ҚАЗАҚ ГАМЛЕТІ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

0 358

Одан қолдан келместі талап етеді, жалпы орындалмай­тын нәрсені емес, оның өз қолынан келмейтінді. Ұлы істі атқару Гамлеттің жүрегіне жүктелген. Ал, жүрек ондайды көтере алмайды.
Гете

Пікірлер айтыла береді, ұлылық қала береді және жарқырай түседі.

«Гамлет» тұңғыш рет 1601 жылы Лондондағы «Глобус» театрында көрсетілген. Арада тура 411 жыл өткенде Тәуелсіз Қазақстанның Ақордасы – Астана қаласында ел қадірлеген атақты ақын, марқұм Ха­мит Ерғалиевтің аудармасы бойынша алғаш қойылып отыр. Мұны драма жанрында Шекспир жасаған мұра өміршеңдігінің тағы бір дәлелі де­сек, сонымен бірге, жақында ғана академиялық атақпен мерейлен­ген Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының жаңа атағына лайық шығармашылық жолдағы кезекті серпінді қадамы, өсу-өрлеу динамикасының тағы бір жарқын белесі болды десек те қателесе қоймаспыз.

Қай құрлықта өмір сүрмесін, қай нәсілден болмасын, адамзат қаракет-тіршілігінің мән-мағынасы ортақ та, өзектес те. Адам өмірінің осы өзара өзектес әрі ортақ мәнін су­реттеу үшін өнерде қолданылатын сюжет саны, зерттеушілер тұжырымы бойынша, қалай айналдырсаң да отыз үштен аспайды екен. Демек, мәселе сюжетте емес, мәселе жазушының талантында, қолға алғанын қалай үлгертуінде болғаны ғой. «Гамлетте» де, біріншіден, бұрын болған оқиғаның сүрлеуі жатыр; ХІІ ғасырдағы Ис­ландия жылнамасына негізделген, Хорвендил деген феодалдың, оның әйелі Герута, ұлы Амлет, інісі Фенго араларындағы өзара қызғаныш пен опасыздықтан басталып, аяғы масқара қантөгіспен біткен қайғылы хикаят. Екіншіден, Шекспирге дейін осы сю­жет негізінде «Гамлет» трагедиясын алдымен Томас Кидд деген автор жазған. Бірақ ол еңбек бізге жетпе­ген. Осы орайда Мұқағали Мақатаев айтыпты деген бір сөз еске түседі. Ол алдына келген жас ақындарға: «Маған жаман өлеңдеріңді көрсетпеңдер, ол бәрібір басылмайды, бірақ мен оны жанымның мартен пешіне салып, қайта қорытамын да, ішіндегі жылт еткен жақсы ойын жауһарға айналды­рып жіберемін, содан қорқыңдар», – дейді екен. Қай заманда, қай құрлықта, қай елде өмір сүрмесін, қай тілде сөйлемесін, ұлылар талант құдіретімен бір-біріне ұқсас келеді ғой. Шекспир де өзіне дейінгі талай қарадүрсін дүниені жан елегінен өткізіп, мәңгі тозбас жауһарларға айналдырған. Соның бірі және бірегейі, әрине – «Гамлет».

Зерттеушілер Гамлетті Еуропа­да қайта өрлеу дәуірінің аяқталу кезеңіне сайма-сай келген тұлға деп оны адамзатпен бірге жасайтын Дон Кихот, Дон Жуан, Фауст сын­ды «мәңгілік образдар» қатарына жатқызады. Алайда, мұндай ортақ тұжырымға келгенше, жалпы Шек­спир шығармалары, оның ішінде «Гам­лет» замана – уақыт безбендерінде бірде жоғарылап, бірде төмендеп, талай-талай әрлі-берлі теңселгені де ақиқат. Мәселен, классицизм тұсында (XVII және XVIII ғасырдың бірінші жартысы) оның пьесаларының поэтикалық пафосы жоғары, бірақ сахна үшін емес. Өйткені, көріністері шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, үш бірлікті: уақыт, мекен, оқиға бірлігін сақтамайды. Бүгінгі күннің сөзін баяғыда өтіп кеткен оқиғаларға киліктіріп анохронизмге жол береді деп есептеген. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы сахнадағы көріністерді өмірдегіге жақындату, ұқсату керек дейтін позитивті және натуралды көзқарас кезінде де Шек­спир шығармалары төңірегіндегі пікірталас өршімесе, саябырсыған жоқ-тын. Айтыса келе, ақыры 1930 жылдан бастап ағылшындар: «Гамлет поэтикалық поэма солай бағалануы керек» деген тұжырымға тоқтаса, шекспиртанушы ғалым А.Анкист «Шекспир пьесаларын оқу үшін емес, сахнада ойналуы үшін жазған. Мұны білу оның өнерін дұрыс түсінудің аса «маңызды кілті» деп дәлелдеген еді. Қазіргі түркітанушылар негізінен осы көзқарасты ұстанады.

Шекспирше театр дегеніміз өмірді танып-білудің өзіндік жолы, болмысқа көзқарасы, яғни, «бүкіл әлем – сахна, ал өмір – театр». Оның түсінуінде «өмір – театр» ұғымы адам жаратылысының негізгі мәнін айқындайды. Бұл «Гамлет» тра­дегиясында да жасырын метафора түрінде көрінеді. Театр тақырыбы өмірдің өзінде өмір ішінде өрнектеліп, қоғамдық актерлық өнердің орны, сахнадағы әрекет мәселесі қоса ай­тылатыны да сондықтан. Иә, «өмір – театр» қайта өрлеу дәуіріне тән дүниетанымның басты идеясы болғаны сөзсіз. Кейінгіге жеткен аңыз бойынша Шекспир пьесалары қойылатын «Глобус» театрының алдында аспан күмбезін құлатпай қолымен тіреп ұстап тұрған Геркулес мүсіні, ал оның етегінде латын тілінде Петрониден алынған: «Бүкіл әлем жалғандыққа құрылған. Адамның бәрі өтірікші» деген жазу болып­ты. Тамырын сол замандағы өмірге деген фольклорлық һәм әдеби көзқарастан тартқан ұғым еді бұл. Оның үстіне дәл сол кез мыңжылдықтар бойында қалыптасқан ескі мәдени ұстанымдардың әбден тозып, іріп-шіріп құри бастаған шағы да еді. Мәселен, Эразм Роттердамскийдің «Ақымаққа мадақ» («Похлава глупости») атты шығармасының кейіпкері Мария: «Адамзат баласының бар өмірі әлдебір комедияға ұқсайды. Қашан көртышқан келіп тіршілік алаңынан сүйреп-ап кеткенше, әркім өз бетпердесімен тиесілі рөлін ойнай береді… Театрда осының бәрі бояуы қалың жағылып, тым ащы түрде көрсетіледі демесек, нақты өмірдің өзінде қалай ойналса, театр соны бар болғаны тек қана айнытпай ғана қайталайды».

Шекспир және оның замандаста­ры «Өмір – театр» деген тезисті өмірдің өзінен айнымайтын оның бір кішкентай бөлшегі түрінде түсінген. Сол себепті, шағын сахна алаңына бар­ша әлемді сыйғызуға, ол жерден адамға тән тіршіліктің барлық қыр-сырын көрсетуге болады деп есептеген. Шекспир болса «Өнер – тіршілік айнасы» деген заман түсінігінен де әрі барып, оны «Өнер – ақыл айнасы» деген ұғыммен тереңдеткен. Басқаша айтсақ, осы екі тезис Шекспир шығармаларында тонның ішкі бауындай боп өзара үйлесімді жымдасқан. Соның арқасында жасырын мета­форалары көп қырлы бола түскен. Метафора, латынша metapһor, орын ауыстыру дегенді білдіреді. Осы әдісті ол шығарма тудыруда өзінің басты құралы еткен. Менің бұл айтып отырғандарым шекспиртанудағы қалыптасқан әлемдік канон десем де болады. Бірақ әр режиссер білім-білігі, талант шеберлігіне қарай уақыт тынысын, көрермен аудито­риясын ескере отырып, шығарманы жаңаша оқып, жаңаша сомдауға еркі бар. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Бо­лат Ұзақов «Гамлетті» қоярда осы қиын жолды таңдағанға ұқсайды. Алдымен 5 актіден, 20-дан астам көріністен тұратын пьесаны барынша қысқартып ықшамдаған, екі-ақ актіге біріктірген. Соның нәтижесінде, ойынға қатысушы кейіпкерлер саны азайған, әрине, жоғалтқандары да бар. Дегенмен, сахнадағы қимыл-әрекет динамикасының ширыға түсуіне қол жеткізгені де байқалады.

Мақала басында Шекспир пьесалары оқу үшін бе, қойылу үшін бе деген пікірталас болғанын айтқанбыз. Біздің жас кезімізде әдебиетті жақсы көрмейтін жан баласы болмаушы еді. Прозаны ғана емес, үлкен поэма, дастандарды, тіпті, пьесаларды да адамдар сүйсіне оқитын. Студентпіз, арамызда кейін академик болған марқұм Рымғали Нұрғалиев бар, У.Шекспирдің «Гам­лет», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», М.Әуезовтің «Қаракөз» пьесаларын дауыстап оқитынбыз, тал­дайтынбыз. Драматургия табиғатын түсінуге, әсіресе, Рымғали досымыз бейімділеу еді. Оны «Гамлеттегі» әке әруағымен тілдесетін сахна қатты толғандыратын. Бәріміз боп атақты «Быть или не быть» тіркесінің қазақша баламасын іздейтінбіз. Ең дұрысы, дәл нұсқасы «болу, я болмау» дегенге тоқталатынбыз. Әдебиетке деген құштарлықтың ба­стауында жүрген сол бір студенттік шақтан-ақ пье­са мәтінінде Гамлеттің жан дүниесіндегі өзгеріс психологиялық тұрғыдан екі кезеңнен тұратынын байқағанбыз. Сонда ол әке әруағымен кез­дескенге дейін біздің көзімізге бозда ойнап жүрген қайғысыз, мұңсыз бозбала кейпінде көрінетін. Осы тұсы мына жаңа қойылымда мәтіннің қысқартылуына байланы­сты шолақтау қайрылғандай екен. Соның салдарынан, ойыннан елеулі кейіпкерлер Гамлеттің досы Горации мен офицер Марцелла да түсіп қалған. Сол себепті де, Марцелланың «Дат корольдігіндегінің бәрі іріп-шіріп біткен-ау» дейтін сөлі сорғалаған ащы сөзі (I акт, IV көрініс) айтылмайды. Десек те, қысқарту арқылы ширығуға қол жеткізген деген пікірімізден де бас тартпақ емеспіз. Ойын басында Гамлеттің ойға алғыр, әзіл-оспаққа бейімділігі, бейқамдығы аз да болса көрінбей қалмайды. Әсілі, ол жара­тылысынан сезімтал, үнемі өз ішіне өзі үңіліп жүретіндіктен әке кегі үшін Клавдидің өлімі ешнәрсені өзгертпейді деп есептейді. Зұлымдықты жазалау міндеті екенін білмейді емес, біледі. Алайда, король әулетіндегі ежелден қалыптасқан кек алу дәстүрі Клавдиді өлтірумен түбегейлі шешімін тап­пайды деп ойлайды. Өйткені, оның байқауында Дания түрме іспеттес. Зұлымдық терең тамырланып, бүкіл қоғамға кең жайылып кеткен. Елді осындай милығып кеткен былық-шылықтан тазартуға бір өзінің шамасы жетпесін түсінгендіктен де кек алудан тартынғандай еді. Алайда, әкесін идеал көріп, оны ерекше құрмет тұтқан перзенттік жүрегі сол аяулы әкенің елесінен қастандық сырын білгеннен кейін ғана мүлде басқаша ширығады. Ақыры Клавдиді өлтіріп, зұлымдықты жазалайды. Салқын ақылды ыстық жүрек жеңеді. Осы тұста бір ойланатын жерің, Гамлет бойындағы ерге керекті мінездің «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейтін Абай сипаттамасына дөп келетіні. Уақыттың, жердің, тілдің алшақтығына қарамастан ұлылар талантының табиғаты ұқсас әрі үндес болады екен-ау деген бастапқы ойыңды ішке тағы бір бүгіп қоясың. Мен мұның бәрін пьеса мәтініне сүйеніп емес, Гамлеттің образын сомдаған актер Нүркен Өтеуіловтің ойынынан шығарып айтып отырмын. Ол өз уақытына тән алысу-жұлысу, жұдырықтасу, қанжар, қылыш сияқты суық қаруларды айқас үстінде қалай пайдалану жағынан да замандаста­рынан бір иық озық тұрған жасұлан, бірақ ұр да жық емес. Ол сезімтал, ойшыл. Жүзінің ашықтығымен сөзді анық жеткізетін дауысының құлаққа жағымды әуездігімен, түрмеге ұқсас ғимараттың бұрыш-жақтауларымен нағыз цирк әртістерінше бір жоғары шығып, бір төмен түсіп, қиналмай

емін-еркін қозғалатын ептілігімен де ол көрерменді өзіне бірден баурап алады. Бас премьераның бірінші күні кейбір сөздерінің анық естілмей қалып олқы-толқы соққан тұстары болмай қалған жоқ. Ал, екінші күні кешегі көрермендер көрсеткен ыстық қошеметтен кейін өзіне деген сенімі арта түсті ме, ішкі жан арпалысы мен сыртқы әрекет қимылының бір бірімен табиғи үйлесімі жақсарды; көкірегінен жарып шыққан сөздері де осы үйлесімге дөп келіп, қыбыр етпестен көріп, ұйып тыңдаған залдағылардың ықылас-зейінін де, көңіл-күйін де сахнадағы Гамлет бейнесіне байлап қойды, ойын біткенше бір босатқан жоқ. Сонымен, қазақ актері Гамлет бола алды ма? Сұрақ жайдан жай қойылған жоқ. Мәселен, осы пьесаның орыс тілінде 50-ден астам аудармасы бар екен. Бұл орыс жұртының әлемдік жауһарға деген қызығушылығының қаншалықты жоғары болғандығын көрсетеді. Соған сәйкес, Гамлетті орындаушылар қатары да көп болғанын білеміз. Солардың ішінде И.Смоктуновский айрықша жұлдызды болды. Студенттер арасында оның актерлық шеберлігін сөз ету, талдау өнер сүйген жастар үшін бір ғанибет шуақты сәттеріміз еді. Ал, оны 39 жасында кинорежиссер Григорий Козинцев «Гамлет» фильміндегі басты рөлге шақырып, ол фильм кейін бүкіл дүниежүзі экрандарында көрсетіліп, Смоктуновский бұрын-соңды театр мен кинода Гамлет об­разын сомдағандардың ішіндегі ең үздігі деп танылғанда, алғаш рет сол кездегі Кеңестер елінде «Смокту­ланы» дейтін фанаттар тобы пайда болған еді. Әрине, сол ортақ өнер қуанышы ішінде қазақ жастары да аз емес-тін. 1971 жылы атақты режис­сер Ю.Любимов қойған спектакльде Гамлетті Владимир Высоцкий ойнап, актерлық беделін көтереді. Актер Андрей Тарковский сомдаған Гамлет те көпке дейін театр сыншылары мен өнер сүйер қауымның аузынан түскен жоқ. Біз бүгін осы қатардан қазақ актеры Нүркен Өтеуілов ойып тұрып өз орнын алды-ау деген ой­дамыз. Тек ұзағынан сүйіндірсін.

