Қазақ әнін әлемде ­әуелеткен Димаш

0 50

Жақында Нью-Йорктегі «Barclays Center» сахнасында Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен бұл концертке АҚШ, Австралия, Мексика, Ресей, Чили, Болгария, Филиппин, Испания, Канада, Жапония сияқты 60-тан аса елден 15 мыңға жуық көрермен жиналды.Грэмми сыйлығының иегері, перу­лік атақты әнші Ева Айлан Димаш Құдайбергеннің ән кешін тамашалау үшін өз концертін кейінге шегеріп, Нью-Йорк­ке ұшып келгенінің өзі аталған ән ке­шінің атағын одан әрі аспандатса, ­Димаштың әр ұлт әуендерін, әсіресе, қазақтың халық әндері мен күйлерін ғажап сезіммен, тәтті әуенмен орындағаны тыңдаушыларын айрықша әсерге бөлеген тәрізді. Димаш халық әні «Дайдидауды» қазақ тілінде шырқағанда, зал толы көрер­мен орындарынан тұрып, бірге айтқан видео­сын көріп, Қазақстанда отыр­ған біздің де бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Ал АҚШ-тағы қазақтардың Димаш кешінен алған әсері тіпті бөлек. Соның бірі – ­Назым Жанғазинованың естелігі.
«Сағат таңғы 08:00. АҚШ, Нью-Йорк қаласы. Осылайша ­Димаштың Америкадағы концерті аяқталды» деп бастапты ол өзінің тебіреніске, алқауға, мақтанға толы жазбасын.
«Мен бүгін ұйқыдан мүлдем басқа адам болып ояндым. Өмірімде бірінші рет мен өзімнің қазақ деген халықтың қызы екендігімді мақтан тұтып, кеудем тола қуанышпен ояндым. Жүрегім «мен қазақпын!» деп дүрсілдеп оянды. Осы сезіммен әлемнің ең алып, ең керемет қалаларының бірінде отырып, бүгін өз елімді қатты сағындым.
Шынымды айтсам, осыған дейін жер көлемі бойынша 9-орындағы, жер асты пайдалы қазбаларға өте бай, тарихы да, тағылымы да мол болса-дағы, менің осындай елімді ешкім білмейтінінен, менде азырақ болса да өзімді кемшін ұлттың қызындай төмен сезіну, өз-өзіме сенбеу бар еді, оны жасырып қайтем? Мен осы ұлттың өскелең ұрпағы екендігіме ұялатынмын да.
Бірақ бүгін бізді қойып, ересектеріміздің өзі халық әндерін білмейтіні және тыңдамайтыны үшін мен бүгін бірінші рет қатты ұялдым. Үлкендерге керек емес дүние, бізге не үшін керек дейтінбіз. Ол ойым­ның мүлде бекер екенін шындап сезіндім. Кеше түнде біз қазақтардың өздері қазақтың ұлттық құндылықтарын қаншалықты бағаламайтынымызды анық түсіндім. Жүрегім ауырды, жыладым…
Кеше осынау алып ел – Америкада 15 мыңнан астам адам Димашпен бірге халық әні «Дайдидауды» қосыла шырқаған кезде мен жүрегім жарыла жыладым. Концерт аяқталғаннан кейін артыма қарасам, әрбір үшінші қонақтың қолында менің елімнің көк туы желбіреп кетіп барады. Қандай мақтаныш десеңізші! Бұл кеште маған тіпті туымның түсі де мүлдем басқаша ыстық қабылданды.
Нью-Йоркте көргенімдерімнің бәрін тілмен айтып жеткізе алмаймын! Димаш менің ойымды түбегейлі өзгертті. Менің рухымды оятты. Тұңғыш рет қазақ екеніме қатты қуандым. Концерттен кейін Димаш өзінің дәл осыны бала кезінен армандағанын айтты. Америка туралы емес, Америкада ән салуды да емес, Америкаға, тіпті бүкіл әлемге өзімен қосылып қазақтың халық әндерін жатқа айтқызсам деп армандағанын айтты. Және ол мұны жасады.
Кешегі «Barclays Center»-де болған оқиға біздің тарихымызда қалады. Мен оған сенемін. Қазақстандық жас әнші әлем жұлдыздары жиналған аудиторияны жинап, америкалық мыңдаған көрерменді қазақтың халық әндерін шырқатып, домбыраның үніне жылатты.
Жаса, Димаш! Жаса, Қазақ елі!».
Димаш Құдайбергеннің АҚШ-та өткен ән кеші туралы бұдан артық ештеңе айтудың қажеті жоқ. Себебі Димаш «Өз асылымыз­ды бағаламай, жаттың жасығын жағалап жүргенімізді» де, «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген аталы сөздің астарын да осы ән кешімен-ақ дәлелдеп кеткен секілді.
Димаш 12 желтоқсан күні Нұр-Сұлтанға оралды. Әуежайда оны отандастарымыз үлкен салтанатпен қарсы алса, сол күні ҚР Тә­уелсіздік күніне орай Димаш ­Құдайбергенге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды