Қазақ тілінің біріктіруші фактор болатын әлеуеті бар

0 14

Кеше Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) кеңесінің отырысы өтті.

Жиын басында Елбасы ҚХА-ның құрылу тарихы мен қалыптасу процесіне тоқталды. «Ширек ғасырда Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан Парламентте өкілдігі бар жалпыұлттық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамға тән әмбебап құрылымның озық үлгісін көрсете білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына маңызды үлес қосты» деді Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы.
Елбасы Қазақстанда тиісті заңдар қабылданғанын, соған сәйкес этносаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген әрекет Конституцияға қайшы келетінін атап өтті. «Қазақстанның бұл саладағы саясаты халықаралық талаптарға толық жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты іргелі ұйымдар еліміздің ұлтаралық қатынастар моделіне және ұлт бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігеріне үнемі жоғары баға беріп келеді» деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Елбасы мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі Қазақстандағы барлық этнос тарапынан қолдау тапқанын атап өтті. Қазақ тілінің оқыту ауқымын кеңейтіп, қолданылу тиімділігін көтеретін уақыт келді деп есептейді. «Қазақ тілінің біріктіруші фактор бола алатын әлеуеті бар. Еліміздегі барлық ұлттың бірлігін нығайта алады. Тіліміз ұлтаралық қарым-қатынас тілі болуы үшін оның қолданылу ауқымын біртіндеп кеңейтіп, тіл үйренушілер санын арттыру керек» дей келе, қазақ тілін тегін үйрететін 90 орталық барын айтты. Алайда олардың тиімділігі көңіл көншітпейтініне де тоқталды. «Біз әрбір бала мектеп бітірген соң мемлекеттік тілді меңгеріп, оқитын, жазатын және сөйлейтін деңгейге жетуі үшін жағдай жасауымыз керек» деді Н.Назарбаев.
Кеңес барысында ҚХА Төрағасы қоғам келісімі мен ел бірлігін нығайту жолындағы негізгі міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды. Елбасы Үкімет тарапынан елдің тұрақты экономикалық дамуына, азаматтардың әлеуметтік жағда­йын және жалпы елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын атап өтті. «Кәсіпкерлікті қолдау және экономикалық дамудың елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалары бізге миллиондаған қазақстандықтарды тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл Жолдау ел өмірінің барлық саласындағы реформалардың ауқымды бағдарламасы іспеттес» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Этносаралық қатынастарда жаңа, инклюзивті саясатқа деген сұраныс барын айта келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғамды біріктіру үдерістерін тереңдетуге бағытталған іс-шаралар әзірлеудің маңыздылығына тоқталды. «Біз бірлік пен келісімнің қазақстандық моделінің интеграциялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруымыз керек. Қазақстанның этностық және мәдени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысын жалғастыру қажет. Татулық, келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Бұл – этносаралық қатынас­тар саласындағы мызғымас ұстаным және ол өзгермейді» деді Елбасы.
Сондай-ақ Елбасы барлық этнос өкілдерін ел өміріне белсене атсалысуға шақырды. «Халықтың үштен бірі – түрлі этнос өкілдері. Қазақстанның жетістіктеріне қосқан олардың үлесі баршаға аян және біз осы әлеуетті одан әрі арттыруға тиіспіз» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ассамблеяның ақпараттық-идеологиялық жұмысында жастар арасындағы толеранттылықты күшейтуге және ксенофобияға қарсы күреске ерекше мән беру керектігін атап өтті. «Ассамблея елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің ортақ тілегі мен ұмтылысының арқасында құрылды. Ассамблея – бүкіл халқымыз бірлесіп көтерген ортақ бір шаңырақ. Бәріміз оны қастерлеуіміз керек. Біздің интеграциялық моделіміз – әрі қарай өмір сүріп, дами беретін әлеуметтік-мәдени, өркениетті тірегіміз» деді.
Кеңес отырысы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының жаңа орынбасарлары таныстырылды. Олар – Алматы облысы Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Закиржан Пирмухамедович Кузиев және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Kazakh TV» телеарнасының директоры Мая Төлегенқызы Бекбаева.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =