Қазақ-испан өнерін тоғыстырды

0 13

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфония­лық оркестрі Қазақстандағы Испания елшілігімен біріккен кеш өткізді.

photo_380479

Екі елдің композиторларының үздік шығармалары орындалған керемет концертте Ғазиза Жұбанованың Мерекелік увертюрасы, Хоакино Родригоның «Aranjuez» гитара мен оркестрге арналған концерті (гитара – Александр Геер), Мануэль де Фальяның «El Amor brujo» балетінен үзінді, сондай-ақ Камиль Сен-Санстың виолончель мен оркестрге арналған №1 концерті (виолончель – Габриэль Уренья) орындалды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Берік Батырхан, бас дирижері – Ернар Нұртазин. Кештің құрметті қонағы халықаралық байқаулардың лауреаты, астуриялық виолончельші – Габриэль Уренья өзінің дарыны мен қабілетінің арқасында көптеген белестерді бағындырған дарын иесі.

Виолончель тарихындағы маңызды оқиғаның бірі пиа­нист – Патси Айзпиримен бірге «ARIA Classics» дыбыс жазу компаниясымен алғашқы компакт-дискіні шығару болды. Дискіге Сергей Прокофьев, Дмитрий Шостакович, Сергей Рахманиновтың шығармалары, «Orquesta Filarmónica of Málaga» оркестрі, Боготадағы Колон театрындағы Колумбия ұлттық оркестрі концерті, сондай-ақ Сервантес театрындағы «Málaga Clásica» фестивалі кезіндегі өнер көрсетулері енген.

Кештің тағы бір қонағы, Халықаралық байқаулардың лауреаты – Александр Геер гитарада өз өнерін көрсетті. Гитара – Испанияның мәдени музыкалық символдарының бірі. Испан композиторлары осы аспапқа арналған әлемдік жауһарларды жарыққа шығарған. Бұл шығармаларды тыңдармандарға жеткізе білу, Геердің шынымен нағыз талант екенін байқатады.

Кешке келген Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хорхе Урбиола тыңдаушыларды түрлі елдердің музыкалық мәдениетімен таныстыратын және музыканттардың шығармашылық тәжірибе алмасуына ықпал ететін осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде филармонияның бас директоры Ерлан Дакенов «Көрермендер асыға күткен «Классикалық музыка кеші» отандық және шетелдік музыканттардың Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына үлкен тартуы болды», астуриялық виолончельші Габриэль Уреньяның концертке қатысуын және дарынын жеке атап өтті: «Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі музыканттар тек онлайн ғана емес, сонымен қатар халық алдында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Талантымен талайды тәнті етіп, өнерімен өрнек салған әйгілі музыкант – Габриэль Уренья сияқты өнерпаздың елорда сахнасында филармонияның симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсеткеніне қуаныштымын. Тәуелсіздік бізге шалқар шабыт, көптеген таланттар сыйлады. Аталмыш концертте соған бәріміз куә болдық» деді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − sixteen =