«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ тілінің мәртебесін қалай асырамыз?

0 261

IMG_2128

Кеше, 21 ақпан – халықаралық ана тілі күні. Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен белгіленген атаулы мерекеге орай, жер бетіндегі көптеген ұлт өз тілдерін ұлықтады, дәріптеді, аспандатты. Астаналық зиялы қауым да Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстел басына жиналған. «Мәңгілік тіл» тақырыбын ту еткен жиында өрелі қауым тіліміздің мәртебесін асырар жол іздеді.

Дөңгелек үстел жиынын басқарма басшысы Ербол Тілешов ашып, жүргізіп отырды. Жазушы Сұлтан Оразалы, «Мемлекеттік тіл» республикалық қозғалысы Астана филиалының төрағасы Сайлау Батыршаұлы, саяси ғылымның докторы Әбдіжәлел Бәкір, Парламент Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы, Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорының директоры Бақытжан Жүнісбеков, филология ғылымының докторы Жұмағали Әбуов, ақын Серік Тұрғынбекұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, алаштанушы Қайрат Сақ, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы және басқа да тіл жанашырлары сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Келелі ойлар айтылып, дау-талас та туған басқосуға қатысушылардың сөздерінің түйінін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Ербол Тілешов:

– Кейде қоғам саяси мәселелермен айналысып кетіп, тілдің ішкі, сыртқы өзгерістері ұмыт қалып жатады. Сондықтан, «диктор дұрыс сөйлемеді, газет мынау атауды қате жазыпты, қазақ сөзін бұрмалап айтуға бола ма, жарнама жазулары түсініксіз» деп ренжиміз. Менің ойымша, зиялы қауымның, тіл жанашырларының алдында тұрған мәселе – осы. Ресейліктер де бұл проблемаға қатты назар аударуда. Қолдан келмейтін шаруаны емес, осындай қисықтарымызды түзеудің, балаларымыздың, оқушылардың, жастардың сөйлеу мәдениетін жетілдірудің жолдарын жеткізсек.

Сұлтан Оразалы:

– Тіл саласында айтылмаған ұсыныс қалған жоқ-ау. «Кісі айтпаған сөз бар ма, тегіс ұғар қай құлақ?» деген даналы сөз бар. Еститін құлақ жоқ, әйтпесе, соңғы отыз жылда айтылмаған ештеңе қалмады. Дегенмен, қажет сөзді қанша айтса да қадірі кемімейді. Ең алдымен, тіл саласында ілгерілеу жоқ десек, қиянат болады. Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын тіл туралы бірдеңе дей қалсаңыз, орыстар мұрнын шүйіре қарап, қандастарымыз мысқылмен тыңдайтын. Ал, бүгін қазақ тілі туралы бетпе-бет келіп айтысатын бір адам жоқ. Бірақ, бізге, тілге жасалып жатқан қағажулар аз емес.

Бүгінде Жапонияда, Қытайда, Германияда, Еуропаның біраз елінде қазақ тілі оқытылуда. Кейбір елдер мемлекетімізге жаны ашымаса да, Орта Азиядағы ауқымы үлкен, болашағы зор ел болғандығымыздан, тілімізді зерттеу үшін оқиды. Қазір «Мәңгілік Ел» идеясы бастау алуда. Міне, «Мәңгілік тіл» деп отырмыз. Алайда, мұны бұра тартушылар шығып жатыр. Мен олардың сөзін көргенсіздік деп білемін. Әрқайсымыз бір шала қазақтың тілін кәлимаға келтірсек, бұ дүниеде де, Құдай алдында да бақытты болар едік. Менің ұғымымда солай.

Сайлау Батыршаұлы:

– «Мәңгілік Ел» болу үшін, ең алдымен, мәңгілік қазақ ұлты болу керек. Өкінішке қарай, 1995 жылы қабылданған Конституцияда «қазақ елі, қазақ жұрты, қазақ мемлекеті» деген сөздер жоқ. Бірақ, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында «Қазақ тілін толық игеріп болғанда, біз Қазақ мемлекеті боламыз» деді. Бүгінгі тақырыбымыз да соның жалғасы іспеттес. Сондықтан, тіл мерейінің, ел абыройының өсуі қоғамдық ұйымдардың, осындағы әрқайсысымыздың күресімізге, еңбегімізге, ісімізге байланысты.

Әбдіжәлел Бәкір:

– 1938 жылы КСРО-да «Ұлттық респуб­ликаларда орыс тілін міндетті оқытып, үйрету» деген қаулы қабылданды. Біздің тіліміз осы құжаттың құрбанына айналды. Сол жылдары елімізде 292 мектеп болса, оның 157-сі орыс мектебі, 10-ы аралас, 89 білім ошағы қазақ және басқа тілдерде болды. Осының өзінде басшылық орыс тілін оқытуға өршелене ден қойды, бірінші сыныптан бастап бағдарламаға енгізді. Тіпті, 1948-49 оқу жылында еліміздегі бес қазақ мектебінің жоғары сыныптары математика, физика, химия, дене шынықтыру пәндерін тәжірибе ретінде орыс тілінде оқыды. Мұндағы айтайын дегенім, бізде тілге объективті көзқарас әлі қалыптаса қойған жоқ.

Елбасының 2008 жылы «Қазақ тілі үш тілдің бірі емес, негізгісі, маңыздысы болады» дегені жадымызда. Президенттің осы сөзі – мемлекеттің де саясаты. Осы орайда, Парламенттің қос палатасы Ата Заңдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуді, қолданыс аясын кеңейтуді ойластыруы қажет. Мұның бір жолы – Конституцияның жетінші бабы, бірінші тармағына қайшы нормаларды алып тастау керек.

Оразгүл Асанғазы:

– Осы жиында жоғары оқу орын­да­рының белді оқытушылары отыр. Менің айтпағым, біз сол универ­си­тет­тердегі жастарды қазақша сөйлетіп, саналарын оятуға тиіспіз. Ол үшін орыс және қазақ топтарын біріктіріп, қазақ тілінің кереметтігін насихаттауымыз, танытуымыз қажет. Өйткені, бізге өзімізді, ең бірінші кейінгі буынды қамшылайтын уақыт келді.

Қазіргі жастардың бір-бірімен өзге тілде сөйлесетіні менің қабырғама батады. Сондықтан, Тілдерді дамыту басқармасына «Тіл жанашырлары» жастар ұйымын құруды, наурызға дейін ауқымды шаралар атқарып үлгеруді ұсынар едім. Бұл – бір.

Екінші, әр мекеме, жоғары оқу орны әр көшедегі жарнаманың дұрыстығын қадағаласа. Өйткені, жарнамамыз жақсармай, мұндай жиында бас қосудың керегі шамалы.

Жұмағали Әбуов:

– Көптеген дамыған елдер өз тіл­дерін дамытудың түрлі әдіс­те­ме­лерін ойлап тапқан. Олардың көпшілігі жаңа технологияға саяды. Менің ұсынысым, Астанадағы «Руханият» тілдерді дамыту орталығы сияқты ұйымдардың ұстаздарын шет елдерге жіберіп, сондай әдістемелерін меңгертсек. Оқып келген мамандар интернет көздері арқылы  әріптестерін оқытса… Бұл – ана тіліміздің ілгерілеуіне сеп болар еді.

Серік Тұрғынбекұлы:

– Ұсыныс дегенді азайтайық, ендігі тоқталатын жайт – іс.

Әйтпесе, соқыр көзден жас шыға­ратын сөздер айтылды. Оразгүл орып, Тілешов тіліп айтып жүр, егер айту керек болса…

Жаман нәрсе жұғысты болады. Міне, ширек ғасырдан асты, орыс тілі әлі соңымыздан қалмай келеді. Неге? Олар үндемей жүріп-ақ орыс тілін­сіз нан сұрап жей алмайтын халге жеткізген бізді. Ал, қазір қазақ тілін білмесеңіз, ештеңеңіз кетпейді. Ана тіліміздің қажеттілігін арттыру керек!

Мәңгілік тілсіз мәңгілік ел де болмайды. Алдымен, аралас мектептерден құтылайық, аралас мектептерді «алапес мектептер» дер едім. Кеше ғана қала әкімінің есеп беру жиынында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы  қазақша біле тұра, ағылшынша ағы­тылды. Орыс тілімен жылап көріс­пейік десек, бастауыш сыныптарды жаппай қазақыландыру қажет. Іс деген – осы!

Қайрат Сақ:

– Бүгінгі мектептерде көркем шығар­малар оқылмайды, халық ауыз әдебиетін айтпай-ақ қояйық. Осыдан болар, жастардың сөздік қоры өте таяз, көркемдігі төмен. Мұндай буын өкілдерінен журналист жасау өте қиын соғуда бізге. Бұл – қоғамның, нарықтық қоғамның кінәсі. Содан кейін, ана тіліміздің өрісінің тарылуы – қажеттіліктің жоқтығынан.

[box type=»shadow» align=»aligncenter» class=»1″ width=»auto» ]Астана қаласының әкімдігі мемлекеттік тілді оқыту бойынша тегін курстарға өтініш қабылдауды 2014 жылдың 10 наурызына дейін жүргізеді. Өтініштер 21-11-85 және 21-36-41 телефондары арқылы қабылданады.[/box]

P.S. «Мәңгілік тіл» атты дөңгелек үстел отырысы барысында басқа да көптеген келелі ойлар, ұтымды ұсыныстар сөз болды. «Дос – жылатып айтады…», жанға батар, жүрекке салмақ салар әңгімелер де тыс қалған жоқ. Алайда, зиялылардың бәрі қазақ тілінің әйтеуір бір «Мәңгілік елмен» бірге жасайтынына, кең өрістейтініне сенімді. Тек сол таңды жақындата түсу үшін, ұрпақ алдында ұялып жерге қарамас үшін өзімізді қамшылайтын, сөзден іске көшетін, дәл осы атаулы күні тіл мәртебесін асырар жол іздемей, мерейін тойлайтын күн жеткені анық сезілді…

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды