Қазақ операсының бір биігі

0 19

Биыл көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының алғаш сахнада қойылғанына 75 жыл толады. Осыған орай, «Астана Опера» театры 17 ақпанда ұлттық классикаға айналған туындыны жұртшылыққа ұсынады.

Аталған шығарманың алғашқы премьерасы 1946 жылы 7 қазанда Алматыдағы Абай атындағы
театрда өтті. Үш жылдан соң опера авторлары мен орындаушыларына Сталин сыйлығы берілді. 1958 жылы спектакль Мәскеуде өткен Қазақстанның өнері мен әдебиетінің онкүндігінде көрсетіліп, ұлт өнерін бір биікке көтерді. Бұл шығарма шетелдіктерге де жақсы таныс, Қажым Жұмалиев жазған либретто түрік тіліне аударылып, ол опера 2013 жылы Самсунда, 2014 жылы Ыстанбұл, Бурса, Ескішехир және Анкара қалаларында жұртшылық назарына ұсынылып, олардың ыстық ықыласына бөленді.
2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біржан-Сара» операсымен «Астана Опера» театрының тұсауын кесті.
– Бұл – біз үшін айтарлықтай оқиға. «Біржан-Сара» қазақ опера өнерінің бір биігі деп бағалаймыз. Біз осы жолы көрермендерге бұған дейінгі қойылымнан ерекшеленетін режиссерлік нұсқаны орындаймыз. Композитор Мұқан Төлебаевтың музыкасы әсем әрі сазды болып келеді. Бұл операда ол кісі халық ақындарының музыкалық дәйексөздерін пайдаланған. Мәселен, «Айтпай» әні бас кейіпкер бейнесінің бастамасы саналады, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер Абзал Мұхитдин.
Көрерменге ұсынылып отырған спектакльде Біржанды Бейімбет Таңарықов, Сараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Жанботаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналықты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Алтынайды Мәдина Исламова, Жиенқұлды Ержан Саипов секілді талантты опера әртістері сомдайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 3 =