Қазақ қызының бiлiм қуып шетел асуын шектеу керек пе?

0 145

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Парламентi Сенатының депутаты:

Бiздiң қоғамда Батыс мәдениетi терең тамыр жайып барады. Жастарымыз бағыт-бағдарынан айырылды. Болашақ ұрпақтың тағдыры алаңдатып отыр. Ақпараттық агенттiктер шетелдерге оқуға кеткен қазақ қыздарының өлу оқиғалары көбейiп кеткенi және олар тап болатын басқа да жағымсыз жайттар туралы жиi хабарлап жатыр. Әрине, қыздарымыздың қай мемлекетке барып бiлiм аламын десе, ол өздерiнiң құқы. Алайда, өз қыздарымыз бен қарындастарымыз шет елге оқуға барып, ол жерде қаза тауып жатса, одан қалды қыздарымыз кiм көрiнгенге тұрмысқа шығып кетiп жатса, ол елдiгiмiзге сын емес пе?! Бүгiнгi қыз балаларымыз ертеңгi ұрпағымыздың аналары емес пе?! Ұлтымыздың ұрпағын дүниеге әкелетiн де қазақ қыздары емес пе?! Етегiн жел көтермеген қыз балаларымызды шет елдерге шашыратып жiберетiндей және жат жұрттың азаматтарына сұраусыз кете беруiне осыншалықты бейқам қарайтындай бiз көп пе едiк, ат төбелiндей ғана халық емеспiз бе?! Бiз қыздарымыздың шетелде оқуын мүмкiндiгiнше шектеп, өзiмiзде қажет бiлiм алу мүмкiндiгiн жасау арқылы, оларды жоғары оқу орындарында қазақтың ұлттық отбасылық құндылықтарын бойларына сiңiруге, жайлы отбасын құруға тәрбиелеуiмiз керек. Елбасы айтып отырған батыстың жасанды мәдениетiнiң бiздегi етек алып бара жатқан бейәдеп және түрлi бейбастықтарға осы бастан тыйым сала алмасақ, ертең кеш болуы мүмкiн.

Мағрипа СЕЙIТБАТТАЛОВА, Ә.Марғұлан атындағы
№40 мектептiң мұғалiмi:

Осы мәселенi көптен берi ойланып жүрген едiм. Өйткенi, мен де анамын. Оң мен солын әлi танып үлгермеген өрiмдей қыздарымызды шетелге жiберудi өз басым қауiптi санаймын. Неге өз елiмiзде бiлiм алмасқа? Басқа жұрттың бiлiмi бiздiкiнен әлдеқайда мықты дейтiндер табылар. Ал, елiмiзде ашылып жатқан зияткерлiк мектептердi, заманауи және қарқынды дамып келе жатқан Назарбаев университетiн қайда қоясыз? Қазақстандық бiлiмнiң ешбiр елдiкiнен кем емес екенiн бiле жүрiңiз. Мүмкiндiгiнше қазақтың әр баласы алдымен қазақша бiлiм алуы керек. Өз тiлiн, салт-дәстүрiн, ұлттық құндылығын игерiп үлгермеген баланың шетел асып кетуi тiптi қауiптi емес пе? Шығыс ғұламасы Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесiз берiлген бiлiм — қауiптi» деген. Әлi ақыл тоқтатып үлгермеген балаға жылтырағанның бәрi алтын көрiнедi. Егер шетелге шығып бiлiм алуға құштар екен, оң-солын танып, жақсы мен жаманды айырар жасқа жеткенде алты айлық, бiр жылдық курстарға барып, бiлiмiн жетiлдiрсiн. Ал, мектептi кеше ғана бiтiрген жастың, әсiресе қыз баланың бiлiм қуып шетел асуына қарсымын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − five =