Қазақ тіліне жанашырлық па, жоқ әлде…

Айтпайын-ақ деп едім...

0 72

Жуырда депутат Азат Перуашев Парламентке Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін емтихан енгізуді ұсыныпты. «ҚР Азаматтық туралы» заңға өзгеріс енгізіп, азаматтық алғысы келетіндер Қазақстан Республикасының Конституциясын, мәдениеті мен тарихын, тілдік саясатын білу бойынша емтихан нормаларын жасау керек деп ұсыныс айтқан қалаулы шетелде де мұндай тәжірибенің барлығын алға тартады.Бір қарасаң, мәжілісмен елдің мұңын, қазақ тілінің жырын айтып отырған сияқты. Дегенмен, бұл ұсыныстың ақылға қонбайтын, көңілге күдік ұялататын тұстары да жоқ емес.
Ең әуелі, Азат Перуашев «ҚР азаматтығын алғысы келетіндер қазақ тілінен емтихан тапсырсын» дегенде басты меңзеп отырғаны кім? Қазақстан азаматтығын алғысы келетін басқа ұлт өкілдеріне қаратылған ба? Жоқ әлде жалпы шетел азаматтарын, дәлірек айтқанда, қандастарды да қамти ма? Егер бұл ұсыныс басқа ұлт азаматтарына ғана қаратылған болса, онда ұсынысының ішінде «шетелден көшіп келген қандастардан басқа» деген бір ауыз сөзді анық айтқан болар еді. Бірақ ондай сөз жоқ.
Басын ашып айтатын бір мәселе, бұл шарт Қазақстанға ағылған басқа ұлт азаматтарына ешқандай тосқауыл бола алмайды. Себебі шетелде қазақ тілін білетін басқа ұлт азаматтары аз емес. Түркі тілдес ұлттардың біразы қазақ тілін біледі. Ұйғыр, өзбек, қырғызды қойып, іргеміздегі Қытайдың өзінде қазақ тілін Қазақстан Парламентінде отырған кейбір қазақтардан кем сөйлемейтін қытайлар да жетеді. Қытай бойынша, 5 университетте қазақ тілін үйретеді. Әр жылы неше жүз қытай қазақ тілі мамандығы бойынша бакалаврлық атақ алады. Көрші елдерде қазақ тілін білетін сібе, дүңген, моңғолдар да көп. Осы жағдайды ескерсек, «Қазақ тілі емтиханынан өткен кез келген шетел азаматын азаматтыққа қабылдасақ, Қазақстан бірер жылда-ақ келімсектерге толып кетпей ме» деген ой келеді.
Перуашевтің қазақ тіліне жаны ашып айтып отыр дейік десек, Қазақстанда қазақ тілін білмейтін қазақ жоқ па?! Парламенттің мінбесінде, министрліктердің төрінде орысша сайрайтын қазақ қаншама? Елімізде Мемлекет басшысы болатын адамнан басқа қай қазақ (қай ұлт) қазақ тілінен емтихан тапсырып еді?
Егер Перуашев «Парламент қазақша сөйлесін, мемлекеттік қызметке келетін әр адам қазақ тілінен емтихан тапсыруы шарт» десе, оған ешқандай қарсылығымыз жоқ. Қос қолдап қолдар едік. Ал мына ұсынысы шетелдегі қазақ тілін білмейтін, бірақ ата жұртқа оралғысы келетін қандастарды кеудесінен кері тебу емес пе?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × three =