Қазақ детективі қандай күйде ?

0 63

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Өріс Яшүкірқызымен «Қазіргі қазақ детективі» тақырыбында» онлайн-кездесу өтті.Өріс апай – әдебиетке өткен ғасырдың жетпісінші жылдары келген буынның өкілі. Алғашқы өлең жинақтарымен оқырмандардың жылы бағасын алған ол кейін сатиралық шығармаларымен де жұртшылыққа жақсы танылды. Сонымен бірге бұл кісі – қаламы жүйрік журналист. Біраз жылдар, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жемісті еңбек етті. Ал, бұл кісінің детектив жанрына қандай қатысы бар? Қаламгер кейінгі жылдары осы жанрға ат ізін салып, бірқатар шығармалар жазып жүр. Соны білген кітапхана жазушыны осы тақырыпта сөз өрбітуге әдейі шақырған екен.
Жалпы, ұлт әдебиетінде детектив жанры кенжелеу дамыған. Бұл бағытта қалам тербеген қазақ жазушылары сирек. Оның басында, осы жанрға із салған, көрнекті жазушы Кемел Тоқаев тұр. Қабырғалы суреткердің «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға», «Арнаулы тапсырма» кітаптары детектив тақырыбында жазылған туындылардың үздік үлгілері деуге болады. Мұны кездесуде автордың өзі де Кемел ағамыздың көркем дүние­лерін сүйсініп оқығандығын айтты.
– Мен өзі мектепте жүргеннен батыс жазушыларының детективті кітаптарын қызығып оқыдым. Солардың желісімен түсірілген киноларды да ұнатып көрдім. Әсіресе, маған осы жанрдың дарабозы саналған Агата Кристидің шығармалары қатты ұнайтын. Сондықтан бұл тақырыптағы туындылар жас күнімде менің де жан-дүниемді сырлы сезімге бөлеп, осылай жазсам деген қызығушылығым болды. Бірақ оның ізіне түсіп, жазып кетуге уақытым болмады. Кейде оқыр­мандар арасынан қазақ детективі басқа жұртқа қарағанда кейіндеу қалды деген пікірлерді естимін. Мұның да себебі бар. Біздің халқымыз табиғатынан ауызбірлік пен бейбітшілікті пір тұтып, тыныштықта өмір сүрді. Соншалықты жантүршігерлік қылмыстық жағдайлар кездес­пеген. Қылмыс болмағаннан кейін елең еткізер оқиғаларда назарға ілінбейді. Содан осы тақырыпта шығармалар аз жазылған шығар деп ойлаймын. Қазір енді детектив жанрының күні туды. Бұрын жекеменшік көзқарас болған жоқ. Ел бір мәселені бірігіп, бірлесіп шешетін. Қазір жекеменшік көзқарас қалыптасты. Тіпті, әр отбасының мүшелері арасында жекеменшікке байланысты қарама-қайшылық пікірлер бар. Соның әсерінен қылмыс жасау әрекеттері көбейді. Осы жағдайлар мені де ойландырады, – деді Өріс апай.
Жақында қаламгердің мемлекеттік тапсырыспен «Жіптұзақ» деген детективті әңгімелер жинағы жарық көрмек. Бұл кітапта жазушы нәзік жан иелерінің тұрмыстық жағдайлардағы, қызметтегі ары мен намысына жасалатын әртүрлі үстемдіктер, олардың ерікті және еріксіз түрде қылмыстық іске баруға мәжбүрліктері шытырман оқиғалармен шынайы суреттелген.
Кездесу барысында Өріс Яшүкірқызы детектив жанрының болашағы мен кейінгі жастар арасында осы тақырыпта жазып жүргендер сирек екендігін айтып, оқырмандардың қойған сұрақтарына жауап беріп, шараны ұйымдас­тырушыларға ризашылығын білдірді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − four =