Қазақ күресі: Неден ұттық, неден ұтылдық?

0 364

Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясының ұсынысы бойынша 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының 5 мектебіне дене шынықтыру пәні ретінде қазақ күресі енгізілді. Осыған орай №65 мектептің дене шынықтыру мұғалімі және қазақ күресінің жаттықтырушысы, самбодан спорт шебері Ерлан Қабышевпен сұхбаттасқан едік.

– Сіз көп жылдар боз кілемнің шаңын шығарып күрестіңіз, 25 жыл бойы осы спортқа әскерилерді жаттықтырдыңыз. Соңғы жылдары танымалдығы артып келе жатқан қазақ күресі туралы не айтасыз? Оның мектеп бағдарламасына енгізілуі туралы ойыңыз қандай?
– Қазақ халқының өте ертеден калыптасқан, көшпелі тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі – қазақ күресі. Ол адамның денесін ширатып, бұлшық еттерін қатайтады. Төзімділікке, батылдыққа, ептілікке, керек кезінде әдіс-айла ойлап табуға машықтандырады. Сондықтан, жастардың бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары.
Ұлттық ойындардың және спорт түрінің жекелеген элементтері міндетті түрде мектептердің дене шынықтыру бағдарламасына енгізілуі керек. Оның өзектілігі сөзсіз. Әрбір сабақ физикалық дамумен қатар балаларға халықтық мәдениет туралы қажетті ақпарат бере алады. Олардан ұлттық тамырдың ажырамас болмысы түзіледі, ұрпақтардың тарихи сабақтастығы қалыптасады және ұлттық сезім күшейеді. Ұлттық код ұлтық құндылықтардан құралады және қайта жаңғыруды қамтиды.
Қазақ күресі 2016 жылы ЮНЕС­КО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген болатын.
Біле білсек, қазақтың балуан­дық өнерінің тарихы тереңде жатыр. Қазақ күресі пәні спорттық бағытты ғана емес, әдеби тарихи кезеңдерді де қамтып өтпек және физика, өзін-өзі тану пәндерімен де тығыз байланыста. Мектеп сабағына ұлттық ойындарды енгізу этникалық ерекшеліктерімізді тереңдете түседі. Халық ойындарының сабақта қолданылуы баланың физикалық күшін нығайтып қана қоймай, олардың сабаққа қызығушылығын арттырады.
Қазақ күресінде балуандық өнер мен азаматтық болмыс ұштасып, балаларға дене тәрбиесін беру негізіне айналады. Оқушылардың ұлттық спорт туралы жаңадан көзқарасын қалыптастырады. Қазақ күресін жетік меңгерген оқушылар жарыстарға қатысып, жоғары жетістіктерге жету мүмкіндігін алады.
Оның пән ретінде толыққанды жүргізілуі үшін мектептер арнайы құрал-жабдықтармен жеткілікті қамтамасыз етілуі қажет. Мысалы, күрес кілемі, киім-кешектер. Сосын, сабақты ұлдар мен қыздарға бөлек оқытқан дұрыс. Басқа ойын залдарынан бөлек күреске арналған жеке спортзалдар болуы керек.
– Самбоның тәсілдері Орта Азия халықтарының күрес өнерлерінен іріктеп алынғандығы белгілі. Қазақ күресі мен самбоның айырмашылықтарын айтып беріңізші…
– Иә, самбоның бізге бөтендігі жоқ. Тікесінен тұрып белдескенде олардың көп айырмашылығы шамалы, самбода тек қосымша аяқ-қолды ауырту, буынды қайыру тәсілдері бар. Мен екі күресті де қатар алып жүрдім. Екеуінің киімдері де бірдей.

Ереженің өзгертілуі қалай әсер етті?

– Осы жерде қазақ күресінің киімі туралы, ережесі туралы айта кетсеңіз. Өйткені спорт мамандарының көпшілігінің оған көңілі толмайды. Осы өзгерістерден ұлттық спортымыз ұтты ма, ұтылды ма?
– Ертеде қазақ күресінің арнайы киімі болған жоқ, шапанмен де, жейдемен де, тіпті ортан белден жоғары шешініп тастап жалаңаш та күресе беретін. Той-томалақтарда жиналған қауымның алдында екі балуандар ортаға шығып белдеседі. Балуандарға ұпай берілмейді, уақыт белгіленбейді, жасқа, салмаққа қарамайды. Біреуінің жауырыны жерге тигенше күресетін. Балуандар ауыр тас көтеру, үстінен арба толы адамдарды өткізу, шу асау атты құйрығынан ұстап жібермей тұру, т.с.с. өнерлерді де көрсеткен.
Бұрын қазақтар белдескенде бұттан ұстау деген болған. Тіпті аяқтан ұстау да болды деп топшылаймын. Өйткені біз көшпенділерміз ғой, күрес өнеріне ертеде жаудан қорғану үшін ерекше мән берілген. Қажымұқан атамыздың жапон балуаны Саракимен күрескендегі бейнежазбасы сақталған, сонда бұттан алып «диірмен» әдісін жасап лақтырып жібергенін көреміз.
Сосын біздің күресте іліп-шалу әдістері көп болған. Сосын «қол байлау» тәсілі қатты дамыған. Ол қай уақытта пайда болған? Ол киім киіп күрескенде пайда болған. Өйткені шапанның жеңінен ұстап, қолды «байлап», артқа-алға іліп-шалып лақтыра берген. Қазақ күресінің бір артықшылығы сол еді. Қолы «байланған» балуан дәрменсіз қалады.
Боз кілемге шыққан балуандардың күресі бірін-бірі ұстаудан басталады ғой. Кім өзіне ыңғайлы ұстап алады, сол оңтайлы әдіс қолданады.
Мен күрестің көп түрімен айналыстым. Сонда самбоға, дзюдоға қазақ күресінен келген балаларды бірден байқайтынбыз. Олар іліп алса, партерге түсіру қиын. «Оу, мынау қазақ күресінен келіпті» деп, аяғынан сақтанатынбыз. Тіпті қарсыласты қолмен ұстамай-ақ, аяқпен іліп алып, құламай тұра беруге болады.
Кейінгі ережесі бойынша қазақ күресі балуандарының киімі шынтақтан, тізеден кесіліп шолтиып қалды. Ал білектен ұстап, іліп лақтыру, іштен шалу қиын. Жең ұзын болмаған соң «қол байланбайды». Сөйтіп, біз ұлттық өнеріміздің ең сұрапыл әдістері – «қол байлау» мен іліп-шалудан айырылып қалдық. Қазір оны самбо иеленіп кетті.

«Айхановтың аяқ ілгегі»

– Атақты балуанымыз Әбілсейіт Айханов ағамыз еркін күресте қазақ күресінің әдісімен бәрін жеңіп жүрген деп айтады. Соны естігеніңіз бар ма?
– Ол кісі 60-70 жылдары еркін күрес түрімен шұғылданды ғой. Бізге күрестен сабақ берді. Мен айтайын, Әбілсейіт ағамыз еркін күресте «қазақша» әдістерді қолданатын. Еркін күрестің ең күшті тәсілі – аяққа өтіп кетіп, көтеріп лақтыру. Бұл күресте ешкім аяқ бермейді, қарсыласың аяғыңа өтіп кетсе – жеңілдің. Ал Айханов керісінше әдейі аяғын беріп қоятын. Айхановтың аяғын ұстаған адам бітті, оның қармағына түсті деген сөз, іліп алып артқа тастайды, әйт­песе орап алып алға лақтырады.
Ол кісі еркін күрестен Қазақстанның, Кеңестер Одағының бірнеше дүркін чемпионы болды. Алайда Айхановты Олимпиадаға апарған жоқ. Оның салмағында Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атақты Медведев болды, ағамыз Одақ көлемінде өткен жарыста оны жеңген. Осы ілу әдісімен Айханов барлық қарсыластарын жеңген. Онысын өзі «ілгек аяқ» деп атаған. Айхановтың бұл әдісін әлемде ешбір балуан қайталай алған жоқ. Еркін күресте тіпті олай күресуге болады дегеннің өзі – ақылға сыймайтын құбылыс.
Дәулет Тұрлыханов та үлкен спортқа қазақ күресінен келді. Ол – классикалық күрестен әлем чемпионы, Одақтың жеті дүркін чемпионы. Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері. Ол барлық қарсыластарын қазақтың «қара жамбасымен-ақ» жер қапсырып жүрді.
Сосын «қазақ күресінің профессоры» атанған Хамит Ысқақов деген ағамыз бар, қазір 70 жастан асты, әлі күреседі. 2-3 жыл бұрын самбодан ардагерлер арасында әлемді ұтқан. Азияның бес дүркін чемпионы. Ол кісінің ерекше тәсілі – қазақша күрес­тің қағу әдісі. 70-жылдары 90 келі салмақта жүріп, абсолюттік күреске шығып, 150 келілік балуандарды шүйдесімен кілемге қадап жүрді. Алыстан екі қолын тіреп тұрып, қарсыластарын тілерсектен қаққанда мұрттай ұшыратын. Дұрысында бұл әдіс қарсыласты тепе-теңдіктен шығарып барып жасалуы керек-тін. Ал Ысқақовтың әдісі барлық физика, биомеханика заңдылықтарын сәйкеспейтін. Оның күресін көзбен көрмеген адам, біреу айтса сенбес еді. Бірақ шындығы сол. Жоғары айтқан балуандардың қай-қайсы да феномен. Бәрі қазақ күресінен келді, сондықтан одан ұлттың иісі шығып тұру керек, оны жоғалтып алуға болмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − three =