«Қазақ тілі – біздің рухани күшіміз»

0 67

Осы тақырыпта Қазақ гуманитарлық заң университетінде өткен кезекті «Бүгін қазақша сөйлейміз!» атты акция Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауындағы мемлекеттік тілге қатысты ой-тұжырымдарына арналды. Бұл күні университеттің профессор-оқытушылар қауымы әр сабақ алдында 5-7 минут Елбасымыз белгілеген ана тілімізге байланысты алда тұрған міндеттер туралы әңгіме өткізді. Ұжымдық теледидардан осы тақырыпта арнаулы хабар ұйымдастырылды.

Жалпы тіл білімі және аударма ісі кафедрасы оқытушыларының қатысуымен өткізілген акция көркем сөздермен басталып, тыңдаушының құлақ құрышын қандырған әсем ән мен тәтті күйге ұласты. Мемлекеттік тілдің өзіндік ерекшелігін көрсетіп, құндылығын арттыратын іс-шараларда университет студенттері белсенділік көрсетті. Бұл іс-шара жалпы жастарымыздың мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін тудырады және тілдерді қорғау құқығына ие болумен қатар дамытуға, өзара байланыс орнатуға жол ашады. Тілдер арқылы мәдениетаралық дәстүр дами түседі, сондай-ақ, лингвистикалық ерекшеліктер айқындала түседі.

Акцияда көркемсөз оқу және тілді меңгерулері бойынша жарыс ұйымдастырылып, нәтижесі жарияланды. Ұлттық нақыштағы ән айтылып, күй тартылды. Акцияға барлық жоғары мектеп студенттері қатысты.

Келесі аптада университеттің «Үш би» аталатын үлкен залында студенттермен профессор, саяси ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкірдің кездесуі болады. Әңгіме өзегі Жолдаудағы ой-тұжырымдар болмақшы.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын оқытушылар мен студенттер, барлық қызметкерлер арасында кеңейте түсуге бағытталған мұндай акцияны оқу жылының әр айының үшінші аптасының сәрсенбі күні тұрақты өткізу туралы университет ректоратында жуырда шешім қабылданған болатын.

Айсұлу ТҰРАРОВА,
Қазақ гуманитарлық заң университеті жалпы тіл білімі және аударма ісі кафедрасының доценті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 9 =