Қазақ баласы «қуыршаққа» әуес пе?

0 68

Қазақ қуыршақ театрының негізі домбыра тартқанда ағаш киікті жіп тағып билететін «Ортеке» ұлттық ойынымен байланыстырылады. Кейде бұл өнердің біздегі бастауын сонау көне түркі заманындағы тәңіршілдік сенімі мен бақсыларға тән киімдер және іс-әрекеттерден табатындар да бар. Ал Кеңес кезінде біз оны одақтас елдермен қатар өнер деп қабылдадық. Сөйтіп тұңғыш кәсіби қазақ қуыршақ театры Алматы қаласында ашылған болатын. Биыл сол киелі қара шаңыраққа 85 жыл толса, бас қаламыздағы қуыршақ театрының құрылғанына – 13 жыл.

Осыдан бес жыл бұрын баспаналы болған Нұр-Сұлтан қаласының Қуыршақ театры – аз ғана уақыт ішінде мәртебесі шетел асып, марапаттары да соған сай республикалықтан халықаралық деңгейге өткен ұжым. Жалпы театрлардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үшін қойылатын қуыршақтар қойылымдарының берері не деп сұрасаңыз, балаға тәрбиені «көрсете отырып» сіңірудің ең тиімді жолы деп театр маманы жауап қатар еді. Театрдағы әрбір қойылымның өзіндік ойы, мән-мағынасы бар. Бірі достықты, ізгілікті, енді бірі елге, жерге, Отанға деген махаббатты дәріптейді. Балалар шығармашылығына бар өмірін арнаған ұжым қызметкерлері қазіргідей сананы шетелдік «робот» кинолар желісі жаулап, визуалды қарым-қатынастан «тірі» пікір алысуға зәру болған заманда тіпті де бұл театрдың балалар тәрбиесінде ауадай қажет екендігін айтады. Себебі неде? Себебі өте көп және бізге ол көз алдымызда өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпақ – өз балаларымыздың болмысы арқылы аян. Оның үстіне қуыршақ театры – «тірі өнер». Ол балаға ой салады, бағыт-бағдар береді. Дұрыс жол сілтейді. Оң мен солын ажырата алмайтын кішкентай көрермендерге ненің жақсы, ненің жаман екенін айқындап береді. Бас қаламыздағы қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, бүкіл саналы ғұмырын қуыршақ театрына арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Құралай Ешмұратова мен театрдың ыстық суығын 20 жыл көріп келе жатқан қоюшы-режиссер Айжан Салаева сынды кәсіби мамандардың пікірлері де осыған саяды.

БҮЛДІРШІН КІМГЕ СЕНЕДІ?

Қазіргі балаларда сезім жоқ, ойлау қабілеті, бір мәселенің шешімін іздеп, түйініне жету жағы кемшін. Себебі олардың көретіні – тек іс-қимылды баяндауға негізделіп, ал ойлауды үйретпейтін америкалық кинолар мен мульфильмдер. «Біз қойылымдарда сол іс-қимылдың арасына баланы ойландыратын элементтерді білдіртпей қосып жібереміз. Кішкентайынан ертегі тыңдап, оны көріп өскен балдырғанның болашағы жаман болмас. Бала туғанда анасына, сәл өскенде қуыршаққа жақын келеді. Сондай сәтте олардың сүйікті қуыршақтарына жан бітіріп, оларды ойната отырып, қойылым арқылы ізгілікке бастау керек. Олар сол қуыршақтың айтқанына сеніп, артынан ереді» дейді режиссер А. Салаева.

Баласын жетектеп әкелсе…

Бүгінде театрда 3-14 жас аралығындағы балаларға және ересектерге де арнап екі тілде қойылатын 28 қойылым бар. Өзі 100 орындық бір залдан тұратын театр карантинге дейін тек демалыс күндері түскі уақытта бірі орыс, бірі қазақ тілінде екі рет қойылым көрсетіп келді. Жұмыс күндері балалар сабақта, ата-аналар жұмыста. Соның ішінде қазақ тіліндегі қойылымдарға келетіндер залдың жартысын әрең толтырады екен. Ал орыс тіліндегі қойылымдар кезінде зал ылғи толық, тіпті кейде орын жетпей жатады. Мұның себебін олар қазақтардың қонақшылдығымен, демалыс басталса не қонақ күтіп, не өздері қыдырып кететіндігімен байланыстырады. Үйде болғанның өзінде әкелмеуіне, ата-ананың «театрмен дос еместігі» немесе баласының тәрбиесіне бұл тұрғыдан келуге аса құлықсыздығы себеп. Әйтпесе, шын қалаған адам баласына зиян чипцы, кириешки алып бергенше, сол ақшаға театрға әкелген әлдеқайда тиімді емес пе?

Қойылым арқылы жанды байланыс

Әдетте «Қуыршақ» қойылым­дары фойеде аниматорлар думанымен басталады. Түрлі кейіпкерлер болып киінген актерлер балаларды қойылымға дайындайды. Сосын залға өткізіп, ­қойылымды бастайды. Қойы­лымдар уақыты жасына қарай, мәселен, 3-6 жас аралығы болса, 30 минуттан аспайды. Себебі бала одан әрі отыруға шыдамайды. Ал жоғары жастағыларға 45 минут академиялық сағат жетеді. Оларға жануарлар әлемі туралы «Сиқырлы сөздер», дұрыс тамақтану жөнінде «Дәрумендер» және экология, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жол жүру ережелері, ұстазды сыйлау тақырыптарында, сонымен қатар «Ер Төстік», «Арыстан патша» деген түрлі ертегілер желісі бойынша қойылымдар көрсетіледі.
– Балалар негізі театрға қуана келеді, өйткені мұнда жанды қарым-қатынас, кері байланыс бар. Бүгінде балаларға жетпейтіні осы. Қойылым көргенде нағыз қуыршақты көреді, ол виртуалды емес шынайы. Оларды қолмен ұстауға болады. Олар сөйлейді. Оны бала бірден жақсы көріп кете алады. Сонымен бірге уайымдайды, қуанады. Әрине, көп нәрсе режиссердің қойылымды қалай алып шығатынына да байланысты. Ол қойылым қорқынышты болып кетпей ме, жарық дұрыс түспей қалып, қуыршақтар сүреңсіз көрініп қалмай ма? Әуені дұрыс таңдала ма? Соның бәрі жоғары талғаммен, бала психологиясына дөп келетіндей таңдалып, жасалуы керек. Мәселен, жол жүру ережелеріне арналған қойылымдар бар. Шынайы өмірде балаға қызыл түс жанса, жүрме деп ұрсып айтамыз да қоямыз. Оны бала толық түсінді ме, түсінбеді ме ойланбаймыз. Ал театрда соны олар көзбен көріп, бәрі санасына толық жетеді. Себебі баланың сүйікті қуыршақтары оған айтады, жол жүру ережесін сақтамаса не болатынын көрсетіп береді. Бәрін мысалмен көреді, – дейді режиссер. Бірде-бір баланың әжесі «Дәрумендер» қойылымынан кейін немересінің қазіргі балалар әуес зиянды сусындарды, пайдасыз тағамдарды ішпей қойғанын, оларды ішсе, ақымақ болып қалатынын айтты деп қуана, театр ұжымына алғыс білдіріпті.

Ана тіліндегі драматургияға зәру

Драматургия – күрделі жанр. Оған кез келген адам бара бермейді. Театрлардағы репертуар тапшылығы – баяғыдан келе жатқан мәселе. Қуыршақ театрына да арнап пьеса жазатын драматургтер жоқтың қасы. Себебі оларға төленетін қаламақы аз. Одан бұрын Қуыршақ театрының «жанын» түсініп, пьеса жазып беретін, тым болмаса келіп, оны түсінуге тырысатын жазушылар жоқ. Сосын әзірге театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қуат Ежімбеков қолынан келгенше өзге тілдердегі туындыларды аударып, арасында өзі де жазады.
– Жазушылар бізге келмейді, келсе де біздің талабымызды тыңдаған сыңай танытады да жоқ болып кетеді. Бір құлаш етіп жазып әкелгенмен, балаға көп нәрсе қимыл арқылы жеткізілетіндіктен, ол жерде артық сөз көп болмай, ең керекті, нақты сөзден құралуы керек. Жазатын адам болмағанда өзіміз бірдеңе қыламыз, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова.

Жан-жақты актерлер осында

Театр ұжымы басқару, әкімшілік, шығармашылық, шаруашылық бағытындағы 4 бөлімнен тұрады. Сондағы қызметкерлердің жартысына жуығын актерлер құрайды. Алайда еліміз бойынша қуыршақ театрларындағы актерлер жетіспеушілігі бар. Себебі кәдімгі актерлерге қарағанда қуыршақ театрының актері болу талаптары жоғары. Елімізде Алматы мен Нұр-Сұлтандағы өнер саласындағы оқу орындарында осы салаға актерлер оқытылса да, оны таңдайтындар тым аз екен. Себебі көбі оның мәнісін білмейді.
– Өнердегі жастар бұл саланың қаншалықты қиын екенін түсінбейді, егер қуыршақ актері болсаң, сен барлық театрға бара аласың, ал басқа сала актерлері қуыршақ театрына келе алмайды. Себебі бізде актер әмбебап болуы керек. Қуыршақ театрының актері жан-жануардың дауысын сала алатын, пластикасы мығым, дауысы қойылған, ерекше икемді, әмбебап, әрбір қуыршақтарды жанымен сезіне алатын актер болуы қажет, – дей келе режиссер айлығы шайлығына жетпесе де, руханиятымыз бен өркениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қазіргі әріптестеріне алғысын білдірді.

Тынымсыз еңбектің нәтижесі

Театрдың жұмысы қызатын кез – Жаңа жыл қарсаңы. Жыл басталар тұста балабақшалар, мектептер, түрлі ұйымдардан көшпелі қойылымдар және аниматорлар шоуларына тапсырыстар көбейеді. Театр балалар үйлеріне, аз қамтылған отбасылар балаларына, мүгедек балаларға тегін қызмет көрсетеді. Осындай қарбалас жыл бойына жалғасса деген тілектері бар және ондай қарбаласқа театр ұжымы қашан да дайын. Жақында театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Карантин шектеулері алынып, рұқсат етілгелі, шығармашылық ұжым жұмысын қайта бастап кетті. Бірақ бұрынғыдай орынның бәрін толтыра алмайды. Әр баланың арасында қашықтық сақтап, орындарды лентамен қоршап тастаған. Кіреберісте барлық сақтық нормалары жасалады. Жаңа маусымға біз білетін Алдар көсенің көбіміз біле бермейтін қырларын ашуға арналған қойылым дайындалуда. Режиссері – Айжанның өзі. Иә, қуыршақ театрында қызмет жасаудың азабы қаншалық болса, ғажабы да соншалық. Балалардың қуанышты жүзін көргенде бәрін де ұмытып кететін жандар үшін бақыт деген сол болар?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × four =