Қазақ боксының жарқын жеңісі

0 22

Сербия астанасы Белградтағы былғары қолғап шеберлерінің жеңісі қазақ боксы жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады. Жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 2 күміс және 1 қоламен 2-орынға табан тіреген бокстан ұлттық құраманың бұл жеңісі шынында Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктің орнын толтырғандай.

1635882568

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Белградтағы бокстан әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық боксшыларды құттықтады.

«Бокстан әлем чемпионатында алтын алған Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосыновты, күміс олжалаған Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржановты және ұлттық құрама капитаны, қола жүлдегер Абылайхан Жүсіповті шын жүректен құттықтаймын! Елдің атын шығарған ерлерімізге табыс тілеймін!» деп жазды Президент Твиттердеіг парақшасында.

2 жылда дүние жүзінің ең үздік боксшысын анықтайтын дүбірлі додаға Қазақстанның бокстан ұлттық құрамасы толық құраммен қатысты. Оның ішінде 4 боксшы ақтық сынға шықты.

Алғаш болып ақтық сында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Теміртас Жүсіпов құрама қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Ол шаршы алаңда тай боксшысы Вуттичай Юрачайдан басым түсті. Сол секілді әлем чем­пионы атану үшін америкалық боксшымен қолғап түйістірген Сәкен Бибосынов та жеңістің биік тұғырынан көрінді. Ә дегеннен жеребе өз салмағында ең үздік боксшы саналатын өзбек Хасанбой Дусматовпен жұп еткенде, қазақ жанкүйерлері іштен тынған. Бірақ мың айлалы қарсыласына қарсы жекпе-жекте әр қадамын аңдап басқан С.Бибосынов жеңіске жетті. Алғашқы әрі ақтық сынға бергісіз жекпе-жектен кейін-ақ жанкүйерлер Сәкеннің дәл осы чемпионатта жүлдесіз қалмайтынына сенімді болған. Оның шын мәнінде мықты боксшы екенін ақтық сында өзіне қарсылас атанған америкалық Роско Хиллдің өзі күллі әлем алдында мойындады.

Ақтық сында 54 және 57 келі салмақ дәрежелерінде ел намысын қорғаған Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күмісті қанағат тұтты. Ал жартылай финалда жапон боксшысы Севонрец Окадзаваға жол берген Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Абылайхан Жүсіпов 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында да қола жүлдеге ие болған еді. Сол жолы, кейіннен Токио Олимпиадасында қоланы қанағат еткен Сәкен Бибосынов Белградта жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.

Кеше елорда әуежайында бокс жанкүйерлері әлем чемпионатының жүлдегерлерін құрмет-қошеметпен күтіп алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + 20 =