©2020 Астана Ақшамы
ҚАЗАҚ ӨНЕРІН ДӘРІПТЕУДІ ҚАПЕРДЕ ҰСТАДЫК
Еркін ҚАСЕНОВ, М.Горький атындағы Орыс академиялық мемлекеттік музыкалық-драма театрының директоры
Жуырда астаналық театр басшылары Еуропа елдерін аралап қайтты. Олардың сапарлары барысында алған әсерлерімен бөлісу үшін М.Горький атындағы Орыс академиялық мемлекеттік музыкалық-драма театрының директоры Еркін Қасеновті әңгімеге тартып едік…
– Әңгіме басын астаналық мәдениеттің келбетінен тарқатсақ...
– Астана қаласының гүлденуі, әлеуметтік-мәдени дамуы, өркендеуі мен әлеуеті үздіксіз ілгерілеу үстінде. Өйткені, бұл іске Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, ел ағалары айрықша назар салып, жұмыла еңбек етуде. Әсіресе, бас шаһардың мәдени айшығы, өнер көкжиегі таңдай қағарлық дәрежеге жетіп келеді. Айталық, «Астана Опера» театры, Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары, «Қазақстан» орталық концерт залы – Астанаға келген әр қонақ қызығатындай нысандар. Мұның бәрі бас қала тұрғындарын мәдени-рухани байытады. Бұлар қазақ өнерінің қара шаңырақтары, алтын босағалары.
Мәдениеттің айрықша биік саласының бірі – театр. Бұл рухани орданың келешегі зор, халыққа берері мол, тәлімі мен тәрбиесі ұшан-теңіз. Театр мәртебесін көтеруде Астана әкімдігі үлкен шаруалар тындыруда. Мәселен, жыл сайын театр фестивалін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнер ұжымдары, шетел рухани ошақтары келіп, бақтарын сынайды. Театрлар арасындағы бәсекені елорда жұртшылығы мен қонақтарына көрсетілген сый-құрмет деп білу керек.
Игі бастама жалғассыз қалған жоқ. Өзге елдердегі әріптестерімен пікір алмассын, көрсін, білсін десе керек, Астана әкімдігі наурыз айының басында бас шаһардағы бүкіл театр басшыларын Еуропаның төрт мемлекетіне іс-сапарға жіберді. «Наз», «Қуыршақ», Жастар, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрларының басшылары және мен жолға шықтық.
– Қандай қалаларды араладыңыздар және бізден ерек, өзгеше нені байқадыңыздар?
– Театр басшыларының тобы Венаның, Париждің, Миланның және Берлиннің мәдени-рухани ордаларын аралап, олардың тыныс-тіршілігімен, кешегісімен, бүгінімен таныстық. Әсіресе, театрларына жіті назар салдық. Айталық, Австрияның Бург драма театрына ат ізін бұрғанымызда репертуарларындағы қойылымдарымен танысып, көрермен мәдениетінің кеңдігіне көзіміз жетті. Олардағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға бөлінетін қаражат та қауқарлы, әртістерінің сапасы да көңіл қуантады. Бізді таң қалдырғаны, Еуропа елдері театрларының қойылымдарына билет бағасы қымбат, екі жүз, үш жүз еуродан кем емес. Соған қарамастан, бір-екі ай бұрын сатылып кетеді екен.
Венадан шығып, Миланға бардық. Онда әлемге танылған Ла Скала театрын тамашаладық. Өнерсүйер, мәдениетті құрметтейтін кез келген адам бір көруге құштар Ла Скала бұл. Міне, сондай өнер ордасының табалдырығын аттау бағын Тәңір біздің маңдайымызға жазыпты. Жолымыз түскен соң, театрдың құрылуында қолтаңбасы қалған меценаттардың есімдерімен, ұжымның құрамымен, мұнда еңбегі сіңген әртістермен таныстық. Миланмен іргелес Венеция, Верона қалаларын шарладық. Ромео мен Джульеттаның ауылына табанымыз тиді. Шаңырақтарын көрдік.
Миланнан шығып, Франция топырағымен қауыштық. Легера Франц театрында болдық. Ромео-Джулетта спектакльін көрдік. Аралаған елдеріміздің көрермендерімен де жүздестік, өнер төңірегінде пікір алмастық, талқыладық. Айта кетерлігі, біз аузымызды ашып, көзімізді жұмып, аспаннан түскендей болып жүрген жоқпыз, өзіміздің қазақ мәдениетін, руханиятын, өнерін дәріптеуді де ұмытпадық. Олар біздің театрлар жөнінде, репертуарымыздағы қойылымдар төңірегінде сұрады. Барымызды мақтанышпен айтып бердік. Келешекте әріптестік байланыс орнату шараларын әңгіме еттік. Қазақстандағы саяси ахуалдан, мұндағы тұрақтылықтан, Астананың даму барысынан құлағдар еттік. Олар біздің елімізге келуге, мәдениетімізбен танысуға ынталы екендерін жеткізді. Біз елімізде өтетін өнер фестивальдары туралы, қазақ әртістеріне не қажет екенін, қандай жетістіктеріміз бар екенін сөз еттік.
– Еуропа елдеріне сапарларыңыздың жетістіктері туралы әңгімелесеңіз...
– Бұл сапардың бізге, Астана өнеріне бергені мол болғанын айту керек. Берлиндегі Қуыршақ театры мен елордалық Қуыршақ театрының ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізуі бұл сөзімнің дәлелі дер едім. М.Горький атындағы Орыс музыкалық-драма театрының басшысы ретінде Миландағы әріптесіммен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Будапештте театр саласының мәселелерін көтеретін үлкен форум өтпек. Олар мені сонда шақыруда.
Англиялық өнер ұжымдары күз айларында «Гамлет» трагедиясын Астанада қоюға ниет білдіруде. Мұның бәріне Еуропаға сапарымыздың нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз.
– Еркін Тілеуқазыұлы, сапар барысында не түйдіңіздер, еуропалықтардан қандай артықшылықтарымыз немесе кемшіліктеріміз бар?
– Қазір жаңа технология заманы. Олар бізден техникалық мүмкіндіктерінің жоғарылығымен озық. Дыбыстық, музыкалық көркемдеудің соңғы үлгілерімен қамтылған. Қойған спектакльді жарықпен көркемдеу декорациясы озық технологияның арқасында биік деңгейге жетіп үлгерген. Біз қызыққан бұл дүниелер Астанадағы іргесі кейін қаланған мәдениет сарайларында бары рас. Бірақ, жүз жылдық тарихы бар драма театрларымызда мұндай жаңалықтарды қабылдау ыңғайға келмей жатады. Сондықтан, қала әкімдігінен осы мәселені шешу үшін жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлуді сұрап отырмыз. Көрген-білгенімізді, түйгенімізді өз сахнамызға енгізсек, көшке ілессек деген ниеттеміз. Өйткені, театр – рухани байлықтың қазынасы. Бұл мәселеге немқұрайды қарамауымыз керек.
Меніңше, балабақшадан, мектептен театрға алтын көпір жасалуы қажет. Білім ошақтарының бәрі театрдың айналасында болғаны ләзім. Шекспирдің шығармаларын ұстаз аузынан ұғыну бір бөлек, ал театр сахнасынан көру бір бөлек. Көзбен көрген дүние санада тереңірек сақталады, өнегесі мықтырақ сіңеді, сезімді басқаша тербейді. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінен», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуынан» сол заманды көресіз.
– Сапар кезінде көрермен өресінің деңгейіне салыстырмалы түрде мән беріп көрдіңіз бе?
– Жаңа айтқанымдай, Еуропа елдерінде театр билеттері ай бұрын сатылып кетеді және құны біздегіден жоғары. Көрерменнің бірі екі еуроға билет сатып алса, қойылым кезінде залда жиырма еуроның орны бос тұрса, ол оған барып отырмайды. Сол тұрған күйінде тамашалайды спектакльді. Ол жақта біздегідей бос орынды иелене салу, шараның ортасынан шығып кету, телефон шұқылау сынды «мәдениетті» көрмейсіз. Олар көрерменді әкелу, ұйымдастыру, отырғызу, Білім, Денсаулық сақтау басқармаларымен байланысып, көрермен жинау проблемаларымен бас қатырмайды. Ал бізде өз аяғымен келетін көрермен санаулы-ақ.
Мәдениет министрлігінің «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады». Күнде ылаң, күнде шу, ұйымдастырған фестивальдарының беделі төмен, айналдырған он театрға ие бола алмай отыр. Театр сыншыларымыз жыртысқа таласқандай болып, жаға жыртысады да жүреді.
Міне, Еуропа мен Қазақстанның айырмашылығы. Тағы айтарым, олар реализмге жақын. Кейбір нәрселерді ашық-шашық көрсете береді. Ал, біз болмысымызға сай, астарлап жеткізуді, сезімді тербеуді, көңілді сергітуді, Абай айтқандай, ішпен ұғынуды, жан дүниемізбен сырласуды мақсат тұтамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Асхат РАЙҚҰЛ