Қазақ футболының көсегесі қалай көгереді?

0 55

Еліміздегі аяқ доптың аяңдап қалғанына айта-айта жалығатын болдық. ФИФА-ға мүше болғанымызға ширек ғасыр, ал УЕФА-ға мүше болғанымызға аттай жиырма жылдың жүзі болды. Алайда отандық футболшылардың деңгейі өспей қалды. Себебі легионерлер легі дес бермей тұр.

Әу баста ФИФА мен УЕФА-ға мүше болғанымызда бөркімізді аспанға атып, әлемнің іргелі клубтарының қатарында боламыз-ау деп қуанғамыз қандай еді?! Мәселе неде деп ойлаймыз. Қазақстан футбол федерациясындағы жүйесіздік, басшы мен бапкер ауыстырғаннан басқа ештеңе өндіре алған жоқпыз. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та жоқ емес деп ойлаймын. Егемендік алған жылдардағы кезеңді еске алайықшы, бүйірі тесік бюджеті бар қазынаның қалтасына түспей-ақ, әр облыс­тағы жергілікті меценаттардың қолдауымен-ақ қазақ футболы тәп-тәуір өнер көрсетті. Қарағандының, Ақтөбенің, Жамбылдың, Қостанайдың, Шымкенттің, Павлодардың футбол командаларына жергілікті билік пен қалталы азаматтар қамқор болып, ел футболын өрге сүйреді. Осы жылдарда қазақ футболының отаны Семейдің «Елім-ай» командасы үш дүркін Қазақстан чемпионы болды. Ол деңгейге қалай жетті дейсіз ғой? Семей қаласындағы жергілікті меценаттар әр ойыншыны өз қамқорлығына алып, тиісті қаражатын өз қалталарынан төлеп ұстаған, әрине, әкімшілік тарапынан мардымыз болса да көмектің болғанын жоққа шығармаймыз. Бұл жерде «Елім-айдың» еселі жетістігін айтпаса болмас,ТМД елдері чемпиондары кубогының жартылай финалына дейін барды, бұл дегеніңіз бүгінгі УЕФА кубогының топтық кезеңімен бірдей жетістік дер едім.
ФИФА-ға мүше болған жылдары футбол федерациясында біраз жетістіктер болғаны байқалды, алдымен жергілікті жерлердегі футбол инфрақұрылымын дамыту қолға алынды. Ел чемпионатының құрылымы премьер лига, бірінші лига болып екі топқа бөлінді, кей облыстарда үшінші топта пайда болды, бұл әрине, қуанарлық жағдай еді. Бірақ кейіннен аймақтардағы футбол жүйесі едәуір қожырап кеткенін жасыруға болмас. Мәселен, балалар мен жастарды тәрбилеуге мән берілмей кетті. Көптеген стадиондар УЕФА талаптарына жауап бермейді. Футбол академиялары барлық жерде бірдей дамып отырған жоқ.
Бүгінде Алматы, Жамбыл, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан басқа бірде-бір облыстың футбол академиялары ғана өз түлектерін бүгінгі талапқа сай дайындап отырған жоқ. Соның салдарынан қазақ футболшыларының деңгейі өспей қалды.
Енді премьер лиганың жайына келейік, соңғы жылдары қазақ футболының мәртебесін көтеріп, әлемдік деңгейде бедел әкелген «Астана» командасының жайына тоқталайық. Елордалық команданың Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасындағы жетістіктерін, әрине, жоққа шығармаймыз. Ел үшін бұл үлкен жеңіс болғаны сөзсіз. Алайда ашығын айтсақ, «Астана» командасы «Самұрық-Қазынаның» қомақты қаржысының арқасында қолдан жасалған кілең легионерлер командасы болды. Кейбір ойындарға бірде-­бір қазақстандық ойыншы қатыспағанын да көрдік. Ал шын мәнінде жергілікті ойыншылар жоқ емес, бірақ оларға шетелдіктерге жасалғандай жағдай жасалмады. Сондықтан «Астанаға» енді «Қайрат» футбол академиясы сияқты жағдай жасау керек, сонда ғана астаналық команда тұрақты, болашағы бар команда болады.
Айтпақшы, легионер демекші, соңғы жылдары қазақ футболында келетін легионерлер саңырауқұлақтай қаптап кетті. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл, әрине, жас ойыншылар үшін тәжірибе болары анық, алайда сол легионерлердің бәрі бірдей жақсы ма? Қарап отырсақ, КПЛ-дің ортаңқолды командалары қайдағы-жайдағы ақсақ-тоқсақ легионерлерді жинап алатын болды. Ал сол шеттен келгендер бәрі бірдей жергілікті жас футболшылардан әлдеқайда жақсы ойнайды деп айта алмайыз. Ал неге екені белгісіз, клуб басшылығы ақшасын молырақ төлеген ортаңқол легионерлерге сенім артады. Соның салдарынан талантты футболшылар, әсіресе қазақ жастары қосалқы топта қалады, тіпті алаңға да шықпайды. Осылайша қазақ футболының болашағына балта шауып отыр­мыз. Бұл клубтардағы селекционерлердің әккі қулығына айналғандай, арзанқолды легионерлерді топырлатып әкеледі де, облыстың қазынасынан клубқа бөлінген қаржыны талан-таражға салады. Осылайша премьер-лигадағы командалардың басым көпшілігі әупірімдеп маусымды аяқтайды. Сондай-ақ өңірлерде футболдан мүлде хабары жоқ мамандар футболды басқаратын болды. Осындай қол ұшынан жалғасқан жемқорлық қазақ футболының болашағына қауіп төндіріп отыр. Оған дәлел келген легионерлердің қаржысын төлемей, клубтарымыз опық жеп отыр. Мәселен, әлемдік рейтингте өзіндік орны бар, Қазақстанның бірнеше рет чемпиондары болған «Ақтөбе» мен «Ертіс» командалары осындай күй кешті. Айтпақшы, «Ертіс» ұлттық чемпионаттан мүлдем шығып қалды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз үндеуінде футболға жергілікті бюджеттен қаржы бөлуді қысқартуды тапсырғаны белгілі. Сондықтан алдымен федерациясынан бастап реформа жүргізу керек деп ойлаймын. Соңғы деректерге жүгінсек, қазір біздің деңгейіміз Азия федерациясындағы көршілеріміз түбі бір туыстармыз Өзбекстан, қыр­ғыз елінің аяқ допшыларынан рейтинг бойынша төмен тұр екенбіз. Бұл тұрғыда клубтық деңгейіміз басымдау болғанмен, құрама деңгейінде бағымыз жанбай тұрғанын жасыра алмайыз. Құрама демекші, кейінгі кездері құрамаға бапкер тұрақтамайтын болды. Бірі келіп, бірі кетіп, құраманың берекесі кетті. Биыл құраманың тізгінін отандық бапкер Талғат Байсуфинов ұстады, бұл өте дұрыс шешім болды. Біріншіден, қос тілді жете меңгерген тәжірибесі бар білікті бапкер – қазақ футболындағы ойыншыларды және олардың деңгейін жақсы білетін маман. Осы тұста айта кететін бір жай біздің федерация басшылары қандай бапкер құрамаға келсе бір-екі жылдан соң, қолынан келмеді, тапсырманы орындамады деп сенімсіздік танытып жатады. Бұл ретте шетелдік бапкерлердің біздің елдің менталитетіне, тіліне үйренгенше қаншама уақыт керек екенін ескере бермейді. Негізі құрама тізгінін ұстаған бас бапкер кем дегенде 3 жылдай болуы керек, сонда ғана ол толыққанды команда қалыптастыра алады. Бұл жерде бір ғана мысал келтірейін, халықтық команда атанған «Қайраттың» тарихына көз жүгіртсек, кеңестік кезеңде жасыратыны жоқ, әупірімдеп әрең жүретін командаға келмейтін бапкер жоқ еді. Сексенінші жылдары команда тізгінін ұстаған өзіміздің атақты футболшымыз Тимур Сегізбаев келген соң «Қайрат» қаһарына мініп түрленіп сала берді, өйткені оған үлкен сенім артылды, ойыншыларды, олардың деңгейін талдай білді. КСРО чемпионатында тәп-тәуір өнер көрсеткен еді. Жалпы «Қайраттан» үлгі аларлық көп нәрсе бар, алдымен әлемдік деңгейдегі футбол академиясын құрды. Өзге өңірлерде футбол академиясы жоқ емес, бар, бірақ ауыз толтырып айтарлықтай емес. Жамбылда, Шымкентте, Қарағанды мен Ақтөбеде ашылған академияларға жергілікті әкімшілік пен федерация тарапынан көп қолдау жоқ.
Биыл Қазақстан футбол федерациясы ұтымды шешім қабылдап, жанкүйерлерді қуан­тып отыр. Премьер лигада 14 команда сынға түсетін болды. Бұл жаман емес, бәсекелестік арта түседі. Отандық футболшылардың шеберлер командасында ойнауға мүмкіндігі артады. Ал бюджеті мардымсыз командалар қаншалықты қауқар көрсете алады, оны биылғы біріншіліктен байқаймыз. Ал болашақта мемлекет республика футболын дамытуға арналған арнайы бағдарлама қабылдамаса, қазақ футболының көсегесі көгермейді.

Қадырбек КӘКІМҰЛЫ,
журналист

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + seventeen =