ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ БАЙЛАНЫСЫ БЕКИ ТҮСЕДІ

0 253

MUHA8241

Елбасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті.

Шағын құрамдағы кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері жөнінде де пікір алмасты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үрдістердің негізгі даму бағыттары туралы сөз қозғады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Қырғызстанға қажетті көмек пен қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

– Қазақ пен қырғыз – ежелден бауырлас халықтар. Біз Қырғызстандағы оқиғаларды жіті бақылап отырмыз. Сіздің бүгінгі сапарыңыз және оның барысында қол қойылатын құжаттар елдеріміздің арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынастардың айғағы болып саналады, – деді Қазақстан  Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен бірге Қырғызстан Президентінің сапары әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси ахуал жағдайында өтіп жатқанын да атап айтты.

– Ауғанстанда және Сирияда болып жатқан оқиғалар, Ресей мен Батыс арасындағы келіспеушіліктер біздің елдерімізге әсер етуде. Біз алдымызда тұрған барлық мәселелерді бірлескен күш-жігермен шешуге тиіспіз. Қазақстан мен Қырғызстан өз ынтымақтастығы арқылы өзге елдерге үлгі көрсетуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Алмазбек Атамбаев Қырғыз Республикасына Қазақстанның көрсетіп отырған қолдауы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айтты.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, кездесу барысында А.Атамбаевқа елдеріміздің арасындағы достықты дамытуға қосқан үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденін  тапсырды.

 akorda.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 17 =