«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ тілділерді қашанғы өгейсіте береміз?

0 331

«Қазақ тіліне кемсіте қарау, оны агросектордың ғана тілі деп есептеп, тұрмыстық тіл дәрежесіне түсіру – кешірілмес күнә». Сәрсенбі күні Қазмедиа­дағы «Болашақтың мамандықтары» деген тақырыптағы Media Talks бейресми конференциясына қатысқанымда, қазақтың кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбайұлының осы сөзі көкейімнен кетпеді. «Қазақ тілі – бір кездегі қамшы мен құрық ұстағандардың тілі емес, ол бүгінгі ғарыш игеру мен компьютер заманының тілі» дегенді айтқан Әбіш аға бұл жиынды көргенде не дер еді? Өзінің ана тілін үйренуге, туған тілінде сөйлеуге кежегелері ке­йін тартатын буынның өкілдерін көріп, көзіне жас алар ма еді? Өз басым Media Talks-те жұрт алдында сөйлеген Кембридж және Оксфорд университетінің түлектері Дәулет Серікбай мен Нұрмұхамед Досыбаевтың, Азамат Байғалиев, Альмира Тұрсын (Ақан Сатаев­тың «Томирис» фильмінің бас кейіпкері) тәрізді қиялшылдар мен визионерлердің сөзін тыңдап отырып, Ресейдің бір қаласындағы конференцияға қатысқандай күй кештім.
Қазақ елінің төрінде өтіп жатқан медиа саласына қатысты ірі жиында мемлекеттік тілде бір ауыз сөз (Н.Досыбаевтың қана бір-екі сөз айтқаны болмаса) айтылмауы жанымызға батты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әлденеше жылдар бойы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» дегенді еш жалықпай айтып келеді. Сонда ұлты, түрі – қазақ, тілі орыс мұндай сарапшылар сахнадан түспей ме ешқашан? Мейлі олар Оксфорд пен Кембридждің түлектері болсын, киноның не коммуникациялардың майталман маманы болсын, өзінің анасының тілінде сөйлемесе, жастарға қандай үлгі-өнеге болмақ? Шетелден келген танымал сарапшы болса сөз басқа. Сонда дейміз-ау, қазақ тілділер арасында Media Talks-тың спикері болуға лайықты маман жоқ па? Шетелде білім алған адам керек десек, Гарвардты тәмамдаған танымал журналист Шыңғыс Мұқанды неге шақырмайды? Актриса іздесе, кеше ғана Канн фестивалінде айдай әлемге қазақты мо­йындатқан Самал Ісләмова бар емес пе?! Жаһантордан ана тіліміздің мүддесін қорғап, жанын салып дүйім жұртты тәрбиелеп жүрген Қайнар Олжай ағамызды шақырса тақияларына тар келер ме еді?!
Осындай алқалы жиынның елімізде екінші жыл өтіп жатқаны құптарлық. Ұйымдастырушылардың ниеті өте дұрыс. Алайда бізді қынжылтқаны, ана тіліміз төрге шықпағаны. Елімізде қазір 2740 бұқаралық ақпарат құралдары бар. Соның ішінде тіркелген 276 ақпарат агенттіктерінің 14,86 пайызы – қазақша, 16,67 пайызы – орысша, 34,78 пайызы – қазақ және орыс тілдерінде, қалған 33,7 пайызы қазақ және басқа тілдерде ақпарат таратады. Демек, қазақ тілді контенттің үлесі көбірек. Онда неге Media Talks сияқты дәріс алаңына қазақ тілді журналистер, медиа-тұлғалар шықпайды? Мұндай жиынды көргенде отандық журналистиканы және басқа салаларды тек орыс тілділер ғана дамытып жатыр ма деген ойға қаласың. Astana Media Week атты апталықты ұйымдастырушылар алдағы уақытта осы пікірімізді ескерер деген үміттеміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды