ҚАЗАҚ ҚАРАПАЙЫМ МАМАНДЫҚТЫ МЕНСІНБЕЙ МЕ?

0 101

…Аяқ астынан сыртқы есігіміздің құлыбы істен шықты. Қолынан келетін адамға құлып салғызбақшы болып, мамандарға хабарластық. Кілең өзге ұлт өкілдері екен. Сенесіз бе, бір қазақ азаматын таппадық. Ақыры, орекеңнің бір баласына салдыртуға мәжбүр болдық. Асай-мүсейімен жетіп келген ол жарты сағаттық жұмысына 45 мыңды қағып алды.

Әлгі құлып жөндегіш қу күніне кемі 5-6 тапсырыс алады екен. Құлыптардың ерекшеліктеріне байланыс­ты еңбегіне алатын ақысы 40 мыңнан 60 мыңға дейін баратын көрінеді. «Кейбіреулер екі құлып жасатады. Сол кезде бағамыз да екі еселенеді. Астанада құрылыс нысандары көп. Сондықтан, табысымыз да жаман емес» дейді ол. Бұлардың күнделікті табатын ақшасын іштей есептеп көрдік. Қомақты қаржы. Осындай қаржаттың өтінде біздің қазақтар неге жүрмейді осы? Әлде, әлімізге қарамай қарапайым мамандықты менсінбейміз бе? Біздікілер ылғи экономист, заңгер, қаржыгер болғысы келеді. Тіпті,  кейбіреулер әліпті таяқ деп білмейтін баласына банктің оқуын оқытқысы келеді. Астана қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр  елордадағы оқу орындарын тәмамдаған 9 мыңнан астам түлектің 55 пайызы қаржыгер, заңгер сынды мамандықтарды таңдаған екен. Ал, олардың көпшілігі жұмыс таба алмай сабылып жүр. Керісінше, қазіргі еңбек нарығында құрылысшы, токарь, электрмен дәнекерлеуші, теледидар жөндеуші сынды техникалық мамандықтардың дәурені жүріп тұр. Ал, біз бұл мамандықты менсінбей, өзімізше мұрын шүйіре қараймыз. Қаланың қай бұрышында да кезігетін тұрмыстық электронды бұйымдарды, сағаттарды,  ан­тен­наларды жөндейтіндерді алып қарайықшы. Бар­лығы дерлік өзге ұлт өкілдері. Қазақтар болса, ары кетсе көшеде жұртшылықты фотосуретке түсірумен шектеледі.

Жалпы адамның бір бақыты – мамандығын дұрыс таңдау. Жүрек қалауымен адаспай таңдалған маман иесі ғана мықты кадр бола алады.  Зерттеулерге сүйенсек, оқуға түскен жастардың 70 пайызы мамандық таңдауда адасады екен. Демек, мемлекет те, ата-аналар да үлкен экономикалық шығынға ұшырап отыр деген сөз. Мектепті жаңадан бітірген түлектердің мамандық таңдауда қателесуіне көбіне ата-аналар ықпал етеді екен. Әрине, кім баласын жаман болсын дейді. Әр ата-ана баласының жоғары білім алғанын қалайды. Сөйтеді де мықты механик болғалы тұрған баласын ол өмірі қызықпайтын экономист мамандығына сүйрейді. Осыдан келіп адасу басталады.

Қазіргі нарық заманында техникалық сала мамандарына деген сұраныс жоғары болып тұр. Сондықтан, аспандағы айға қарай ұмтыла бермей, бір сәт нарық заңдылығына қарай бейімделе жүрген де дұрыс.

Қымбат Тоқтамұрат

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =