Қазақ футболының жарық жұлдызы

0 109

2021 жылы 12 мамырда қазақ футболының жарық жұлдызы, «Қайрат» командасының, Қазақстан құрамасының аты аңызға айналған атақты футболшысы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Сегізбаев Тимур Санжарұлының туғанына 80 жыл толды. Ол 2011 жылы қыркүйекте құжаттары 1927-2011 жылдар аралығын қамтитын жеке архивін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне тапсырған болатын. Бүгін сол құжаттарды сөйлете отырып, Тимур Сегізбаевты еске алуды жөн көрдік.

Тимур Сегізбаев 1941 жылы 12 мамырда Семей қаласында дүниеге келді. 1944 жылы әкесі Санжардың қызмет ауыстыруына байланысты, Сегізбаевтар отбасы түгелімен Алматы қаласына көшіп келеді. Бала кезінде Тимур Санжарұлы барлық ұлдар сияқты футбол ойнады. Бүкіл жазды Талғар шатқалындағы пионер лагерінде өткізді. Бірде ол Алматы қаласының қақ ортасындағы А.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағында орналасқан «Спартак» стадионында пионер лагерлері арасында өткен футбол жарысына қатысады. Осы ойын барысында оны «Авангард» балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы және директоры Г.А.Козелько байқап, өз секциясына шақырады.
1955 жылдан бастап Сегізбаев футбол бойынша Қазақ КСР жасөспірімдер құрамасының ойыншысына айналады. 1959 жылы Қазақ КСР футбол құрама командасының сапында жастардың футбол мектептері арасында Воронеж қаласында өткен Кеңес Одағының біріншілігінде өнер көрсетті.
Сегізбаевтың шабуыл ұйымдастырушылық дарыны мен шебер доп соғатын қасиеттері «Қайратқа» келгенге дейін-ақ байқала бастады. Республиканың бас командасында өнер көрсеткенге дейін КСРО оқушыларының спартакиадасында Тимур армян құрамасына қарсы өткен ойында керемет жасайды. Бірінші таймда қазақстандықтар қарсыластарына есе жібереді. Есеп – 0:5. Ал екінші таймның 45 минуты өткен кезде тақтадағы есеп 5:5 болды. Барлық голды жалғыз Сегізбаев соққан еді. Мұндай жағдай бұған дейін КСРО мен Югославия құрамаларының арасындағы ойында ХХ ғасырдың 50-ші жылдарындағы көрнекті ойыншы Всеволод Бобров тарапынан жасалған болатын. Тимур Санжарұлының жеке архивінде онымен бірге түскен фотосурет сақталған.
1958 жылы орта мектепті бітірген Т.Сегізбаев Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Екінші курста ЖОО басшылығы алдағы жылы одақтық чемпионаттың жоғарғы лигасында өнер көрсетуі тиіс рес­публиканың «Қайрат» бас футбол командасы олардың қызығушылығын туғызып отырғанын хабарлайды. Осы сәттен бастап команда мен оның ойыншысының тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты болды.
1960 жылы 12 мамырда 19 жасқа толған Т.Сегізбаев өзінің туған күнінде «Қайрат» командасы сапында КСРО чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсетті. Бұл алматылық команданың кеңес футбол элитасындағы алғашқы маусымы еді. Сол ойынға «Қайрат» аутсайдер рөлінде келсе, «Беларусь» командасы бірінші орында келе жатқан болатын. Оның үстіне, ойын Минск қаласында өтті. Алайда дәл осы матчта «Қайрат» командасы жоғары лигадағы алғашқы жеңісін атап өтті. Оның басты себепкері – қатарынан екі гол соққан жас шабуылшы Сегізбаев еді. «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіске жетті.
1962 жылы мәскеулік «Торпедо» қақпасына Сегізбаевтың соққан голы «Қайрат» жанкүйерлерінің есінде мәңгі қалды. Т.Сегізбаев алаңның ортасында ойнап жүріп, допты 35 метрден тепкен болатын. Бұл оқиға сол кезде «доп мүмкін емес траек­тория бойынша қақпаның жоғарғы бұрышына ұшып жетті. Жан ұшыра секірген қақпашы А.Кавазашвили тек қана осы голдың сұлулығын одан ары арттыра түсті» деп суреттелген болатын.
1964 жылы 26 тамызда мәскеулік «Спартакпен» болған ойында қазақ футболының жарық жұлдызы өзінің ең жарқын голдарын соқты. «Қайрат» қаһарлы қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Екі голды да бүкіл қазақ даласын өзі ойнаған фильм арқылы баурап алған «Қожаның» туған ағасы – Т.Сегізбаев соққан болатын. Сол кезде кеңес футболының патриархы және «Спартактың» аты аңызға айналған футболшысы Н.П.Старостин «Қайрат» Сегізбаев орындаған сирек соққылардың арқасында ғана жеңіске қол жеткізді деп айтқан еді. Матчтың ертеңінде үлкен елдің орталық газеттері «Тимур және оның командасы» деген тақырыппен жарыққа шықты. Ол туған республикасында танымал тұлғаға айналды.
1966 жылы ол «Қайраттың» капитаны болып сайланып, 1970 жылы өзінің футболдағы мансабын аяқтағанға дейін команданы басқарды. Сонымен қатар, Тимур Санжарұлы команданың комсоргы болды.
Сегізбаев өмір бойы футболшы бола алмайтынын түсініп, өзін ертеңгі күнге ертерек дайындаған сияқты. Ол С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсті. Ол ойында да, оқуда да ерекше табысқа жете білді.
60-шы жылдардың аяғында «Қайрат» капитаны бұрынырақта алған созылмалы жарақаттардан зардап шеге бастады. Сегізбаев әлі де газонға шыға алатын жағдайда болды, бірақ, ол өзіне нашар ойындарды рұқсат ете алмады. Т.Сегізбаев 29 жасқа толуға үш күн қалғанда, яғни, 1970 жылы 9 мамырда алаңға соңғы рет ойыншы ретінде шықты. Жетекші футболшыны шығарып салу КСРО чемпионатының Баку «Мұнайшысына» қарсы «үй ойыны» кезінде ұйымдастырылды.
Т.Сегізбаевқа Қызылорда қаласының «Автомобилист» футбол клубына жаттықтырушы болу ұсынылды. Ол осы уақытқа дейін үлкен теориялық материал жинақтап, П.Г.Зенкин, Н.Я.Глебов, А.А.Келлер, В.А.Котляров, А.А.Гринин, А.А.Севидов сияқты тарланбоз жаттықтырушылардың оқу-жаттығу сабақтары мен ойын талдауларына конспект жасап жүрген болатын.
Ол кезде «Б» класындағы командалардың соңында жүрген команданы көтеру үшін үлкен жұмыс істеу керек болды. Үлкен футболды көрмеген қала жанкүйерлерін қызықтыру аса маңызды болды. Бапкердің стратегиясы мен тактикасы көп ұзамай өз нәтижесін берді. «Автомобилист» 4-5 орынға дейін көтерілді.
1970 жылы Сегізбаев қарағандылық «Шахтерді» басқарды. Қазақстанның көмір астанасынан шыққан команда КСРО чемпионатының бірінші лигасында ойнады және республикада «Қайраттан» кейінгі екінші орынды алды. Тимур Санжарұлы «Шахтерді» басқарған екі жыл ішінде команда алғашқы ондықтың ішінде болды. Мұның барлығы – бұрынғы дарынды футболшы, бүгінгі бапкердің ерекше қасиеттеріне тәуелді болатын.
Сегізбаевтың арманы «Қайратта» жұмыс істеу еді. Ол арманы көп ұзамай, 1972 жылы жүзеге асты. Ол Алматының «Қайрат» командасын 1979 жылға дейін басқарды. Ол КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1956 жылғы футбол бойынша Олимпиада ойындарының чемпионы, 1975 жылы «Қайрат» командасының бас жаттықтырушысы болған Всеволод Михайлович Бобровпен бірге жұмыс істеді. Т.Сегізбаев, С.Каминский, Л.Остроушко сияқты жаттықтырушылар триумвираты әлі күнге жанкүйерлердің есінде болар…
Ол содан кейін, Қызылорда қаласындағы «Мелиоратор» футбол командасының аға жаттықтырушысы болды. 1981 жылы Футбол бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің меңгерушісі, кейіннен директоры болды.
Кейіннен, Сегізбаев үш жыл бойы Йемен Халықтық Демократиялық Республикасында жаттықтырушы-кеңесші болып жұмыс істеді. Ол өз соңында 15000 көрерменге арналған сол елдегі ең алғашқы шөп жамылғысы бар стадионды қалдырды. Бұл құрылыс тікелей оның бастамасымен салынған болатын.
1986 жылдан бастап өзінің сүйікті «Қайратын» қайта басқарып, аға жаттықтырушы болды. 1986 жылы «Қайрат» КСРО чемпионатында команда тарихындағы рекордтық орынға (7-ші орын) ие болды.
Т.Сегізбаев 1989 жылдан Қазақ КСР Спорт комитеті футбол бөлімінің бастығы; Қазақстан футбол қауымдастығы мен футбол одағының вице-президенті, президенті, бас хатшысы болды.
Тимур Санжарұлы КСРО спорт шебері, «Футболдан Қазақ КСР-не еңбек сіңірген жаттықтырушы» атақтарына ие болды. 2001 жылы 60 жылдық мерейтойына орай Тимур Санжарұлына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, ФИФА президенті Йозеф Блаттердің, УЕФА басшысы Мишель Платинидің атынан алғыс білдірілді.
2004 жылы Сегізбаевқа «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» атағы берілді. Қазір оның атындағы сыйлыққа Ақмола облысының Зеренді қаласында, сондай-ақ Қызылорда облысында футболдан халық­аралық турнирлер өткізіледі. «Қайрат» футбол клубының жасөспірімдер академиясы оның есімімен аталған.
2011 жылы үздік еңбегі үшін Т.Сегізбаев еліміздің жоғары спорттық наградасы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің Олимпиадалық орденімен марапатталды. Т.Сегізбаев – «Отан» орденінің кавалері.
Осы мақалада әрдайым ­Тимур Санжарұлының жанында болып, барлық уақытта оған қолдау білдірген жұбайы Клара Абдуллаевнаға ерекше құрметімді білдіргім келеді. Олар 50 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, өздеріне керемет немерелер сыйлаған Айгүл, Жанна және Лаура есімді үш қыз тәрбиелеп өсірді.
Тимур Санжарұлы 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, кейін ақталған Қырғыз КСР Жоғарғы Сотының Төрағасы – әкесі Санжар Бақтыбайұлы туралы бірегей құжаттарды да Орталық мемлекеттік архивке берді. Бүгінгі таңда, ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған Т.Сегізбаевтың жеке қорының құжаттары мазмұны жағынан әртүрлі және ол құжаттар зерттеушілер мен оның жанкүйерлерінің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.

Елена ЖҮНІСОВА,
Орталық мемлекеттік архив қызметкері

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 − 3 =