«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ боп қалу – қасиет

0 195

Елордада барлық іс-құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілге көшкен медициналық мекемені білесіз бе? Өзі Ресейде туып-өскен бас дәрігер басқаратын ұжым бұл жетістікке қалай жетті?
Ол – Әділхан Абдулин. Күні кеше қазақ тілінің өркендеуіне қосқан нақты үлесі үшін «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталса, өзі басқаратын Отан соғысы ардагерлеріне арналған орталық клиникалық гос­питаль «Мәңгілік ел: Қазақстанның кемел болашағы» атты республикалық конкурста «Үздік мекеме» атанды.

АДАМ АНАТОМИЯСЫ – БІР ӘЛЕМ

Кейіпкеріміз Әділхан Абдулин 1959 жылы Ресейдің Челябі облысы, Қызыл ауданына қарасты кішкентай ғана ауылда туған. Балабақшаға бармай, үйде атасы мен әжесінің қолында өскен. Орыс тілін дұрыс меңгермегені үшін кезінде екінші сыныпқа өте алмай қала жаздаған ол зеректігінің арқасында зорығып жүріп тіл үйреніп, үздік оқушы атанады.
Челябі мемлекеттік медицина институтын бітірген Әділхан Абдулин студент кезінде-ақ аймақтық ауру­хананың реанимация бө­лі­мінде жұмыс істеген. Ал­ғаш рет 22 жасында ота жа­сау процесіне қатысты. Адам анатомиясы бір әлем екенін ең алғаш әйелдің ішін жарып жіберіп, құрсақта жатқан кішкентай ғана шара­наны алып шыққанын өз көзімен көргеннен соң түсінді. Кейін өз саласы бойынша өкпеге ота жасай бастады. Әлемдік тәжірибеде өкпеге ота жасау­дың қанша түрі болса, соның бәрін меңгерген. Кәсіби біліктілігінің арқасында өзі туып-өскен Челябіде қалалық аурухана­ның бас дәрігері болып тағайындалған. Қазақтары 1 пайыздан аспайтын облыста осылай суы­­рылып шығып, өз еңбегімен алға озған еді. Кейін «Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды.

43 ДӘРІГЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА АТАЛДЫ

2007 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің бастамасымен «Мемлекеттің кәсіби тобы» деп аталатын байқау жарияланған. Сонда Челябідегі 4 миллион халықтың, соның ішіндегі 10 мың дәрігердің арасынан аты озып, алға шығады. Сөйтіп, Ресейдің ең мықты 43 дәрігердің қатарына қосылды. Айы оңынан туған маманды Мәскеуге жұмысқа шақырады. Алайда бала күнінен қазақшылықта өсіп, өзінің тарихи Отанын аңсаумен келе жатқан дәрігердің бұл кездегі мақсаты атажұртқа оралу еді. «Балаларым ана тілін жетік білмейді. Өзге елдің мәдениетіне бейімделіп, қандастарына жат болып барады. Осыған қатты алаңдадым. Мен Ресейдің астанасына барып қайтем, одан да тарихи Отаныма қайтып, өз Астанама барайын деп шештім» дейді ағынан жарылып.

ЕМІ БӨЛЕК МЕКЕМЕ

2008 жылы Астанаға көшіп келгеннен кейін Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальге директор болып тағайындалған Әділхан Абдулин ардагерлерге шынайы қамқорлық танытып келеді. Өзі айтпақшы, ұжымда тек қана жүрегі жұмсақ жандар жұмыс істейді. Мейірімге толы мекемеде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысына қатысушы жауынгер-интернационалис­тер, Чернобыль апатының зардабын жоюшылар және Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер ем-шара алады. Қазақ тілі қалтарыста қалған тұста барлық іс-қағаздарын тек қазақша жүргізетін мекеме бүгінде астаналықтарға ғана емес, республикаға да кеңінен танымал. Мұнда қазіргі таңда 70 орынды аурухана және ардагерлерге 16 медициналық мамандық түрі бойынша қызмет көрсететін емхана тынымсыз жұмыс істейді.
Негізінен, терапевтік емдеу­ге арналған стационарда кардиологиялық және жүйке ауруларының мамандандырылған ем-шаралары жасалады. Аталмыш госпиталь Ас­тана мемлекеттік медициналық университетінің кли­никалық базасы болғандықтан, мұнда терапия сала­сы­ның білікті ғалымдары ем­деу үрдістерін жүргізеді.

«НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ЖҮРГЕНДЕЙ СЕЗІНЕМІН»

Сонау Семей өңірінен ем алуға келген ардагер-интернационалист Жалғас Бекназарұлы мекеменің қызметкерлеріне дән риза екенін білдірді. «Бұл клиникалық госпитальге Әділхан Әмірбекұлы бас дәрігер болып келгеннен бергі жылдарда үлкен игілікті істер жүзеге асырылды. Дәстүрлі халықтық ем шараларын қабылдаумен бірге, осында келген күннен-ақ, шын мәнінде, Қазақ елінде жүргендей сезінесің. Мұндағы барлық қарым-
қатынас мемлекеттік тілде жүргі­зіледі» дейді ол. Тіпті Қазақ­станның бірде-бір емханасында жоқ мұндай тәжірибемен алғаш рет кездескенін айтып таңданды.
Жасыратыны жоқ, мекеменің барлық қызметкерлері қазақ тілінде сөйлейді. Мәселен, жоғары санаттағы маман, көз дәрігері Татьяна Новик – орыс тілді маман. Соған қарамастан, қабылдауында отырған ардагерлердің жеке кітапшасына қолданылатын емдеу үрдістерін мемлекеттік тілде жазып, сырқатқа жан-жақты ақыл-кеңесін беріп отырады. Жұмыс үстелінің үстінде медициналық терминдер туралы кітапшалар бар. «Мемлекеттік тілде сауатты жазу және білу – сол мемлекетте еңбек ететін әрбір маманның мәртебесі емес, тікелей міндеті» дейді Татьяна Юрьевна.

МӘДЕНИ ШАРАЛАР МЕКЕНІ

Өз ісіне шексіз берілген тәжірибелі маман жоғары дәрежедегі қалтқысыз қызметтен бөлек мәдени іс-шаралардың бел ортасынан табылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Орталық клиникалық госпиталь базасында суретшілердің халықаралық байқауын өткізу бастамасы өмірге келді. Содан бері халықаралық осы бір ауқымды шара Әділхан Абдулиннің тікелей басшылығымен бес-алты рет өткізілді. Мә­селен, «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметіне орайлас­тыра ұйымдастырылған «Жеңістің қайраты – болашақтың қуаты» атты суретшілердің III халықаралық байқауына 14 мемлекеттің қылқалам шеберлері қатыс­ты. Оған Ресей, Украина, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден өтінім көп түсті. Олар өз туындыларында әскери-патриоттық, ұрпақтар сабақтастығы және «ЭКСПО-2017» көрмесі шеңберінде Қазақ­станның қазіргі же­тіс­тіктерін паш етті.
Ардагерлерге деген шы­найы қамқорлықтың нәтижесінде госпиталь ұжымы 2009 жылы еліміздегі ең үздік медицина мекемелерінің құрамына кірді. 2011 жылы госпиталь Астана қаласы денсаулық сақтау мекемелері арасында Қазақстан Рес­публикасы Президентінің «Алтын сапа» конкурсының жеңімпазы атанды. Әділхан Абдулиннің өзі 2017 жылы «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталса, госпиталь қазақ тілінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін жылдың «Ең үздік мекемесі» атанған жайы бар.
Саналы қазақ ретінде, дәрігердің үлкен мұраты бар. Ол – қазақ болып қалу.  Яғни ұл-қыз­да­ры­ның, өзі­нен тараған ұрпақ­тың ана тілін ұмытпай, ұлттық дәс­түрге сусындауы, қазақ­шы­лық­та өмір сү­руі. Бұл мақсатын қызмет бабында да  естен шығарған емес. Дегеніне жетті десек те болады. Себебі өзі басқаратын мекемені 100 пайыз мемлекеттік тілде «сөйлейтін» алғашқы мекемелердің біріне айналдырды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды