Қазақ тілі қашан ІТ тіліне айналады?

0 278

Өткен жылы «Астана ақшамында» Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбайдың «Даңғаза жасамай жүргізетін жұмыстар» деген шағын мақаласы жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген сөзін арқау ете отырып, мемлекеттік тілді цифрлық технологияға көшіру жөнінде ой қозғаған бұл мақаланы оқырман жылы қабылдады. Осы мақалаға ой қосу және қазақ тілін ғылым-техника тіліне бейімдеу жағындағы одан басқа да олқылықтарды ортаға салу мақсатында программист, «Оз», «Тәлім» интернет білім мектебінің негізін қалаушы, кәсіпкер Ықылас ОРАЗБАЙҰЛЫМЕН өткізген сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Біз үнемі «қазақ тілі – бай тіл, әлемде қазақ тіліндей бай тіл жоқ» деп мақтанамыз. Біздің осы тіліміздің байлығы ғылым саласына, нақтырақ айтқанда, қазіргі көп нәрсе компьютерге иек артқан дәуірдің қажетіне сәйкесіп жатыр ма?
– Қазақ тілі бұрын бай тіл болса болған шығар, дәл қазір бай тіл деп айта алмаймын. Барған сайын байығаны сол, балық құрықтап, ауқымы тарылып бара жатқандай сезіледі. Себебі біз тілімізді ғылым-техникаға араластырып, әлі күнге дейін осы заманның қажетіне қарай бейімдей алмай отырмыз. 21-ғасыр қайсы ұлттың экономикалық қуаты артып, қайсы елдің ғылым мен техникасы өркендесе, сол ұлттың, сол мемлекеттегі негізгі ұлттың тілі де салыстырмалы түрде күш алатынын көрсетті. Өкінерлігі, бұл жағынан біз әлі арттамыз, тілімізді ғылым-техникаға араластырмақ түгіл, қазақты қазақша сөйлете алмай мысымыз құрып жүр. Қит етсе «70 жыл бодан болдық қой» деп өзімізді жұбатамыз. Бірақ бізбен бірге тәуелсіздік алған Өзбекстанда өзбек тілінің десі күшті. Сосын да шығар, әлемдік компьютер программаларында көбінше өзбек тілі қамтылады да, қазақ тілі қағыс қалып жатады. Өйткені шетелдіктер Қазақстанда қазақ тілі көп қолданылатынын білмейді, орыс тілі болса жеткілікті деп қарайды. Сіз Қазақстанға келгелі қазақ тілінде компьютер жүйесін істетіп отырған адам көрдіңіз бе? Бәрі орысша. Қазақ тілін жақсы білетін кісілердің өзіне компьютеріне қазақ тіліне аударылған программаны қойып берсең, бір-екі күннен кейін, «мынаны түсіну қиын екен, одан да үйренген орысшам жақсы екен» деп қайта келеді. Әрине, орысша, қытайша программаға үйренген адамдарға қазақшалап қойған компьютер тілі тосын сезілетіні шын. Бірақ «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болғанмен, бүкіл ғылым-техника орыстың тілімен сөйлеп тұрса, қазақ тілі қайтып күш алады? Ағылшын тіліндегі mouse деген сөзді орыстар мышь, ұйғырлар қол тышқаны деп алса, қазақ тілінде ол сипатына қарай «тінтуір» деп әрі образды, әрі жатымды алынды. Cursor-ды орысша курсор деп алса, қазақша «нұржетек» деп аталды. Осы атаулар қандай ұғынықты? Бірақ осыны көбіміз қолданбаймыз, әлеуметтік желіде онлайн аударсаңыз да тышқан, курсор деп шығады. Демек, тілімізде жоқты табуға, барды бағалауға әлі күнге дейін назар аудармай келеміз.
– Басқа ұлт тілдерінде дұрыс жазуға себі тиетін, қате жазсаң, автоматты түрде көрсететін компьютерлік жүйе әлдеқашан әзірленген. Word ішінде дайын тұр. Ал бұл қолайлылық қазақ тіліне келгенде тілін тістеп қалатыны қалай?
– Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытамыз деп кіріскелі 30 жылға таяды. Бірақ билік сол мемлекеттік тілді дамыту мақсатында сіз айтып отырған компьютер программаларын әзірлеуге, қазақ тілінде жазылған программаларды қолдануға мән беріп, қаржы бөліп, соны пайдалануға міндеттеп көрді ме? Меніңше, өйтпеген секілді. Себебі жақында жаңағы сіз айтқан программаны қосып алайын деп Word-2014 нұсқасын ашсам, қазақ тілі шықпай тұр. Ешкім қажет қылмаған соң да қоспаған шығар деп ойладым.
– Дыбысты, дәлірек айтсақ, қазақ тіліндегі сөзді жазуға айналдыратын жүйе де жоқ қой бізде?
– Жазуды дыбысқа айналдыру жүйесі басқа дамыған мемлекеттердің бәрінде бар. Өйткені компьютерге қарап отырып жыпырлаған жазуды оқығаннан гөрі компьютердің өзіне оқыта салған әлдеқайда қолайлы әрі ұтымды. Дауысты тану және оны жазуға айналдыру жүйесі – қазақ тілінің әлем тілдері жүйесіне кіруі үшін өте қажетті қадам. Егер қазақ тілінің әр дыбысын компьютер тани алатын болса, онда кез келген аударғыш программалардың көмегімен қандай бір елде еркін қарым-қатынас жасауымызға мүмкіндік ашылар еді. Бұған мемлекет қолдау көрсетіп, программистерді ұйымдастырып, арнаулы қаржы бөлуі керек деп ойлаймын. Бір жеке программист немесе бір серіктестік оны еңбектеніп жасап, нарыққа шығарып, ақша таба алмайды, тері өтелмейді. Себебі қазақ тіліне сұраныс төмен болғандықтан, оған қажетті программалар өзін-өзі ақтамайды.
– Қазақстанда ғаламтор қауіпсіздігі қалай?
– Қазақстанда қазірге дейін компьютеріміздің қауіпсіздігін күніне тексеріп, компьютер жүйесінің жыртық-тесігін жамап тұратын қауіпсіздік программасы жоқ. Әлі шетелдің антивирустық бағдарламасын пайдаланамыз. Бұл барлық құпиямызды шетелге шашып отырғанымыздан дерек береді. Жеке тұлғалардың түрлі ақпараттарын қараңғы базарларда саудаға салған алпауыт елдер біздің мемлекеттік құпиялықтарды саудаға салмайды деп айта аласыз ба? Демек, кейбір дамыған мемлекеттер ғаламтордың қолайлығын пайдаланып, біздің компьютердегі барлық құпиямызды көріп отыр деп айтуға болады. Осыны ерте ескерген Қытай АҚШ-тың компьютер бағдарламасына негізделе отырып (ұрлап көшіріп болса да), өзінің программаларын, антивирустық бағдарламасын жасап алды. Ғаламтордағы қауіпсіздік мемлекеттік қауіпсіздіктің бір тармағы екенін ескерген жөн.
– Қазақстанда IT саласының дамуы қандай?
– Еліміз тәуелсіздік алғалы 30 жылға таяды. Бірақ осы 30 жылда Қазақстандікі деп ауыз толтырып, айрықша атайтын бір IT брендіміз жоқ. Интернет әлеміміз бүкілдей шетелге тәуелді. Біз ғана емес, көптеген мемлекеттер әлемдік интернет желісін ортақ пайдаланып отыр. Алайда олардың ішінде өз елінің ақпарат саласындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолынан келген мүмкіндіктерді жасап алған. Ал бізде мұны ескеретін кім бар?! Шынын айтқанда, IT саласы аса алмас асқар, асу бермес қамал емес. Шетелде бұл саламен 10 жыл айналысқан жас маманның бірі ретінде айтайын, бастысы Қазақстанда маман жетіспейді емес, бұл саланы қолдау жетіспейді. Өткенде «IT саласының маманымыз, жұмыс жүргізетін, кеңсе беретін орын бар ма?» деп есігі еменнен жасалған көкелеріміздің біразын мазаладық. Керек қылған ешкім жоқ. Байқаймын, мыналар ұлтымыз үшін жұмыс істейді-ау деген сенімнен гөрі мұндай жұмыс қазақтың қолынан келмейді дейтін пікір басым. Сосын әріптестеріміз айналсоқтап жүрді де, түңілді де, орны күреулі тұрған басқа елдерге аттанып кетті. Осыдан 4-5 жыл бұрын менің әріптестерім 40 миллион теңгедей мемлекет тендерін ұтып алып еді. Бірақ істей келе ана көкесі, мына көкесі жырымдап, қолдарына әрең 4 миллион теңге берді де, жұмыстың ақысы түгіл, маңдай терлері де өтелмей қала берді. Мәселен, мультфильмді қарайық, Қазақстанда да техникасы жоғары, нағыз қазақи ойлау жүйесімен мультфильм жасайтын жас мамандар бар. Бірақ оларға жұмыс берілмейді. Тәжірибесі жоқ дейді де, қомақты ақшасы бар жобалар ылғи да шетелде жасалады. Өйткені шетелде жасалған жұмыстан ақша жасау оңай. Жастарымызға қолайлы орта болмаса, қолдап-демеп, сеніп жұмыс тапсыру болмаса, маңдай терлері ақталмаса, бұл саламыз тұраламағанда қайтеді?!
– Өзіңіз ашқан «Оз», «Тәлім» жүйесін де таныстыра кетсеңіз. Жалпы, қазір онлайн оқуға жұрттың сұранысы қалай? Қытайда «интернет мектебі» жақсы дамығанын білеміз, ал Қазақстанда қалай?
– Қытайдағы «Оз» ғаламтор білім қамбасында қазір 30 мың адам білім алады, 200-ге тарта ұстаз білім беруде. Шетел тілі, компьютер, бизнес білімдерінен бастап, тіпті жіліктеп қой сою, ас пісіріп, күлше әзірлеуге дейінгі сабақтар бар. Мұғалімдер ерікті түрде онлайн сабақ өтеді, өтілетін сабақтар ақылы шығарылатындықтан, сабағының сатылымына қарай үлес алады. Біз тек қызмет өтеу платформасын қамдаймыз. Енді сол үлгіні қазақ елінде «Тәлім» деген атпен жалпыластырмақпыз. Арнайы программист мамандарымыз бар. Біз және онлайн, офлайн форматтарында IT мектебін құруды да жоспарладық. Кабинеттерді жағалау танысы жоқ біз үшін тарс бекітілген есік сияқты елестейді. Сондықтан көбінесе өз күшімізге сүйенеміз. Егер билік тұрғысынан көңіл бөлу мен қолдау болса, жұмысымыз қарқын алатын шығар. Бірақ қазір қолдан келгенді атқарып, ақсақтың аялына бағып, ақырын аяңдап келеміз.
Жалпы, онлайн оқыту қазіргі дәуірдің қажеті деп айтуға болады. Бұдан былай үйіңізде отырып мұхиттың арғы жағынан оқуға мүмкіндік бар. Бұл жағдайға карантин кезінде отандастарымыз да көз жеткізді деп ойлаймын. Мәселен, сол карантин кезінде бірден онлайн оқыту қажет болғанда, біразға дейін не істеуді білмей дағдарып барып, әлемдік үрдіске әзер ілестік. Онда да Қытай компаниясы жасаған «Zoom» арқылы оқыдық. Ал дамыған елдер бұл жүйенің қауіпсіздік жағы жеткіліксіз екенін айтып, дабыл қағып жатқанда, бізде басқа талғам болған жоқ. Себебі бізде «Zoom»-ның орнын басатындай компьютерлік қосымша жоқ. Былайша айтқанда, «Цифрлы Қазақстан» деп арнайы бағдарлама түзіп, жыл сайын қыруар қаржы жұмсағанымызбен, шын мәнісінде қауқарымыз қандай екенін індет ашып көрсетіп берді. Осы тұрғыдан алғанда, отандық ІТ саласын күш сала дамытатын кез келді деп ойлаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 7 =