«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ҚАЙРАН ҚАЛДЫРДЫ

0 201

Астанада бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бұрымды боксшылардың байрақты бәсекесінде қазақ  арулары 4 алтын, 2 қола  медаль олжалады. Командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орын иеленді. Бұл – бұрын болмаған толағай жетістік.

«Астана Арена» спорт сарайында тоғыз күнге созылған дүбірлі доданың ақтық айқастарын ең жеңіл салмақтағы арулар бастады. Шаршы алаңның көк бұрышына  қазақстандық Назым Қызайбай көтерілгенде атшаптырым сарай іші гуілдеп кетті. Олай болатыны осыдан екі жыл бұрын қазақ қыздары арасынан  тұңғыш болып  әлем чемпионы атағын жеңіп алған Назымның екінші рет топ жаруға мүмкіндігі пайда болған. Сондықтан да жанкүйер қауым сүйікті спортшысын қызу қолдауға кірісті. Ал шаршы алаңдағы айқасқа келсек, қытайлық Янь Ванг біздің боксшыға қарсылық көрсете алмады. Назым төрт раундта да басымдық танытып, тамаша жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан спортына тағы бір тарихи көрсеткіш қосылды. Назым Қызайбай – әйелдер боксынан әлемнің екі дүркін чемпионы!

Аламан жарыста Дина Жоламан есімді аруымыз да айды аспаннан шығарды. 54 келі салмақта сынға түскен қазақ қызы ақтық айқаста Болгария елінің үмітін арқалап келген өте тәжірибелі Стойка Петрованы тізе бүктірді. Бұл Қазақстан құрамасы қоржынына түскен екінші алтын медаль болды.

Арада көп уақыт өтпей-ақ Қазақстан жанкүйерлері тағы бір қуанышқа бөленді. Бұл жолы 69 келі салмақта бақ сынаған астаналық боксшы Валентина Хальзова әлем біріншілігінің жеңімпазы атанды. Ақтық айқаста Қытай қызы Гу Хонгпен қолғап түйістірген Валентина нағыз жеңіске деген жігер танытты. Өзінен бойшаң қарсыласына қарсы ұтымды тактика таңдай білген астаналық арудың жеңісіне ешкім де күмән келтірмеді. Алайда жеңіс тағдыры  төрешілердің қолында екені белгілі ғой. Сондықтан да жекпе-жек аяқталған сәттен бастап жанкүйерлер «Қазақстан», «Қазақстан» деп дауыстап жатты.  Ал шаршы алаңдағы төреші Валентинаның қолын көтергенде кең сарай іші теңселіп кеткендей болды. Желбіреген тулар, құшақтасқан жанкүйерлер… Осылайша, Қазақстан құрамасы қоржынына үшінші алтын медаль  түсті. Бұл да ел спортының тарихындағы жарқын белес, жаңа көрсеткіш болды.

13320367_1249369428424332_7317800760623719029_o

Қазақ жанкүйерлерінің жүрегін толқытқан жекпе-жектің бірі әлі алда еді. Ең ауыр салмақтағы айқас. Бұл сынға тағы бір қазақ қызы қыздырынып жатты. Ол – 2014 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері астаналық Ләззат Күнгейбаева болатын. Оның қарсыласы америкалық Шадасия Грин еді.

«Рингтің көк бұрышына Ләззат Күнгейбаева шығады. Қазақстан» деген дауыс саңқ еткенде «Барыс Арена» сарайында көтерілген дауыстан құлақ тұнғандай болды.  Жартылай финалда өзінен бір бас ұзын әрі қарулы қытай қызынан айласын асырған Ләззатқа жанкүйер қауым әбден риза болған еді. Оның үстіне астаналық арудың Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете бастағанына он жылдың жүзі болып қалған. Түптеп айтқанда, тәжірибесі толысқан, әлем чемпионатының финалына дейін жеткен боксшының ендігі мақсаты, әрине, әлем біріншілігінің алтын жүлдесі болатыны айтпаса да түсінікті еді.

13247744_1249371705090771_4617744464047565210_o

…Күнгейбаева бірінші раундтан-ақ өте сақ қимылдап, алдымен қарсыласының шабуылын күткендей болды. Онысын алдымен жақсылап тұрып қарсы алу соққысын жасауды ойластырды ма деп жорыдық. Шынымен де солай болғандай. АҚШ-тың денелі аруы айтқандайын бірден алға ұмтылды. Керегі осы дегендей Ләззат Гриннің сол шықшытынан сылқ еткізіп соқты да жіберді. Тағы бірнеше соққысын дәл тигізген қазақ боксшысы бірінші раундты өз пайдасына шешті. Бапкерлері жағдайды жеткізіп айтса керек, екінші раунд басталысымен америкалық боксшы тағы да алға өңмеңдей түсті. Ләззаттың да күткені осы еді. Бірінші раундта есесін жіберіп алғанына қаны қызған Грин тағы да Ләззаттың қарсы алған ауыр соққысына тап болды. Үшінші кезеңде таразы басы теңескендей болғанымен төрешілер қазақ қызының басымдығын анықтады. Ал соңғы шешуші раундқа екі боксшы да едәуір әлсіреп шықты. Қалай дегенмен 81 келіден ауыр боксшылардың қимылы да, соққылары да ауыр болатыны заңдылық қой. Жеңіліп жатқанын білетін америкалық боксшы қанша тырысқанымен Ләззатқа шамасы жетпеді. «Ендігі мақсатым – әлем чемпионы атану» деп өзіне серт берген қазақ боксшысы өзін де, елін де үлкен қуанышқа бөледі.

13254750_1249371711757437_7475505897500354995_o

Осылайша әлем чемпионатының финалында Қазақстан туы төртінші рет биіктен желбіреп, қалың жанкүйер қазақ елінің әнұранын шырқады.

Осы чемпионаттағы тағы бір жетістігіміз 51 келі салмақта қола жүлдеге қол созған Жайна Шекербекова биыл жазда Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алды.

Сонымен Астана төрінде ұйымдастырылған әйелдер арасындағы әлем чемпионаты тарих қойнауына өтті. Ең бастысы, бұл жарыс қазақ қыздары төрткүл дүниені қайран қалдырып, ел спортының тарихына жаңа жарқын көрсеткіштер қосты.

                                                                                Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды