Қазақ демографиясы

қазақ әйелдерінің жанкештілігі арқасында өсіп отыр

0 246

Алдымен бала, содан кейін пана іздегендер бар

Кішкентай күнімде әкемнің бір досы елдің алдында сөйлеп тұрып «Ел менен Сайлаудың (әкемді айтып отыр. – Н.Б.) тоғыз баласы бар, оларды қалай асырайды?» деп сұрайды «Құдай асырайды» дегені бар еді…
Иә, біз «құдай асыраған», барға қанағат қылып өскен балалармыз. Бала саны көбейген сайын тұрмыс таршылығы қыспаққа алуы мүмкін деген нәрсені ойымызға алып көремегеніміз де содан.
Байқасам, өз айналамда қалтасы таяз болса да, жеті-сегіз бала тауып, мемлекетке білімді, саналы азамат қалыптастырып беріп жатқан аналар аз емес. Құрбы-құрдас, жастардың арасында да төрт-бес баланың анасы атанып, баланы байлығым, бақытым деп білген, өрісін кеңейткен келіншектер көп. Олар әлеуметтік жағдайының төмендігін, қызметте өзіне қолбайлау болатынын ойлап, отбасылық өмірді есеп-қисапқа салған жоқ. Тіпті төрт баласын төрт пәтерде дүниеге әкеліп, есті өмірін балаларымен ертегідей етіп жүргендер де бар.
Олар алдымен балаға, содан кейін барып панаға қол жеткізіп жатыр.

Ешкімге қарап қызықпаймыз

Таяуда белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкей өзінің инстаграмына мынадай жазба жариялапты «Ресейде үшінші баласын туған әйел 450 000 рубль, теңгеге аударсақ шамамен 2 250 000 теңге алады екен. Бұған қоса, солтүстіктегі «көршіміз» 10 соттық жер учаскесін немесе оны ақшалай береді. Әр әйел екінші балаға ай сайын 270 000 рубль жәрдемақы алады. Мұны маған Челябі қаласының тұрғыны айтты. Біздікімен салыстырсақ, айырмасы жер мен көктей! Кедейліктен әбден тарыққан біздің қыздарымыз 80-90 мың теңге табу үшін амалсыздан жүкті болып, бала туатынын естіп жүрміз».
Әрине, намысты да, жүректі де шымырлататын сөз.
Балаға берілетін жәрдем­ақы үшін бала табу деген… халықтың әлеуметтік жағдайының тым төмендігін көрсетпей ме? Онда ҚР Статистика агенттігінің «Халықтың тұрмыс сапасы» туралы сауалнамасының нәтижесі шындыққа жанаса ма? «Материалдық қамтамасыз етілу (ауқаттылық) деңгейі бойынша респонденттердің 55,6 пайызы өздерін қамтамасыз етілудің орташа деңгейіне жатқызды, қамтамасыз етілудің төменгі деңгейін 1,6 пайыз респонденттер көрсетті және респонденттердің тек 0,2 пайызы өздерін қамтамасыз етілудің жоғары деңгейіне жатқызды» делініпті онда. Сонда жәрдемақы үшін бала тапқысы келетін келіншектерді аталған респондеттердің қай тобына жатқызамыз? Тұрмысым орташа дейтін 55,6 пайызға ма, әлде әлеуметтік қамтамасыз етілудің төменгі деңгейінде өмір сүріп жатқан 1,6 пайызға ма?
Рас, Ресей президенті Владимир Путин халық өсімінің көрсеткіші төмендегенін айтып, дабыл қағып жүр. Оларда кез келген бала дүниеге келгенде оның күтіміне байланысты жәрдемақы бір жарым жыл бойы төленеді (біздегідей бір жыл емес). Берілетін қаржылай көмектің мөлшері де біздегіге қарағанда анағұрлым жоғары. Ал Мәскеуде әр туылған сәбиге ішінде шақалаққа қажетті заттардың бәрі жинақталған 44 заттан тұратын корзина беріледі.
Жо-жоқ, біз ешбір елдің әлеуметтік қолдауына көз қыздырмаймыз. Жәрдем­ақы көлемі жоғары елдерде бағаның қаншалық төмен екенін білмейміз де ғой. Оны саралап қарасақ, бәлкім қызығар ма едік. Бірақ Финляндия, Корея, Түркия секілді елдерде, әсіресе Қытайда бала туғанға мүлдем жәрдемақы берілмейтінін білеміз. Тіпті, бала санын шектеп отырған елдердің де бары рас.
Алайда «көп қорқытады, терең батырады» демекші, Қазақстанда халық санының аздығы көзге көрініп тұрған ақиқат емес пе? Көп халықтан талант та, еңбеккер де көбірек шығады. Өндіріс орындарын ашып, өзін-өзі отандық тауармен қамтамасыз ету мәселесінде де халықтың көптігі маңыз­ды. Тұтынушы көп болса, өндіріс ошағын ашуға тәуекел етушілер де аз болмайды. Демек, біз кей мәселелерде халық аздығы салдарынан да артта қалып келе жатқан ел емеспіз бе?
Қазақстанда қазіргі таңда халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіріп отырған мәселе – баспанасыздық және жұмыссыздық. Ауыл әйелдері жұмыстың жоқтығынан баланың жәрдемақысына сүйеніп күн көруге көшсе, қалада баспананың жоқтығынан көпбалалы отбасылар моральдық тұрғыда қысым көретіні рас.

Бес бала тапқандар қанша жәрдемақы алады?

Қазіргі кезде бес баласы бар әр отбасы ай сайын 10 005 теңге жәрдемақы алады. Көпбалалы ана ретінде қоғамдық көлікте тегін жүру, жеңілдікпен берілетін тұрғын үй кезегіне тұру және балаларының әрқайсысын Оқушылар сарайының бір үйірмесіне тегін беру мүмкіндігі бар.
Жалпы елімізде әр бала туылғанда жөргекпұл және бір жылға дейін жәрдемақы беріледі. Мәселен, бірінші, екінші, үшінші бала – 91 390 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 151 515 теңге көлемінде жөргекпұл төленеді.
Сәби бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланыс­ты тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы жұмыс істемейтін әйелдерге: бірінші балаға – 13 853 теңге, екінші балаға – 16 379 теңге, үшінші балаға – 18 880 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға ­21 ­405 теңге көлемінде беріледі. Ал жұмыс істейтін әйелдерге бала күтіміне байланысты бiр жасқа толғанға дейiн төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем олардың соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысының орташа мөлшерінің 25 пайызы көлемінде. Одан 10 пайыз зейнетақы жарнасы ұсталып отырады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын берілетін жәрдемақы көлемі – 15 392 теңге. Яғни бұл ақша алты және одан да көп бала тапқандарға арналған.
Айта кетер жайт, биылғы жылға дейін «көпбалалы» санатына жататын төрт баласы бар отбасылар да ай сайын жәрдемақы алып келген болса, бертінде ол тоқтатылған. Үкімет көпсінген сияқты.

Астанада туу көрсеткіші жоғары

Дүние жүзіндегі көп мемлекеттерде халық санының өсіміне елеулі ықпал ететін белгілі бір аудандар бар. Мәселен, Ресейде және бірқатар мемлекеттерде, негізінен, бала табудан өзін шектемейтін азаматтарды ауылды жерлерден көруге болады. Ресейдің кейбір мамандары соңғы уақытта халық өсімін жақсарту үшін белгілі бір аймақтар бойынша ынталандыру шараларын енгізу дұрыс деген ұйғарымға да келіп отыр. Мұндай тәжірибе АҚШ-та бар. Оларда кейбір штаттарда көпбалалы отбасыларға жағдай жасалғаны сонша, тіпті олардың жалға берілетін кез келген ғимаратқа көшіп барып, тұруына ерік берілген.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің халық саны 1,5 млн адамға артқаны рас. Өңірлерінің ішінде туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында (1 000 тұрғынға шаққанда 29,74 сәби дүниеге келген), Астана қаласында (28,23) және Оңтүстік Қазақстан облысында (27,20) байқалған. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (13,17), Павлодар (15,91) және Шығыс Қазақстан (15,98) облыстарында тіркеліпті.
Тек қана биылғы жыл басынан бастап 1 шілдеге дейінгі табиғи өсімді айтар болсақ, Алматы қаласында – 10083, Шымкент қаласында – 10333, ал Астанада 12316-ға жеткен. Осындай жоғары көрсеткіштің арқасында 2018 жылдың 1 қаңтарында 1030577-ні құраған елорда халқының саны 1 шілде күні көші-қон арқылы келген 5073 адаммен қосқанда 1047966-ға жетіпті.
Осыған қарап, елордамызды табиғи өсімі ең жоғары қала деп айтуға болады.
Демек, елорданың өзі Қазақстан экономикасының ғана емес, халық санының да өсуіне елеулі үлес қосып отыр. Мұнда жастардың бала сүйіп, демографияға үлес қосуға деген ынтасы жоғары. Қалалық мекемелерде жеңілдікпен тұрғын үй алу кезегінде тұрғандардың біршама бөлігі көпбалалы отбасылар санатынан екені де ақиқат.

Қоғам қатігезденсе де, аналар мейірімін сақтап қалды

Астанада орташа жалақы 223 мың теңге. Демек, қаладағы нарық 223 мың теңге жалақы алатын азаматтардың мүмкіндігіне сай қалыптасып отыр. Бірақ, ондай жалақыны қанша адам алатыны беймәлім. Ал көпбалалы отбасылардың жағдайы қалай, оларды асыраушы азаматтардың орташа табысы қанша, ондағы балалардың әкесі не анасы осы орташа жалақыны таба ала ма – ол жағы бізде есепке алынып көрмеген.
Демек, ай сайын не 15 000 теңге («Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр аналар»), не 10 005 теңге (бес баласы бар аналар) жәрдемақы алады.
Бұл қаражат, әрине, жұтқыншаққа жұғын да болмайды. Баланың тамағын, қосымша үйірмелерге баратынын, оның денсаулығы мен демалысына кететін шығындарды айтпағанда, мезгіл сайын өсіп тұратын сәбилерді киім-кешекпен қамтудың өзі мұң емес пе? Бір мезгілде балаларды шетінен киіндіріп, кем-кетігін түгелдеп болғанша, келесі мезгіл басталады… Ал тұрғын үй кезегінде баспананы жылдап күтетініңіз бар, ай сайын пәтерге төленетін ақыны (көпбалалы отбасына жалдамалы пәтер табу да өте қиын) есептей беріңіз…
Сонда біздің қаламыздағы өсім ненің, кімнің арқасы? Әрине, әйел-аналардың жанкештілігінің арқасы. Қазақстанда халық саны қазақ әйелдерінің жанкештілігінің арқасында ғана өсіп отыр. Әлем, қоғам қатігезденіп бара жатса да, қазақ әйелдері мейір­і­мін сақтап қалуға ұмтылуда.
Ендеше мемлекетті басты байлық – адаммен толықтырып отыр­ған көпбалалы отбасыларды жеткілікті әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуді ойлайтын кез келген жоқ па?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − eight =