Қазақ неге қамсыз?

0 108

«Қымызға немістер патент алып алды. Қазыны – жапондар, шұжықты – француздар шығарып жатыр. Ойбай, ойбай…». Естіген шығарсыз?

Міне, бүгінгі күннің бар қазағы өстіп ұлардай шулап жүр. Қайтсін енді? Қолдан келер осы болса…

Осыдан бір жарым жыл бұрын Қазақстанға қымыз сатып, Еуропаға аты шыққан Ханс Цоллман атты неміс келді. Төрт жүз жылқы бағып, қымыздың 1 литрін 4000 теңгеге сатып, еуропалықтардың аузын аштырған атақты Цоллманның дәл өзі. Тіпті, еуропалықтар тұрмақ, қазақты да басып озды ол неміс. Алматы мен Астанада болып, еліміздің басқа да аймақтарын аралап қайтты. Айтпағым, Цоллмандармен қазақ жеріне келгенде журналистерден бастап, бүкіл қоғам «әлгі неміс қазаққа қымыз шығаруды үйретуге келіпті» деп шулады. Жалпақ жұрт оның не себепті келгенін білмеді. Білмеген соң, сөйтіп шулады. Ханс пен оның жұбайы Гюдрун Цоллман мырзамен бір дастарханнан дәм татып, әңгімелескен едік. Сондағы Ханс Цоллманның айтқаны «Мені бәрі (журналистерді айтады) қазаққа қымыз шығаруды үйрету үшін келді дейді. Керісінше, үйрену үшін келдім. Қазақстанда ата кәсіппен айналысып жүрген азаматтармен бірлесіп іс бастауды діттеп келдім. Егер бәрін біліп тұрсам, Қазақстанға келемін бе?» деген еді.

Шынымен де, өз ісін бес саусақтай біліп тұрса, қазаққа үйретіп, қазақтың көзіне күйік болып келмес еді. Бие байлап отырған немісті жақтап тұрғаным жоқ. Айтпағым, сол немістің жанкешті еңбекқорлығы мен тынбас талабы. Қымыздың қасиетін, шипасын біліп, ең бастысы, одан пайда табуға болатынын түсінген соң, бөгде ұлттың сусынына көз тікті. Ал біз ше?

Қымыздың дертке дауа және басқа да қадір-қасиетін біле тұра, қауқарсыз отырмыз.

Осыдан екі ай бұрын Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл Парламент төрінде Қазақстанда қымыз ашытып даярлауды реттейтін мемлекеттік бағдарлама немесе заң қабылдауды ұсынған еді. Мысал ретінде Ресейдің аумағындағы Саха республикасында қымыз шығаратын кәсіпкерлерге мемлекет субсидияны екі есе көп беретіндігін келтірген-ді. Оған қоса, коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер берілетінін де айтқан.

Шынымен де, ол елде операциядан кейін емделіп жатқан науқастарға, лагерьдегі балаларға, жетімдер үйіндегі тәрбиеленушілерге бюджет есебінен қымыз беріледі. Тағы бір қосатынымыз, Ресей бие сүтінен жыл сайын 500 тонна балалар тағамын шығарады. Біз жоғарыда атын атаған неміс кәсіпкері бие сүтінен косметикалық өнім шығарады. Биенің сүтінен жасалған сусабын, крем, балмұздақ, балаларға арналған құрғақ сүт пен дәрумендер шығарып пайдасын еселеп отыр.

Біз (қазақтар) пайда табуды көздемесек те, ұлттық сусынымызды сақтап қалу үшін тырыссақ жөн болар еді. Қолды мезгілінен кеш сермемей, арбаның алдына түсуді үйренсек игі. Өз сусынымызды өзіміз шығара алмайды емеспіз. Ендеше не кедергі?

Мәселе, ақшада ғана емес, қоғамның енжарлығы мен жалқаулығында. Қазақтың ертеңгі күніне дайындалуына кедергі жасайтын да – сол екеуі. Әйтпесе, «қымызды немістер патенттеп алды» деп ұрандатып, немістерді жамандап келе жатқанымызға қанша жыл болды. Жалқаулық демекші, Ханс Цоллманмен әңгімеміз аяқталуға жақындағанда ол Қазақстанның табиғатына тәнті болғанын жасырмады.

Әсіресе, жайлауды мақтағанда аузының суы құрыды. Сонда жайлаудағы қазақтардың дәретханаға көлікпен баратынын көріп таң қалғанын айтты. Мен ішімнен оны жалқаулыққа теңедім.

Көкпарды қырғыз, төбетті өзбек меншіктеп алғандай, қамсыз отырсақ, ертең қымызымыз да қолды болады. Сондықтан да әрекет керек.

Айнұр ШОШАЕВА,
a.shoshaeva@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − six =