Қазақ мектебінің қатары көбейіп келеді

0 80

Астана қаласының өн-бойына қазақы қан таралып, ұлттық бітім-болмысы қалыптасып келе жатқанын қазақ мектептерінің көбейгенінен де байқауға болады. 2010-2011 оқу жылында ұлттық білім ошақтарының саны төртеуге артып, 24 болған.

Қалалық Білім басқармасы мамандарының бізге берген мәліметі бойынша, 2012-2013 оқу жылында елордадағы жалпы білім беретін мектептердің саны – 70-ті құраған. Соның ішінде қазақ мектептерінің саны былтырғы оқу жылында 30,3 пайызды құраса, биыл 34,2 пайызға жетіп отыр. Атап айтқанда, осы жылы қатарға №70 қазақ орта мектебі қосылды. Ұлттық мектептердегі оқушылар саны 2011 жылы – 25 883 оқушыны құраса, 2012-2013 оқу жылында 29 523 оқушыға артқан.

Қалаға сырттан ағылатын тұрғындардың көбеюіне байланысты қазақша оқытатын білім мекемелерінде орын жетіспеушілігі байқалып отыр. Осыған байланысты қазақ мектептерінің санын әлі де көбейту жоспарда тұр дейді басқарма мамандары.

Сан мен сапа

Бұрын «қазақ мектептерінде білім сапасы төмен» деген сыңаржақ пікір болған. Мұндай кертартпа сөзге құлақ қойған кейбір ата-аналар баласын орыс мектебіне беріп, әуре болатын. Ал, қазір, керісінше. Ұлттық білім ошақтары өздерінің биік деңгейін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Еліміздің абыройын асқақтатып жүрген көптеген білімді жеткіншек қазақ мектептерінен қанаттанып шығып жатыр. Әрине, шәкірттердің әр жетістігінің тамырында білікті ұстаздардың еңбегі жатқаны айқын.

Бүгінгі таңда елорданың 24 қазақ мектебінде 2018 мұғалім жұмыс істейді. Олардың 1815-сі – жоғары білімді.

Педагогтардың ішінде жоғары санаттысы – 579, бірінші санатты мұғалім – 503 болса, екінші біліктілік санаттылар – 448. Ал, санат әлі алып үлгермеген 488 мұғалімнің басым бөлігі еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандар.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − three =