Жалпы, режиссер бар күшін Гам­лет образына бөліп, басқаларды осы бейненің бедерлене түсуіне қызмет қылуға бағыттаған сияқты. Ұтыс – қазақ Гамлеттің көрерменді қызықтырып, баурап, көңілдерінен шыққаны, көрермендердің оны өз ортасының адамындай жақсы көріп кеткені. Алайда, жақсының да көлеңкелі жағы болады десек, бұл жерде ол басқа кейбір образдардың солғындау шыққанынан байқалады. Премьера екі күн ойналғанда, Гамлет бейнесіндегі Н.Өтеуіловтен басқасы ауысып отырған еді. Салыстырсақ, бірінші құрамда Клавдиді ойнаған Ерлан Малаев сасықтау, пасықтау әрі сүйкімсіздеу боп көрінсе, оны екінші құрамда ойнаған Ержан Нұрымбет жылпос, арамдығын ішке бүккен зымиян кейпінде танылды. Алайда, екеуі де Шекспир метафорасының жасырын астарына тығылған сайқымазақ бейнені біршама оңды сом­дай алды деуге болады. Артист Бо­лат Ыбыраевтың Полониі мысық жүрісті, айлакер түлкідей жымысқы, ал, Кеңес Нұрлановтың кескіндеуінде ызғарлы, өктем болып көрінгісі кел­генмен, олай болмай, қалбалақтаған олақтау қалпынан шыға алмай-ақ қойды. Тағы бір айырмашылықтары Б.Ыбыраевтың сөздері кейде сыбырға ұласып, естілмей жұтылып кетіп жатса, К.Нұрланов сөзді ашық, айқын, нақтап айтады екен. Ол осы жағынан ұтымды көрінді. Екі құрамда да Офелияның (Таңсұлу Мұзафарова, Гауһар Жүсіпова) сүйген жігіті Гамлетке де­ген махаббаты жеткілікті ашылмайды. Сүйіспеншілік отына күйгені немесе сезімін есепке құрғаны, я болмаса, әке сөзінен шыға алмай қалғаны, басына түскен істің осы мүмкін үш қырынан да таныла алмайды. Сол сияқты Гертруда рөліндегі Алтынай Нөгербек те, Сая Тоқманғалиева да жақсы ойынымен көрермен көңілінде мөрлене алды деп айту қиын. Король күйеуін өлтіруге неге қатысты, оның інісі Клавдиге деген жан шыдатпас алаулаған махаббаты ма? Баласы ер жетіп, шау тартып қалған әйел… Қызық. Баласының басындағы жан күйзелісіне неге селсоқ? Жасы келген мосқал әйел қалайша қуыршақ ор­нында секеңдеп жүр? Пьеса желісінің қысқартылуына байланысты жетілмей қалды ма екен? Әлде «Қатын кімнің қатыны, ала қаптың қатыны, ала қаптан ас кетсе, әлде кімнің қатыны» деп қазақ атамыз айтқандай, бай да, бала да маңызды емес, тұрмыстан жүдеулік көрмесем болды дейтін тоғышарлығы, яғни, Шекспирдің жасырын метафорасының бір үлгісі ме екен?

Спектакль ішіндегі спектакль бұрынғы король «Гонзагоның өлімі» туралы көрініске тоқталмай кету жөн болмас. Өйткені, бұл спектакльге көлденеңнен қыстырыла салынған қосымша емес, бүкіл қойылымның ащы-тұщы дәмін келтіретін тұздығы. Осы жерде Гамлет те ерекше түрленеді. Ол – режиссер, актер монологына біраз қосымша жолдар қосатын ав­тор, сондай-ақ, спектакльді қоюшы әрі комментатор. Гамлет бүкіл қауым алдында актер орнын, актер тұлғасын бәрінен де жоғары қоятынын ашық та тура айтады. Яғни, метафораға жасырынған «бүкіл әлем – сахна» деген түсініктің сырын ашқандай болады. Осы орайда, көріністегі актер рөлінде болған Қасымхан Бұғыбайдың жақсы ойынын атап айтқымыз келеді.

Тарихшылардың жазуынша, Англия королевасы Елизавета театры аса жұтаң болса керек. Сосын да шығар, пьеса ремаркасында оқиға қала әкімдігі алдындағы алаңда өтеді деп көрсетілген. Оған қоса, Гамлеттің Да­нияны түрмеге теңейтінін ескерсек, сахнаның темір шыбықтардан өріліп, түнерген түрме терезелері түрінде жа­салуы орынды. Заманның тарлығын, қоғам басындағы қыспақтағы ме­шеу өмірді меңзейді. Яғни, қоюшы-суретші Дәулет Доспаев көрерменді ту сонау алыста қалған қапасты заман түнегінің ішіне бірден енгізіп жібереді. Музыкамен көркемдеуші Қайрат Тоқымбетов те қажетті саз ырғағын дұрыс таңдаған. Кимелемейді, басқа жаққа бұра тартпайды, көрерменді сахнада болып жатқан әрекетті түсінуге жетелейді, қыр-сырының ашыла түсуіне көмектеседі.

Әдетте, бұрыннан қалыптасқан қойылымдарда, әке елесі буға оранып жер астынан шығар еді, інісі Клавдиге айтатын оның азалы үні де жер астынан естілер еді. Бұл әрекеттерді ре­жиссер Болат Ұзақов жоғарыға, аспан астына қарай көтерген. Қазақылыққа жақын ұғым. Өйткені, қазақ ұғымында аруақ та періштелер секілді көк аспан аясында жүреді. Спектакльден алар әсерді күшейткен режиссерлық оңды шешім. Тек қойылым фина­лында Гамлеттің елесі жұлдыздай самғап аспанға ұшып кететіні «осы қалай» дегізеді. Қысқартудан туған шорт кесуге ұқсайтындай. Мәселен, осындай шешімді былтыр режис­сер Қуандық Қасымов қойған «Ме­дея» спектаклінен де көрген едік. Онда да Медея ойын финалында көкке көтеріліп ғайыпқа кетуші еді. Қайталау шаблонға айналса, өнер қадірін түсіретінін естен шығармаған жөн-ау.

Шекспирдің ұлы талант иелерін сөз еткенде, олардың ұлы демеушілері де еріксіз еске түседі екен. Мыса­лы егер Мұхамбет өзінен жиырма жас үлкен, жесір отырған бай әйел Қадишаға үйленбегенде, ол көктегі Ал­ладан түскен Құранды қабылдап алған Мұхамбет пайғамбар атанар ма еді, қайтер еді?.. Шекспир де сондай. 1601 жылы «Глобус» театрында «Гамлет» қойылып жатқанда, әбден қартайған кемпір королева Елизаветаның жас фавориті граф Эссекс абсолютизмді шектету мақсатымен, өзінің қамқоршысына қарсы зиялыларды бастап бүлік ұйымдастырады. Бірақ халық оларды қолдамайды. Бүлікшілерді жазалау кезінде Шекспирдің қаржылық демеушісі граф Саутгемптон да ұсталып, абақтыға жабылады. Шекспирдің де қаржылық басына үлкен қауіп бұлты үйірілгендей болады. Алайда, көп ұзамай, граф Саутгемптон абақтыдан ақталып шығып, Шекспир кедейшілік құрсауынан біржола құтылса керек. Сөйтіп, қайырымды демеушісінің арқасында ойға алған шығармаларын жазу­ды емін-еркін жалғастыра береді.

Шекспирдің ұлы мұрасы арада төрт ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлем жұртшылығын этикалық-эстетикалық тұрғыдан болсын, тарихи-танымдық, психологиялық тұрғыдан болсын, үнемі сүйсіндірумен келеді. Соның тағы бір жарқын дәлелі – Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Гамлет» премьерасының көрерменді қуантып, зор табыспен өткені.

Өтен АХМЕТ,

өнертанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =