Қазақ әуенімен өнер көрсетуді армандаймын

0 106

Мәнерлеп сырғанаудан қазақ спорты үшін табысты маусым болды. Канаданың Лондон қаласында өткен әлем чемпионатында Денис Тен 2-орынды иеленді. Денис қысқа бағдарламада 91,56 ұпай жинаса, ал еркін бағдарламада мәнерлеп сырғанаудан әлем үздіктеріне дес бермеді. Бұл бағдарламада 174,92 ұпай жинап, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады. Әрине, бағалау барысында бүйрек бұрушылық болғанымен, күміс жүлде Денис үшін де, Қазақстан спорты үшін де үлкен жетістік екені сөзсіз. Осы дүбірлі жарыстан кейін Денис Алматыға, кейіннен елордаға ат басын бұрған болатын. Баспасөз мәслихатында, сонымен бірге жекелей берген сұхбатын оқырман қауым және жанкүйерлермен бөліскіміз келді. 

Денис тен:

Әлем біріншілігі алдындағы мақсат

«Әрине, бұл маусым мен үшін Олимпиада алдындағы соңғы маусым, сондықтан жақсы нәтижемен аяқтағым келді. Бірінші мақсат – Олимпиадаға лицензия алу. Ал одан кейінгі тұрған меже барлығына менімен әлі де болса есептесу керек екендігін дәлелдеу болды. Нақты қандай да бір орын алуды ойламадым, тек лайықты деңгейде өнер көрсету. Бірақ менің деңгейім жоғары болды».

Тарихи оқиға жайлы

«Мәнерлеп сырғанаудан еліміздің, әлем тарихында жаңа белеске қол жеткізгеніме қуаныштымын. Осындай жеңіске жету – менің басты мақсатым болды. Мен осыған үздіксіз еңбек пен шыдамдылық арқасында қол жеткіздім. Менің өз жаттықтырушыларым Фрэнк Кэрролл мен Лори Никольге, сонымен қатар ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігіне, «Самұрық-Қазына» қорына, Алматы қаласының әкімдігіне алғысым шексіз».

Төрешілердің бағалауы

«Мәнерлеп сырғанау – субъективті әрі консервативті спорт түрі. Өзіңе, еліңе деген құрмет үлкен еңбектің арқасында келеді. Соның нәтижесінде ғана жүлделі орыннан көрінесіз. Күміс медаль Қазақстан үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Бұрын еліміз тарихында мұндай жүлде болмаған. Сондықтан да бұл біз үшін жеңіс. Мен марапаттау рәсімінде алғаш рет еліміздің туын көтеру мәртебесіне ие болдым. Сондай-ақ, төрешілердің әрекетін еш сынай алмаймын. Тек айтарым, осы күміс медаль мені әрі қарай дайындығымды шыңдап, келесі жолы алтын үшін күресуге шабыттандырады».

Сонымен қатар баспасөз мәслихаты барысында аталған мәселеге қатысты ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов өз пікірін білдірді. «Денистің мәнерлеп сырғанаушылар элитасына енуі, алдағы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетуіне мүмкіндік туғызып отыр».

Алғашқы жүлде

Осы ретте айта кететін жайт, Денис Тен өткен жылы Нью-Йоркте жас­өсі­пірмдер арасында өткен әлем біріншілігінде кіші қола медаль алған болатын.

«2012 жылы жас­тар­ арасындағы әлем чемпионатында қысқа бағдарламада кіші қолаға қол жеткіздім. Бұл жарыстағы бағалау туралы айту мүлдем қиын. Себебі мен қысқа бағдарламада жоғары деңгейде өнер көрсеттім, тіпті, бұған дейінгі жарыстардағы бағдарламаларыммен салыстыруға келмейтіндей болды. 3-орын алғанда біз төрешілердің әрекетіне «таңқалдық». Бұл жарыс Нью-Йоркте өткен еді, онда мүлде субъективті бағалайды».

«Медаль кімге тиесілі екендігін спортшы шешпейді»

«Спортшы жеңіп алған медалін басқаға бергендігін ешқашан естіген емеспін. Мен мұны дұрыс деп есептемеймін, өйткені медаль кімге тиесілі екендігін спортшы шешпейді. Бұл біздің жұмыс емес. Біздің жұмыс мұз үстінде өнер көрсету. Мен Патрикті спортшы ретінде құрметтеймін, себебі бірнеше жыл қатарынан осындай биік белестен көріну өте қиын. 2011 жылы әлем біріншілігінде ол өзінің алғашқы алтынына қол жеткізгенде, мен тек 14-орынды иеленсем, ал қазір екіншімін. Әрине, біреу сенімен деңгейлес болғанын мойындау өте қиын. Патрикті құрметтеймін және мен оның деңгейіне жету үшін көптеген жұмыс атқаруым қажет. Дегенмен де мен өзімді әрі қарай дамытып, жарыстарға үздік бестікке кіру немесе жеңіс тұғырына көтерілу емес, тек алтынға қол жеткізу мақсатында шыққым келеді. 2013 жылғы әлем чемпионаты маған үлкен үміт берді. Бұл мені шабыттандырады. Алдағы жұмысымызды жаттықтырушыммен талқылап, келесі жылға жоспар құрудамыз. Өйткені келесі жыл аса маңызды болмақ».

Әрине, Денистің айтқан сөзінің де жаны бар. Патрик Чан – үш дүркін әлем (2011—2013), төрт құрылықтың екі дүркін чемпионы (2009, 2012), сонымен қатар Канаданың алты дүркін чемпионы (2008—2013). Ал осы жылдың қаңтар айындағы рейтингіде бірінші орында тұр. Осындай атақты спортшымен бір деңгейде өнер көрсету төрешілерге де алдағы жарыстарда ой тастайтын болады. Денистің болашағынан зор үміт күтеміз.

Атақты тұлғалар Денис Тен жайлы

Оқырмандарға айта кетерлік жайт, Олимпиада чемпионы, екі дүркін күміс жүлдегері, үш дүркін әлем және жеті дүркін Еуропа чемпионы, он рет Ресей біріншілігінде ешбір спортшыға дес бермеген Евгений Плющенко «Twitter» әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында «Бұл әлем чемпионатын Денис Тен ұтып алды» деп жазса, ал АҚШ-тың үш дүркін чемпионы, 51 жарыста 27 медаль жеңіп алған атақты мәнерлеп сырғанаушы Джонни Вейр-Воронов та жоғарыда аталған әлеуметтік желідегі парақшасында «Мен үшін әлем чемпионы Денис Тен…» деп айтып, құттықтауын жеткізген. Сонымен қатар әлем чемпионы, алты дүркін АҚШ чемпионы Тодд Элдридж де Денисті керемет өнер көрсеткендігін айтып, биылғы маусымды табысты аяқтауымен құттықтап, Сочиде өтетін Олимпиада ойындарында сәттілік тілеген. Ал америкалық журналист Моника Фридлэндер әлем чемпионы атағын Денис Тенге табыстау мақсатында құзырлы комитетке өтініш беруде. Осы секілді көптеген құттықтау мен қолдауды айтуға болады. Бұл қазақ елінің, атап айтқанда, Денис Теннің әлемдік спорттағы беделін көрсетеді.

«Қазақ әуенімен өнер көрсетуді армандаймын»

«Бағдарламалар әртіс­тік жағынан ауыр. Мен қазақ му­зыкасымен өнер көрсеткім келеді. 2011 жылы өткен Азиадада уақыт тығыз болды әрі менің қазақ әуенін іздеуге мүмкіндігім болмады. Өйткені музыка бойынша менің редакторым Канадада тұрады. Әрине, ол қазақ шығармаларын біл­мейді. Сондықтан да бұл мәселемен өзім айналысамын. Өзімде, достарымда, таныстарымда бар қазақ әуенін іздеп, олардың ішінен ұнағанын, менің бағдарламама сай келетінін таңдаймын. Егер әуен таба алсам, онда міндетті түрде қазақша бағдарлама қоямын. Мен мұны армандаймын».

Әңгіме барысында Денис Тен қазақ саз­гер­­ле­­рінен, жалпы тыңдарман қауымнан қол ұшын беруді сұрады. Осы мәселе жөнінде Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, Журналистер одағының мүшесі, «Саутс ойл» компаниясы Астана қалалық филиалының директоры Махамбет Айтбай Қабылұлынан кеңес алуға бар­ған едік. Ол Дениспен кездесіп, музыка мә­­селесін қозғағандығын айтты. Осы ретте бағ­­дарламасына сай келетін қазақ әуенін тауып, тіпті, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағына ұсыныс тастап, не болмаса арнайы музыка жаздырып беруге көмектесетіндігін жеткізді. Бірақ жазылған әуен Денистің шетелдік музыкалық редакторымен ақылдасып және келісіп шешілетін мәселе сияқты.

«ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері»

ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов сыйақы тағайындау нормативіне сәйкес мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болатындығын айтты. Сонымен қатар аталған агенттік өкілі «Самұрық–Қазына» қоры, спорт қауымдастығы, өңір басшылығы да өз сыйлығын дайындап отырғандығын жеткізді. Сөз барысында Денис Тенге «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, отырыс барысында Елбасының тікелей бақылауындағы «Астана» президенттік кәсіпқой клубының толыққанды мүшесі атанғандығы да белгілі болды.

Сочиде ел намысын екі спортшы қорғайды

«Сочиге дайындық психологиялық тұрғыда басталып кетті. Биыл мен жиі жарақат алдым, сондықтан медициналық тексерістен өтуім керек. Ал келесі маусымға дайындық туралы нақты айтар болсам, жазға қарай бастаймыз. Қазір менде жалпы физикалық дайындық жүруде. Мен Эндимен осы мақсатта кездескен болатынмын. Ол маған бір жылға жоспар жасап берді. Аталған жоспарда барлығы қамтылған, тіпті, тамақтану тәртібі де. Мен қазір осы жоспар негізінде жұмыс істеудемін. Ал маусым айына қарай Сочи Олимпиадасында көрсетілетін бағдарлама қойылымы мен нақты дайындық басталады».

Денис Тен әлем біріншілігінен кейін Канаданың Калгари қаласына барып, өзінің фитнес бойынша жаңа жаттықтырушысы Энди О’Брейнмен кездесіп, жоғарыда айтып өткен жоспарды талқылаған болатын. Денис Эндимен ұзақ мерзімді жоспарды құрғандығын және онымен жұмыс істеу құрмет екендігін атап өтті.

«Қысқа бағдарламада Абзалдың 28-орыннан көрінуі бізді «таңқалдырды». Ол 28-орынға тұрақтаған кезде Олимпиадаға қатыса алмайды деп ойладым. Мен қысқа бағдарламадан кейін 2-орынды иеленіп, екінші лицензияны да алдық. Сондықтан Сочиде өтетін қысқы Олимпиадаға екі адам қатысады».

Денистің мұз үстіндегі бейнесі

«Мен эксперимент жасағанды ұнатамын. Яғни, халық мені таныған бір ғана бейнеде емес, әртүрлі рөлде ойнауды қалаймын. Мен режиссер, актер болғанды армандайтынмын, өйткені маған кино индустриясы аса ұнайтын. Қазір мұз үстінде өнер көрсетіп жүргендіктен, эксперимент жасағанды ұнатамын. Спортшының өмірі «қысқа». Спортпен айналысасың, ешқашан бітпейтін сияқты көрінеді, бірақ бұл менің өмірімнің бір бөлімі, кезеңі ғана. Әйтеуір бір күні ұйқыдан оянып, қырынып, шашымды бояймын (күлді). Сол кезде спорттық шақтың өтіп кеткендігін түсінемін. Сондықтан да мен барлығына үлгергім келеді. Қазірше спорттамын және күміс медаль мені қуантады, тіпті болмағанда, менде қандайда бір атақтың бар екендігін білемін. Менің жасым 19-да, алтын үшін күресетін әлі алда уақыт бар. Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихына өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын».

Ауладағы сырғанақтан әлемдік аренаға

«Ауладағы сырғанақ алаңында өсіп, әлемдік аренаға жеттім. Қазір әлемнің вице-чемпионымын. Меніңше, бұл қызықты әрі рухтандыртады. Өйткені мен көптеген қиындықты бастан кешірдім және бұл жетістік – оңай олжа емес. Бұл жүлде менің ғана емес, сондай-ақ ата-анамның мақсаты, арманы болды. Олардың маған деген сеніміне, шыдамдылығына алғысым шексіз. Әрине, оларсыз бүгінгі деңгейге жете алмаушы едім».

«Жарыстарда мен өзімді жалғыз сезінемін…»

«Жарыстарда мен өзімді жиі жалғыз сезінемін, өйткені мен Қазақстанның жалғыз өкілімін. Елімізде мәнерлеп сырғанау дамығанын қалаймын. Әрбір жетістіктен кейін мәнерлеп сырғанау секциясына балалар жиі барып жатқандығын байқадым. Әсіресе, Азиададан кейін бүлдіршіндер көптеп баруда. Сонымен қатар адамдарға да мәнерлеп сырғанау қызықты бола бастады. Мысалы, бүгін мені Астанада жылы қарсы алды. Осы әлем біріншілігінен кейін баласы мәнерлеп сырғанаумен айналысатын ата-ананың ел спортшылары да жеңіс тұғырынан көріне алатындығына сенімдері арта түссе керек».

«Өз тәжірибеммен бөлісе аламын»

«Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен шеберлік сыныбын өткіздік. Балаларда көптеген өзгеріс бар екенін байқадым. Карьерамда жинаған тәжірибеммен, құпияларыммен бөлісе аламын. Елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту туралы ойларым бар, бірақ оны жүзеге асыру үшін кемінде 7 жыл қажет. Бұл – үлкен жұмыс, сондықтан әрбір жаттықтырушы нақты жоспармен жұмыс істеуі тиіс. Спортпен қоштасқаннан кейін мәнерлеп сырғанаумен айналыссам да, айналыспасам да, менің бөлісетін тәжірибем бар. Өйткені мен Ресейде, АҚШ-та жаттықтым, мұндай мектептен әрбір спортшы өте бермейді. Қазақстан мәнерлеп сырғанаушыларына көмек көрсету идеяларымның бірі ғана».

«Алматыға мәнерлеп сырғанаудан әлем жұлдыздарын әкелуді жоспарлап отырмын»

«Қазақстанға мәнерлеп сырғанаудан әлем жұлдыздарын әкелуді әрқашан армандайтынмын. Көптеген адам елімізді басқаша ойлайды, мен оларға әртүрлі факті айтып, суреттер көрсетемін. Сол кезде барлығы таңқалады. Кейбіреулерін ертіп әкелдім. Шетелден келген менің бір жаттықтырушымның кеткісі келмеді. Ол әйеліне скайп (Skype) арқылы хабарласып, «Қазақстанға көшіп келейік» деген де, әйелі барлығы дұрыс па деген сияқты шыраймен қараған болатын (күлді). Бізде мәнерлеп сырғанаушылардың жанкүйерлері бар, олар сол жұлдыздарды көріп, жүздескісі келеді. Оларды шақырып, шоу ұйымдастыруды көздеп отырмын. Әрине, шоуда өнер көрсетуде тәжірибем мол.

Қазақстанда шоу өткізгім келеді. Егер ұйымдастыратын болсам, онда Алматы қаласында мамыр айының соңында болуы мүмкін. Мәнерлеп сырғанаудан әлем жұлдыздарын әкелуді қалаймын. Әрине, бұл елімізде мәнерлеп сырғанаудың дамуына зор ықпал етеді, бірінші кезекте балалар үшін маңызды. Өйткені олар өз кумирларын көріп, өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болады».

Оқу және жаттығу

«Калифорнияда жаттығамын. Мәскеуде оқыдым, бірақ барлығы қиындап кетті. Мәскеу әлеуметтік-құқықтық, экономикалық қауіпсіздік колледжінде оқыдым. Оқуымның деңгейі мен ойлағандағыдай болмады, сонымен бірге оқу мен жаттығуды қатар ұстау қиынға соқты. Ал АҚШ-та сабаққа қатысуымды өте қатты қадағалайды. Қазақстанда маған ыңғайлы ұсыныс тастады. Мен қазір Қазақ спорт және туризм академия­сында білім алудамын. 2017 жылы болатын Универсиадада аталған академия атынан шығып, өнер көрсету мен үшін үлкен құрмет».

«Шамамен таңертең 10-да кетемін және кешкі 10-ға қарай үйге қайтамын. Әрине, әлем чемпионаты алдында жаттығу режиміне қатал қарадық. Біз жаттығу режимін, жұмыс кестесін, диета, интенсивті жаттығу, яғни жұмыс жос-парын толығымен өзгерттік. Мысалы, сағат 10-да барғаннан бірінші жаттығу, яғни қозғалыс жаттығуы, одан кейін 2-2,5 сағат мұз үстінде жаттығамыз да, түскі асқа үзіліске шығамыз. Содан кейін кешкі жаттығу және жалпы физикалық дайындық. Ол мұз айдынынан тыс жерде қас қарайғанға дейін жүреді».

«Мені отбасым әрқашан қолдайды. Әрбір жарысқа жаттықтырушым және анам барады. Анам – менің екінші жаттықтырушым, менеджерім әрі «әмияным» (күлді)».

«Осы жылдан бастап мені «Самұрық-Қазына» қоры қолдауда. Сонымен қатар ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі, ШҰКД (Штаттағы ұлттық командалар дирекциясы – М.Ш.), ОРДО (Олимпиадалық резервке дайындау орталығы – М.Ш.), Алматы қаласының әкімдігі әрқашан көмек көрсетеді. Ал қаржылай қаншалықты көмек көрсететіндігін анам біледі. Ол осы жұмыспен айналысады. Мен спорттан басқа нәрсеге еліктемес үшін де анамның менеджер болғаны дұрыс».

Жанкүйерлерге алғысы

«Маған қолдау көрсеткендеріңізге алғысым шексіз. Қазақстан намысын қорғап жүргенімді мақтан тұтамын. Қазір елімізді құрметтейді, әсіресе, мәнерлеп сырғанауда. Елімізді бұрынғыдан әлдеқайда жоғары деңгейде біледі және бұл мен үшін үлкен абырой. Бұл тарихи оқиға қазақстандық жанкүйерлерсіз қол жеткізе алмаушы едім. Сондай-ақ, отандастарымнан Олимпиада ойындарында мені әрі қарай қолдауды сұраймын».

Әрине, біз бұл жетістікті тек бастамасы деп білеміз. Сізге келесі жылы Сочи қаласында өтетін қысқы Олимпиадада алтын жүлдеге қол жеткізуіңізге тілектеспіз. Қазақ елі алдағы уақытта сіздің биік белестерден көрінуіңізді қалайды және әрқашанда сізді қолдайды.

Мұхаммедәли ҚҰРМАНӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =