Қазақ болу құрмет пе?

0 68

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған тележүргізуші Майя Бекбаева Тараз қаласындағы мектеп директоры Динара Нұрғалиеваның «өзге диаспора өкілдерінің ұлтын төлқұжатына «қазақ» немесе «қазақстандық» деп жазайық» деген ұсынысын әлеуметтік желідегі өзінің парақшасына жариялаған соң, бұл ұсыныс көпшіліктің қызу талқысына түсті. Рас, ұсынысты жақтаушылардан гөрі қарсы болғандар көп. Бұл бастаманың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін тарихқа аз-кем үңіліп алудың артықшылығы жоқ.Бүгінде саны 83 млн-нан асып кеткен түріктер Осман империясына дейін шағын ғана қауым болған. Жау­лап алған халықтарды түріктендіру ісі, әсіресе XI-XV ғасыр аралығында қарқынды жүргізілді. Ол кейде діні бөлек ұлттарды (христиандарды) исламды қабылдату арқылы да жүзеге асырылды. Сөйтіп ассимиляцияланған елдердің арқасында Осман түріктерінің саны күрт өсті. Жалпы ірі империялардың отарлаған ұсақ халықтарды бойына сіңіріп жіберу үрдісі – әдеттегі жағдай.
Ассимиляциялау процесі екі жолмен жүреді: күштеу арқылы немесе табиғи түрде. Бұл жағдайда халық өзінің ана тілін, әдет-ғұрпын, дінін, мәдениетін, өзіндік сана-сезімін, т. б. ұлттық ерекшеліктерін жоғалтып (немесе ішінара жоғалтып), оның орнына басым халықтың ұлттық құндылықтарын қабылдайды.
Мұндай процестер XIX ғасыр­дың аяғы-XX ғасырдың басында АҚШ-та да жүрді. Америкаға қоныс аударған әлденеше миллиондаған иммигранттарды аз уақыттың ішінде жергілікті заңдарға бағындыру, қоғамдық өмірге бейімдеу үшін ассимиляциялау керек болды.
Құрамындағы аз халықтарды күштеп ассимиляциялау патшалық Ресейде, кейін КСРО-да көрініс тапқанын білеміз. Ұлт қайраткері Мұхтар Шаханов ағамыз Кеңес Одағы кезінде 90-ға тарта ұлттар мен ұлыстардың аты өшіп, олардың бәрі орыс болып жазылып кеткенін айтады. Орыстардың соның есебінен көбейіп, бүгінде 120 млн-ға жетіп отыр. Қазіргі кезде Қытайдың да ұстанып отырған саясаты осы.
«Көп қорқытады, терең батырады» деген. Егер басқа ұлттардың өкілдері қазақ боламын десе, оған тек қуану керек. Мәселе басқада! Ең бастысы, олардың мемлекеттік тілді меңгеруін, осы елде кесімді мерзім ішінде тұрғандығын, т. б. ұлт үшін маңызды деген шарттарды орындауын талап етіп қою керек. Сондай-ақ сырттан келген қандастарымыздан басқасының төлқұжатына «қазақ» деп жазбақ түгілі, оларға Қазақстан азаматтығын берудің өзіне аса сақтықпен қараған жөн. Әрине, бұл – жөпелдемеде айтыла салған бір пікір, әйтпесе бұл мәселе жан-жақты талқыланып, арнайы заң қабылданып барып жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жүрдім-бардым шеше салатын шаруа емес, ұлтымыз үшін сындарлы шақ.
Ал енді төлқұжатта ұлтқа тә­уелділікті көрсетпеу деген, тіпті, барып тұрған сорақылық. Осы уақытқа дейін естіп-білуімізше, адамдардың төлқұжатында тек екі жағдайда ғана ұлттық тәуелділігі жазылмайды: тұрғылықты жердің иесі болып саналатын халық толықтай жойылып біткенде немесе басқыншы жұртқа ассимиляцияланып, түбегейлі жұтылып кеткен жағдайда. Біз тарихтан Оңтүстік және Солтүстік Американың байырғы халқы жойылып, басқыншылықтан аман қалған аздаған бөлігі резервацияға ұшырап, ондағы мемлекеттерді отарлаушылар құрғанын білеміз. Олардың паспорттарында ұлты жазылмай, «америкалық», «мексикалық», «бразилиялық» деп жалпылама көрсетілетіні содан. Осы қағидадан көретініміз, «қазақстандық ұлт» деген сияқты шатпақтар елсіз-жерсіз қауымдарға арналған. Мұндай анықтамаға барша қазақтың үзілді-кесілді қарсы екені сөзсіз. Өйткені біз ата-бабамыздың ғасырлар бойы кіндігі үзілмеген, кейінгі ұрпағына мұраға қалдырған байырғы жерінде түтін түтетіп, тәуелсіз мемлекет құрып отырған ұлтпыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − seven =