«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ есімі неге ала-құла?

0 1  090

Ғылым мен техника қарыштап дамыған ХХІ ғасырда ұлттық есімдердің біртұтас кескін-келбетін айқындау ұлттық тұтастығымыздың да кепілі екенін ескеруіміз керек. Қазіргі аты-жөніміздегі мәселелер өткен ғасыр басында да болған және қазақ оқығандары бұған өзіндік пікірлерін де айтып отырған. Кісі есімдерінің рәсімделуіне қатысты алғанда ХХ және ХХІ ғасыр басындағы мәселелер бір-біріне өте ұқсас екенін көреміз, сондықтан оған арнайы ат басын тіремей тұра алмаймыз.

Осы ұқсастықтардың бірі қазақ фонетикасының негізін қалаушы, «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңына» зерттеу жазған ғұлама ғалым Х.Досмұхамедұлының пікірлерінде анық көрінеді. Былай дейді: «Араб-парсы сөздері тілімізге дінмен бірге кіре бастады. Молдалар қаншама дін сөздерін дұрыс айтқызамыз деп, [тіл] бұраса да ел болмады. Жат сөздерді өзінше айтып, тілінің заңына лайықтап қолданатын болды. Дін тілімізді бұза алмады. Бұған себеп – көшпелі салтымыз һәм елге тілге тым қадірлі болған орасан бай ауыз әдебиетіміз. Көшпелі елге жазу-сызу оңайлықпен таралмады. Жазба әдебиет жоқтық бізді сақтады» [«Алаштың» тілдік мұрасы 123 бет.]. Сол тұста қалың ел тұтастай тізімге ілігіп, аты-жөндері жазу нормаларына бағынбағандықтан, ауызекі тілде ұлттық есімдердің де негізгі бөлігі сақталып қалған болатын. Бүгінге дейінгі бір ғасырға жуық уақыт аралығында орыс тілінің заңдарына қарай бұрмаланып, құжаттарда екі тілде жазылғанымен, тарихи сана дағдылы «инстингінен» жаңылған жоқ, ұлттық есімдер өзінің табиғи болмысын сақтап қалды (бұл орайда біз қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарына және ұлттың шын мәніндегі зиялы қауым өкілдеріне қарыздармыз). Сөзіміздің дәлелі ретінде ұлттық есімдер қалыбының сақталуына қатысты дыбыстық үш тіркестің статистикалық мәліметтерін ұсынып көрелік: 81573 есімнен тұратын есімдер қорының ішінен Әсе, Дәул, Қас түріндегі ұлттық нұсқасы мен Асе, Даул, Кас өзгертілген нұсқасын қойылу жиілігі бойынша салыс­тырып, санақ жүргізіп көрген едік, нәтижесі мынадай болып шықты.
Айырмашылық қазақ тіліндегі нұсқасы 136-ға артық. Бұл орайда есімдер қорының 2015 жылы оқуға түскен студенттердің газетке жарияланған тізімі бойынша жасалғанын еске саламыз. Отыз мыңға жуық талапкердің аты-жөнін жеке-жеке алғанда 81573 есім шықты, соның ішінде аталған үш дыбыстық тіркестің қойылу жиілігі осындай. Үшеуіне ғана арналған статистикалық мәліметтен, көптеген өзгерістерге түскенмен, ұлттық есімдердің өз келбетін қаншалықты сақтап қалғанын көреміз. Түсінікті болу үшін айта кетейік, бұл дыбыстық тіркестерден көптеген Әсел, Әсем, Әсен, Әсет, Әсемқұл т.б.; Дәулет, Дәулен, Дәулескер т.б.; Қасым, Қасен, Қасиет, Нұрқас, Қасабек т.б. көптеген есімдер тарайды.
Өткен ғасыр басындағы қазақ тілінің байырғы болмысына ықпал еткен тағы бір фактор Х.Досмұхамедұлының еңбектерінде былайша баяндалады: «Қазақтың балалары ноғай, сарт мектеп-медреселерінде оқитын болды. Медреселерде араб-парсы сөздерін өзгертіп айту зор күнәға есептелінетін еді. Молдалар қазақ арасына араб-парсы сөздерін бұлжытпай айтуды жазу арқылы үйрете бастады, ана тілін бұзып, ноғайшылап, сартшылап сөйлеуді, жазуды шығарды» [«Алаштың» тілдік мұрасы 123 бет.]. ХХІ ғасыр басында аты-жөнге қатысты аталған мәселе мынадай бір сипатта алдымыздан тағы шығып отыр. Сырттан кірген түрлі діни ағымдардың ықпалымен балаға ат қойғанда араб тіліндегі дыбыстық нұсқасының сақталуына баса мән беру туралы түсінік пайда болды. Нәтижесінде кешегі ұлттық тілдің заңдарына бағындырыла игерілген есімдердің қалыбы бұзылып, қазақ тіліне бөгде формалар ұсынылып жүр. Ыбырай, Ыбырайымның – Ибрахим, Ісләмнің – Ислам, Жапардың – Джаффар, Әбдірақымның – Абдурахим, Әбдімәліктің – Абдумалик болып өзгеруі соның көрсеткіші болса керек. Ілгеріде атап өткеніміздей, бұл өзгерістердің де тілдің табиғи заңдылығы бойынша дамуына қатысы жоқ, керісінше саяси факторлардың негізінде туындап отырған жасанды құбылыс. Х.Досмұхамедұлы бұл жөнінде де өзіндік пікір білдіреді: «Адамның аттарын өзгелеп бөлудің керегі жоқ; заңмен жүретін болсақ, заңды заң қылу керек. Заңға көнбейтін аттар да әбден сіңіп болмаған сөздер болады да, өзгертіп сіңіру керек. Арабтың «Ахмад»-ы заң бойынша қазақшалағанда «Әмет» болатын болса, Әмет қылу керек. Арабтың «Мухамад»-ы мен «Халил»-ы қазақша «Мәмбет» бен «Әлел» болатыны рас болса, қазақша дұрысын жазу керек. Араб-парсыдан келген адам аттарын әбден тексеру керек те, қазақша нағыз дұрысын шығарып алып, азан айтып, жұрттың көбіне қайта ат қою керек» [«Алаштың» тілдік мұрасы 138 бет.]. Қазіргі қазақ есімдерінің жазылуында кеткен қателерге қарағанда «Азан айтып қайта ат қою» ұсынысы әлі де болса өз мәнін жоймаған. Әрине, ауыс­палы мағынада айтылып отыр, дегенмен ұлттық есімдердің кей жағдайдағы адам танымас­тай кейпі Х.Досмұхамедұлының осы сөзіндегі ащы шындықты еске салады. Тек бұл ғасырдың «әлегі» басқашалау, бұрынғыдан қомақтырақ. Алдымызда кірме есімдерді ғана емес, төл кейпінен айырылған қазақ есімдерін де қайта игеру міндеті тұр.
Тегеурінді ықпал аты-жөніміздің бірнеше түрлі нұсқаларын дайындап үлгерді, яғни құжаттарға әртүрлі етіп толтырылды да, ол тілдік санаға әсер етті. Енді бір есімнің бірнеше түрлі нұсқасын иеленгендер «әркімдікі өзіне жөн» принципімен ғұмыр кешіп жатыр. Латын әліпбиіне өтер тұста азаматтарымыздың барлығын дұрысын жазуға көндіріп, ұлттық есімдерімізді біріздендіру ісін жүзеге асыру елеулі қиындықтар тудыруы мүмкін деген күмән жоқ емес. Қазіргі құжаттарда жарыса жазылып жүрген аты-жөніміздің орфографиялық сипаты мынадай:
• Әбдікәрім – Абдикаримова – Абдукаримова – Абдукәрімова.
• Әбдіжапар – Әбдіжапбар – Абдижапар – Абдужапарова – Абдужаббарова.
• Әбдіқадір – Әбдіқадыр – Абдикадырович – Абдукадирова
• Әбдіғапар – Әбдіғапбар – Әбдігапбарұлы – Әбдігаппар – Әбдіғапфарқызы – Әбдіғапырқызы – Абдұгаппарқызы – Абдығаппарқызы.
Бұл тізімді әрі қарай соза беруге болады. Екі компоненттен тұратын есімдердің бірінші сыңары Әбді, Абди, Абду, Абды, Абді секілді бес түрлі, екінші сыңары Жапар – Жапбар – Жаббар; Қадір – Қадыр – Кадыр – Кадир; Ғапар – Ғапбар – Гапбар – Гаппар – Ғапфар – Ғапыр – Ғаппар секілді түрлі нұсқада жазылып жүр. Біздің қазіргі аты-жөніміздің дұрыс бір нұсқасына бірнеше қате нұсқалары қайшылық тудырып тұр. Ілгеріде атап өткеніміздей, бұл есімдердің артында жеке азаматтар тұр. Тілдік санадағы түрлі түсініктер бойынша және өзгелер тарапынан үнемі солай аталғандықтан, балабақшадан бас­тап түрлі салалардағы қызметіне дейінгі аралықта құжаттағы ресми (қате болса да) есімдеріне күнделікті көзі үйреніп, көңілі сеніп қалғандықтан, өмір бойы арқалап келген есімдерінен бас тарту оңай болмайтыны анық.
Қазақ есімдері бүгінге дейінг­і дамуы барысында түрлі қиын­дықтарды басынан кешіре отырып, ХХІ ғасырдың ширек бөлігін еңсерді. Алдымызда екі түрлі мәселе тұр: бірі – сәбиге ат таңдау; екіншісі – оны ұлттық тілде рәсім­деу, яғни құжатқа жазу. Ат таңдау бойынша да екі бағытты көріп отырмыз: 1) шетел тұлғалары мен олардың есімдеріне, ат қою дәстүрлеріне құмарту. Сыртқы елдермен арадағы ашық қатынас тілдік санамызға өзгерістер әкелгені секілді, ұлттық есімдерімізге де жаңаша көзқараспен қарауға жетелей бастады: Айлин, Камила, Мелания, Диана, Анжелика т.б. айтпағанда, Айшаны – Айиша, Кәмиләні – Камила т.б. деп атау көрініс бере бастады. Шетелдерде белгілі дәрежеде кісі есімдеріне қатысты тыйымдардың бар екенін білеміз, алайда бізде азаматтардың есім таңдау құқығы қорғалған, яғни тыйым салатын заң жоқ. Қазіргі кезде қойылып жатқан ойсыз немесе ыңғайсыз есімдерге шектеу қойылса артық болмас еді. 2) тарихымызбен жалғасуға бейіл білдіріп отырғандар. Қазіргі кезде Елхан, Білге, Қасым, Ағназар, Айшабибі, Қарашаш, Нұрила т.б. секілді тарихи есімдерді қайта жаңғыртып жатырмыз. Тағы бір айта кететін жайт – жаңа есімдер жасау шығармашылығы. Айару, Айзере, Айбота, Айсәнім, Жаннұр т.б. көркем есімдер қатарын толықтырып отыр. Тарихи санада сақталған түрлі ырымдарға байланысты қойылатын Азияда, Самитта т.б. есімдердің де қатар жүретіні белгілі, алайда арасалмағы белгілі межеден аспауы тиіс.
Аты-жөніміздің құжатта толтырылуына қатысты алғанда бірізділікке келуіміз керек. Бұл жөнінде де түрлі қайшы көз­қарастардың бары белгілі, алайда тарих қойнауынан жеткен асыл мұра жеке адамдардың мүд­десінен жоғары. Қамаров пен Камаров, Кәрімов пен Каримов, Нұрмағамбетов пен Нурма­ган­бетов, Қожықов пен Кожу­хов т.б. «қазақ есімі» деген ұғым мен «Рухани жаңғыру» идея­сының мақсат-мұраттары тұрғы­сынан алғанда қатар тұра алмайды, өйткені ұлттық есімдер – ұлттық тұтастықтың кепілі, осы жөнінен аса маңызды қызмет ат­қарады; ұлттың ғасырлар бойғы шы­ғармашылық ізденістерінің жемісі; ұлттың өзіндік болмысы мен мәдениетін айғақтау­шы төлқұжаты.
Ойымызды жинақтай келе айтарымыз: кісі есімдерінің қойылуында болсын, құжатта таңбалануында болсын өзінің төл табиғатынан ауытқымауы керек. Кешегі «Алаш» зиялыларын алаңдатқан мәселе өзгеріссіз келіп, жаңа ғасырдың босағасын аттады. Күрделене түспесе, жеңілдеген жоқ, соның бәрі – жазуда кеткен кемшіліктердің салдары. Тарих тағы да таңдау мүмкіндігін ұсынып отыр, ел болып жұмылып атқаратын іс бұл. Тарихи сабақтастық аса маңызды болып табылады.

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды