Қазақ халқының мейірімі шексіз

0 90

Қазақстандағы ингуштар мен шешендердің тарихы 1944 жылғы жер аудару нәубетінен басталғаны белгілі. Оның түпкі мақсаты – алдымен бүтін бір халықтың беделіне нұқсан келтіріп, сосын қазіргі тұрып жатқан жерінің табиғатына мүлдем қарама-қайшы суық далалық жерлерге оларды шашырата жер аудару арқылы тілін, ділін ұмыттыру, қарапайым өмір сүру жағдайы жоқ алқаптарға таратып, жоқ қылу еді.

Менің әкем және анам жа­ғынан да ата-әжелерім Қазақ­станға жер аударылған. Олар­дың шыққанжері – Цорой, қазіргі атауы Донгарон және Яндиево селосы. Қандай қиыншылық көріп, тағдыр тауқыметін тартса да, жер аударылғандардың қол қусырып отыра беруіне болмады. Сол сәтте жергілікті халық өздері де қиын кезеңде өмір сүріп, әрі билік тарапынан «халық жауларын» қарсы алу туралы ақпаратқа қанық болып отыр­ғандықтан, жер аударылғандарға мейіріммен және түсіністікпен қарады. Сөйтіп біздің халық бұл нәубеттен аман шықты.
Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Отбасымыздағы әрбір жан еліміздің абыройлы азаматтары болып жетілдік. Әкем жер аудару мен соғыс біткен қиын жылдар қатар келген тұста дүниеге келіпті. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ата-анасының атына сөз келтірмеу үшін ол өзінен кейінгі 11 інісі мен 5 қарындасына үлгі-өнеге көрсетуге лайықты азамат болып қалыптасты. Қай жерде жүрсе де үздік жұмысшы ретінде танылып, социалистік еңбек екпіндісі мәртебесін, бірнеше рет Қаз КСР жүк тасымалы бойынша жеңімпазы атағын алды. Жұмыс істей жүріп екі жоғары білім алған әкем көп жылдар бойына халықты тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін холдингті басқарды. Анам тек 9 баланы дүниеге әкеліп, отбасының ұйытқысы болып қана қоймай жеке кәсібін де жүргізді. «Күміс алқа» төсбелгісін алды.
Ата-анам қайырымдылықпен айналысқаны үшін жергілікті билік органдарынан Алғыс хаттар алды.
Отбасындағы тоғызымыз қазір Қазақстанда және елден тыс жерлерде түрлі қызметтер атқарып жүрміз. Өзім – салық саласында трансфертті баға қалыптастыру қызметінде заң жасап шығару маманымын. Бүгінгі таңда бір маңызды жобамен айналысып жатырмын.
Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл өзіңнің және сенімен қатар өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін сыйлап, құрметтеу, сақтауды тағы бір еске салатын маңызды мереке. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!

Лидия ХАШИЕВА,
Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшесі,
Қаржы министрлігі ­Мемлекеттік
кіріс­тер комитеті департаменті
басқарма бастығының орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 18 =