Қазақ қоғамының шамшырағы

0 64

Нұр-Сұлтан қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Абай күні мен хакімнің 175 жылдық мерейтойына арнап «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы» атты онлайн шара өткізді. Шара аясында белгілі қаламгерлер, ғалымдар, өнер иелері тұлға туралы ойларымен бөлісті.

– Абай ешқашан ескірмейді. Қай заманда, қай ғасырда, қай дәуірде Абайдың руханиятта аты озып, ұлы қазақ көшіне жол көрсетіп тұрады. Қалың ел – қазағының ішінде отырып, Абай прог­ресске, жаңаруға, жаңалыққа, жаңғыруға үңілді. «Өзіңдікі дей алмай өз малыңды, күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың» дейді данышпан. Мұнысымен өз малыңа, өз жеріңе, өз байлығыңа өзің ие бола алмайсың, егер жаңалыққа, ғылымға, білімге ұмтылмасаң дегенді айтып отыр. Абай өлеңдеріңде, Абай қара сөздерінде ұлттың дам­уына үндейтін, ұлттың бірлігіне шақыратын даналық ойлар өте көп. Абай бізбен бірге жаңғыра береді, бізбен бірге жасай береді. Қазақ руханиятының көшбасшысы болып мәңгілік өмір сүреді, – деді жазушы, драматург Роза Мұқанова.
Абайды ұлы даланың рухани шырағданына, қазақ қоғамының шамшырағына теңеген белгілі әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов хакім қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы екенін атап өтті.
– Абай – классикалық қазақ әдеби тілінің пірі. Өзінің ойшылдығымен, хакімдігімен, композиторлығымен, тәржімашылдығымен, әңгімешілдігімен, әлеуметтік қызметімен ел тарихындағы айтулы тұлға, – деді ғалым.
Ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы, ақын Серікзат Дүйсенғазы, жазушы, драматург, аудармашы Әлібек Байбол, режиссер Айдын Салбан хакім тұлғасы мен мұрасына көзқарасын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 16 =