырды. Алғашқы болып шыққан павлодарлық Артур Бартельдің ана тілімізге қызуғышылығы сегізінші сыныпта оқып жүргенінде оянған екен. «Абай оқуларына» да қатысыпты. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте» деп Қадыр ақын айтпақшы, неміс тілін де үйренген ол қазірде Керекудегі «Возрождение» неміс қоғамында Гете тілін өзгелерге үйретіп жүр.

Қызылордадан келген ұлты шешен Дагмара Гутаусова Сыр елі – жыр елі екенін дәлелдеді. Кентаулық Надима Насированың сөзінен оның физика пәнінің мұғалімі, екі қыз, үш ұлдың анасы екенін білдік. Арыстан жеткен Анна Шолгина сатирик Садықбек Адамбеков, жазушы Дулат Исабеков, әнші Нұржамал Үсенбаева, композитор Ержан Серікбаев сынды қазақ руханиятында берік орын алған тұлғалармен жерлес болғанына мақтанатынын жеткізді.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Екатерина Жукова қазақ мектебінде оқығанын, анасы – музыка мұғалімі оның ән-күйге деген махаббатын оятқанын, содан пианиномен қатар домбырада да ойнауды үйренгенін тәптіштеп айтып берді.

Қарағанды гуманитарлық колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша Диана Платонович көмірлі өлке жайлы әңгімемен бастап өзін таныстырса, маң­ғыстаулық Грета Хачатурян: «362 әулие жат­қан жерден сәлем!» деп жиналғандарға ду қол соқтырды. Каспиий жағасында өскен қыз жер­гілікті телеарнада жаңалықтарды жүргізеді екен.

«Тілдарын» аталған кезеңде қатысу­шы­ларға газет мәтінін аудару тапсырмасы берілсе, соңғы тапсырма – шығармашылық номер көрсету болды. Осы жерде «Арпа ішінде бір бидай» – Артур Абайдың бірінші қара сөзін жатқа оқып, кезінде «Абай оқуларына» бекер қатыспағанын көрсетті. Оның үшінші орын алуына осы сеп болған сияқты. Грета ұлы данышпанымыздың «Желсіз түнде жарық ай» әніне салып, екін­ші орынды жеңіп алды. Бір емес, екі нөмір көрсеткен Диана алдымен қобызбен күй тартты, одан кейін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңін оқыды. Қазылар алқасын осынысымен баурап алған болуы керек, оған бірінші орын берілді. Жүл­дегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылды, өзге де сайыскерлер сыйлықсыз қалған жоқ.

Байқауды Қазақстан халқы ассамблеясы мен Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі комитеті ұйымдастырған. «Мемлекеттік тілді меңгерген жас азаматтың осы бір артық­шылығы оның қызметте өсуіне үлкен мүмкіндік тудырады. Жалпы, тіл білген сайын адамның ішкі әлемі байи түседі деп есептеймін» дейді қазылар алқасының төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова.

СҮБЕЛІ СӨЗ

ZAH_9730Нұрлан ОҚАҰЛЫ, Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары:

– Елімізде «Тіл туралы» Заңның 25 жылдық мерейтойын атап өтіп жатырмыз. Осы Заң алғаш рет 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған болатын. Дәл сол кезден бастап өз елінде, өз жерінде ұзақ жылдар бойы өгейлік көрген қазақ тілінің бойына жан кірді, тамырына қан жү­гірді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев
«
Қазақстан – 2050» Стратегия­сында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегені баршаға әйгілі. Шындап келгенде, тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ата Заңымызда тайға таңба басқандай етіп осылай анық жазылған. Сондықтан, тілімізді конституциялық мәртебесіне сай кө­теріп, тұғырын нықтау – Қазақ елін өзінің Отаны деп санайтын әрбір аза­маттың қасиетті борышы. Мысалы, Ресей Федерациясында орыс тілінсіз өмір сүру мүмкін емес. Ұлыбританияда ағылшын тілін, Жапония жапон тілін білмеген адам сол елдің қоғамында өзін еркін сезіне алмайды. Біз де біртіндеп осыған келе жатырмыз. Оған барлық жағдай жасалған. Соңғы үш жылдың өзінде мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен 10 миллиард теңгенің бөлінуі – осының айқын дәлелі. Қажетті оқу-әдістемелік құралдар да, оқытатын білікті мамандар да жеткілікті. Бізге қазір керегі – мемлекеттік тілге деген қамқорлық, мемлекеттік тілге деген жанашырлық және ең бастысы – мем­лекеттік тілді үйренем деген ниет.            

 Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 18 =