Қазақ поэзиясының Хан-тәңірі

0 28

Биыл миллиондардың музасына айналған Аспантаудың ақиығы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Тәуелсіздіктің мерейлі белесімен тұспа-тұс келген ақын тойына арналған шаралар шоғыры еліміздің әр өңірінде өтіп жатыр.Күні кеше Түркия астанасы Анкарада «Мұқағали Мақатаев және оның шығармалары» атты конференция өтіп, ақынның 6 тілде жарық көрген «Соңғы тырналар қайтқанда» кітабының тұсауы кесілді.
Бауырлас елдің бас қаласында оқырман қауымға жол тартқан су жаңа жинақта ақын жырлары түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен, башқұрт тілдеріне тәржімаланған. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен жарық көрген іргелі еңбек Мұқағалидың ешкімге ұқсамайтын ерекше поэзиясының, түркі халықтарына танылу аясын кеңейте түспек. Ақын тойын атап өтуге арналған шараға Жетісудан жасақталған делегация құрамын түрік еліне ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен ақын атындағы қоғамдық қордың президенті Бақытгүл Айдарова Мұқағали келіні бастап барды.
– Атамыз шетелдерге шығуды армандап өтті. Бірақ ол кезде біздің кеңестік қоғам социализмге жатпайтын елдерге жабық еді. Дантені Орта Азияда бірінші болып аударса да, ол Италияға бара алмады. Оны айтасыз, атамыз әйгілі америкалық ақын Уолт Уитменді аударды, ал оның елі АҚШ-қа бару, атамыз үшін тек арман болып қала берді. Оның «шетелде болу» эпопеясы тек іргедегі Мәскеуге барумен шектелді. «Мұқағали Мақатаев және оның шығармалары» атты конференцияда түбі бір түрік халқының қазақ өнеріне деген ыстық ықыласының куәсі болдық, – дейді Бақытгүл Айдарова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұқағали поэ­зиясы – күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жырлары қалың оқырманның жүрегінен орын алды. Ақын мерейтойы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той», деп мемлекет үшін Мұқағали тойының маңыздылығын атап өткен болатын. Осы жылдың қаңтар айынан басталып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде ақынның 90 жылдық мерейтойы өтіп жатыр. Ақын рухын ұлықтау ретінде біршама шаралар жүзеге асырылып та үлгерді. Атап айтқанда, ақын туған ауданның орталығы Нарынқол ауылында Мұқағали атындағы саябақ ашылып, ақынның еңселі ескерткіші бой көтермек. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Мұқағали» атты толық метражды көркем фильм түсірілді. Жобаның режиссері Болат Қалымбетов, сценариін жазған жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Бақытгүл Айдарова Үкіметтің қолдауымен, биыл ақын шығармашылығына арналған 10 томдық кітап баспаға әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі атанған Мұқағали мерейтойына арналған игі істердің бір бөлшегі ғана.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =