ҚАЗАҒЫН СҮЙГЕН ҚАЛАМГЕР

0 875

Әдебиет тамырластықты сүйеді.

«Тұрар енді бір жиырма жылдан кейін ұлы жазушымен дос болып, өз әкесінің басынан өткен шытырман шындықты оған, арман ағысындай етіп айтып берер. Содан барып «Қараш-Қараш» туар…». (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 235-бет).

Бірінші кітаптың басты кейіпкері – Рысқұл. Жазушы үшін ол ерен сүйікті образ, оның аузына «Менің жүрегімде түк бар. Бірақ сол түкке қырау тұрып қалған. Пендеге пенде болып жүргенімде ол қырау ерімейді» деген сөз салады. Бұл – Рысқұлдың қылмыскер ретінде вице-губернатордың алдында қасқайып отырып жауап берген сөзі.  Тұрардың әкесі аюмен алысқан, небір қияметтен аман өткен нағыз ер ретінде суреттеледі. Фольклордан шыққандай романтикалық кейіпті Рысқұл.

Қазан төңкерісіне шейінгі қазақ тұрмысының нақты суреттелінуі – романның үлкен жетістігі. Мешеу қалған ел өміріндегі күштінің әлсізге зорлығы, ал бұл ағайыншылыққа қарамайтын қара ниет қиянаттан шығар дүлейлік екенін Рысқұлдың Түлкібастағы атамекенінен 20 үй өз ағайынымен ауа көшуі растайды. Рысқұлдың туған ағасы Бердіқұлды жер мен суға таласып жазықсыз өлтірген, ұрдажық, шаш ал десе бас алатын сойыл соғар шабармандары көп  Дауылбай болыс түбі бір туыс, шежіре тарқатса, Шымыр, соның ішінде Сәлік атасынан тарайды. Бірақ мынау фәни дүниенің ырқын байлық пен билік билеп тұрады екен. Осынау кеселдің бәрі отаршылдық, өз еркі өзінде жоқ, орыстың оязына бағынған қазақтың болыстық-әкімшілік жүйесінің қаншалық осал, парақор, жарамсақ, имансыз, зәбіршіл, кісі өлтіруден тайынбас сұмпайы екенін жазушы нақты іс-әрекет, қимыл, мінез-құлық қақтығысы, әлеуметтік ымырасыздық арқылы бере алған.

Дауылбай болыс Рысқұлдың батыр бабасы, Қоқан ханы Шерәлімен қанды шайқаста  қаза болған, Байзақтың қол астында жүзбасы болған Әлібектен қалған күміс ер-тоқымды оязға беріп, жағынып қалғысы келеді. Осы бір жағымпаздық феноменінен зор трагедия өсіп шығады. Ол Тұрардай қайраткердің қалыптасуының алғышарты.

Қарақойын деген тары егіп, күнелтіп отырған шұрайлы жерде Жылқыайдардың ұясын талқандап, үш ұлының үлкенін өлтіріп, кіші екеуін тентіретіп жіберуге айырылысарда ердің қасын сұраған кісәпірлік себеп болады. Оның түбінде сол кездегі әлсіз қоғамды жегідей жеген әлеуметтік теңсіздік жатыр.

«– Көке-ау! Не жаздық, не болдық? Енді не істейміз, айтсаңшы! – деп төмпешікті құшақтай құлады. Топырақ жып-жылы екен, бетінен Бердіқұл сүйгендей тұла бойы дір етті» (167-бет), бұл көріністе аза мен бауырмалдық қатар құйыла түскен.   Рысқұлдың есеюі, күрескерлік рухының ояну сәті осындай азалы. Ал бауырмалдықты озбыр Дауылбай басқаша қабылдайды:

«– Атама Сәліктің атын! – деді болыс шегір көзін ежірейтіп. – Сен Сәліктің шіріген жұмыртқасы. Сәліктің басқа баласының бәле-жаласы сендермен бірге кетсін!» (178-бет).

Бұл аталасы Бердіқұлды жазықсыз өлтіріп, Дауылбайдың  қорынбай айтып тұрған арсыз сөзі. Қиянаттың бет-пердесі қандай дәл. Жазушының шеберлігі психологиялық детальда айқындалады. Дауылбай кім? «Кешегі Қоқан заманында сарттардың бегімен қосылып сорушы еді бұның әкесі елді, енді орыстың оязымен қосылып ойсыратып барады» (156-бет) дейді бір ағайыны Ахат ол туралы.

«Қызыл жебе», романның бірінші томы тегіс Тұрардың әкесі Рысқұлға арналған. Рысқұл болмаса, Тұрардай қайраткер, күрескер ұл тумайды, соның үшін әкенің рөлі айрықша дәріптелген. Бұл ретте Шерхан Мұртазаның қалам таңбасында ұлттық әдебиеттің ауыр жүгін Толағайдан бетер бір өзі арқалағанда ауырсынбаған  кемеңгер классик жазушы Мұхтар Әуезовтың игі ықпалы тиюі заңды құбылыс. Өйткені, қазақ прозасындағы роман жанрының бастауында тұрған ірі эпопея – «Абай жолы» кейінгі қазақ жазушыларының баршасына ықпалын тигізгені қылаусыз шындық.

Негізінде, жазушы Рысқұлды сүйіспеншілікпен суреттейтіні сонша, оның бір бойында әлем жаралғалы дүниежүзі халықтары әспеттейтін барша романтикалық кейіпкерлердің мінезі, қаһармандық тұлғасы қосылысып кеткен. Рысқұл бейнесінде орыс, ағылшын, парсы, қазақ, үндіс, т. б. мықты әдеби персонаждардың қосындысы тоғысқан. Рысқұлдың сотталып, итжеккенге, Сібірге айдалған тұстарын суреттеуде башқұрттың ұлттық батыры Салауаттың рухы қайта-қайта жаңғыра бермегі де соның айқын белгісі. Рысқұлдың әйелі Ізбайша декабристердің әйелдері сияқты ерінің артынан кетуге пейіл: «Етегінен ұстап жүрсем Барсакелмеске кетуге де разымын» (216-бет).

Рысқұл Жылқыайдаровтың бейнесінде, қазіргі тілмен айтқанда, кәдімгідей жарқырауық гламур болуы соның әсерінен екенін ұғу керек. Бұл жазушы үшін, реалистік проза үшін теріс шықпағаны және таң қалдырады.

Саймасай бай мен Рысқұл арасындағы ымырасыздық, дау-жанжал ғұмыр бойы жалғасып, күштінің өктемдігінен әбден ушығып, үзілер тұсына таянғанда дилемма тудырған қайғы-шер.

Саймасай – Қызыл жебедей көз құрты, көңіл жегісіне айналған қас жүйрікті сіңіре алмасын ұққанда қызғаныштың қара иіріміне батып кетеді. Рысқұлға ұрлатып алып, жүйрікті дереу бауыздатып жібереді. Сонда барып ер Рысқұл қандай қиянатқа белшесінен батқанын түсінеді, араша түсуге үлгере алмай қалады. Құлагер феномені оның құрбандыққа шалына беретінінде болып тұр. Расында, осы бір ащы шындық жануарлар үшін ғана емес, адамдар арасында әбден бекіген ақиқат. Бір ғана мысал: қазақтан дара туған бұлбұл әнші Күләш Байсейітованың тағдыры тура осы халды қайталайды. Артық туған, өнері құдіретті болғаны үшін Күләш күншіл әріптестер тарапынан бақталастықтың құрбанына айналды.

Қызыл жебенің өлімі – қазақ даласындағы жаңа бір қанды кезеңнің басына айналды. Ендігі құрбандықтар жылқылармен қатар адамдар боларына анық берілген белгі. Романда Рысқұлдың Қызыл жебенің қаны үшін кек алып, қанға – қан, жанға – жан деп ант беріп, жылқының құнын адаммен алатын тұсы өте нанымды мезет. Қызыл жебе – киелі жануар, оның асыл қаны Саймасайды ұзаққа жібермей, өлімге бастады.

Болыстық, бағландық – әділетсіздіктің өзегі болып шықты. Баяғы дара билер, қара қылды қақ жаратын дана билер заманы келмеске кеткен екен. Ендігінің болысы қандай аяр боларын Абай әсіре әшкере қылды.

«Қызды-қыздымен Тұқымбай да бармағын басып қалды. Рысқұлда кегі кеткендіктен емес, болыстардың тізімінде жүргенді үлкен ырым етіп, ішінен: «Е, әруақ, қолда, қолда, қолда!» – деп үш қайталады» (118-бет).

Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Жай жүргенде бір күні
Атшабар келді лепілдеп:
«Ояз шықты, сыяз бар»,
«Ылау» деп, «үй» деп дікілдеп.

Абайдың  «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңідегі психологиялық портрет мұнда айна-қатесіз дөп тұр.

Романның атауын көтеріп тұрған Қызыл жебе – жылқы, қас жүйрік, әдеби астарда – тектік нышан, символ. Расында, ол Ақан серіден Ілиясқа ауысқан рух, қазақ халқының Құлагеріндей аза жылқы. Рухсызданудың құрбаны. Оның құрбандыққа шалынып кетуі құдай берген ең асыл қасиеті – жүйріктігінен, артық жаралған қанатты пырақ болуынан. Шерағаң жылқы мен қазақты астастырып, тамаша ассоциация жасай білген. Қызыл жебе – Тұрар Рысқұлов. Уағы келгенде, 1937 жылғы репрессияның қанды қасабында қазақтың артық туған ерлері шалынады, соның бірі – сол. Ер мен оның аты біртұтас кентаврлық сипатта асқақ көрінетін патриархалдық тұрмыстан енді қол үзе бастаған жаңа дәуірге бұл символ бек жарасып тұр.

Жылқыны исі қазақ қастерлейді, жазушы бөріні тотем тұтуын мына бір сөзі айқындайды: «Көк біздің қасиетті киеміз ғой. Көк Түрік заманында көк байраққа алтындап, Көк бөрінің басын салып қояды екен. Сол тегін деп пе едіңіз?! Тегін емес қой. Қазіргі көк байрағымызға:

– Бөрінің басын салайық, деп ұсынғанымда, кәдімгідей ақылды, биік дәрежелі, лауазымды адамдар күлді:

– Ай, осы жазушылар-ай, қайдағы жоқты айтады, – деді. Амал не, көп айтса көнесің-дағы. Мейлі, келер ұрпақ бізден ғөрі парасаттырақ болса, түзетіп алар». (Шерхан Мұртаза. 4-том. «Ай мен Айша», роман, 47-бет).

Романның екінші кітабы тұтас Тұрар бейнесіне арналған, өсу, азамат болу, қайраткерге айналу жолдары тегіс берілген. Сондай-ақ, бұл саяси том әрі деректі прозаға айналып кетеді. Совет өкіметінің қылышынан қан тамған алғашқы басшыларының портретін беру жазушыға қаншалық күрделі болғанын оқырман сезуі тиіс. Жазушының деректілік үшін инемен құдық қазғандай жұмыс істегені анық. Алайда, білікті тарихшы қауым ғана терең объективті сараптай алатын советтік көсемдердің портреттері қаншалық дәл шыққанын айта алмаймын. Бұл мен үшін өте қиын міндет.

Өйткені, бұл кезеңде құдай туралы ұғым аласарды. Көсем – жеке бастың табынуына, пұтқа айналды. Ал пұт құдайлар қисапсыз құрбандық тілеп тұратын тажалға айналғанын А.И.Куприн тәрізді реалист жазушылар астарлай жазды. Заманға сай әлдебір өзгерісті, ескіні терістеуді мына бір ойдан  айқын көруге болады: «Руына тартқан – ұрлықпен тең. Табыңа тарт» (428-бет), бұл – пролетарлық идеяның ұшығы.

Романның көлемі трилогияға дейін ұлғаюы қазіргі заманғы әдебиет үшін құптарлық іс емес. Себебі, артық тұстардан айналып өту мүмкін болмай қалады.

Кітапта автордың афоризмді сүйетін табиғаты жиі ұшырасады: «Бақ қонған жерге күншілдік үйір болады» (36-бет), «Дүниеде оттан таза нәрсе жоқ. Отта арамдық болмайды» (19-бет).

«Қырық бірінші жылғы келіншек» – Шерағаңның үздік әңгімелерінің бірі.

Бұл, расында, диалог түрінде берілген монолог, кеудесін әбден сағыныш меңдеген жалғызілікті жесір кемпірдің қайғы-шері. Көзіне елестеп, жас кейпінде сағымдай толқып келіп, жанында отыратын асыл жары – Мақсұтқа Хадиша ол соғыста қаза тапқаннан бергі 28 жылдың ішінде көрген азабын кәдімгі ауыл ішінің ұсақ-түйек назы, қазақы болмыстан алып, шер тарқатып отырады. Расында, оның күйеуінің әруағына шағынғысы келгені Шалабай қайнысы өзін ескермей, қызы әкелген қоржынның аузын болып-толған Ақшай кемпірге ашқызғаны жай әншейін сыныққа сылтау ғана.   Жалғыздықтың зарын, шермендені қалай жұбатуды тірісінде ешкім білмесін жазушы астарлы сипатпен береді. Соғыстың қасіретін басқаша беру мүмкін еместей оқырман қоса өкситін қылып береді. Хадиша – жазушының сүйікті, нысаналы кейіпкері болғандықтан, оны бір әңгімеден екінші әңгімесіне көшіріп отыруға Шерағаң ықыласты: «Шекшек шырылдайды», «Соғыстың соңғы жесірі».

Хадиша – автор үшін, соғыс басталғанда небәрі тоғыз жасар ұл бала үшін өз анасының прообразы.

«Ай мен Айша» атты ғұмырбаяндық романдағы Айша ана мен Хадиша кемпір – ерлері қан майданнан оралмаған тағдыры бір ауыл әйелдері.

Хадиша күйеудегі жалғыз қызының қолында, қартайғанда жиендерін ес көріп отыруына болар еді, бірақ ол тым ескірек, қаймағы бұзылмаған қазақы дәуірдің адамы болған соң, мұны тағы місе тұта алмасы анық. Сондағы дәлелі – «Сенің түтінің өшпесін дедім, Мақсұт». Ескі қазақ дүниетанымында от – өмірлік күш, тазалық символы. Отты өшіру кешірілмес күнә саналатыны сондықтан. Түтін идеясы қазақта тұқым, тіршілік идеясымен өзектес. Психологиялық иірімде жалғыздықтың уытына әбден көндіккен, соған тіпті бауыр басып алған, көкейінен өшпейтін жастық кезеңінің сәулелі сәтімен ғана өмір сүруге бейімделген жесірлік феномені мұнда тайға таңба басқандай тұр.

«Ай мен Айша» бұл романды екі мәрте оқыдым, жалықтырмайды. Роман – дайын киносценарий. Келешекте Шерағаңның осы романы көркем фильмге айналарына шүбәсіз сенемін. Балалық шақтың уыздай бейнесі күмән тудырмайды, сол екіталай ауыр кезеңнің қалыбы боямасыз беріліп, ел мен жерге, ұшқан ұя, туған анаға деген сағыныш жұмсақ, сүйінішпен дәріптеледі. Үш баланың анасы Айшаның өлім алдында жатқан сәтіндегі бақсы кемпір Аққыздың жасаған емі бір ұлттың анасын аман сақтап қалғандай әсер етеді. Бір-бірінің тілеуін тілескен ағайынның бауырмалдығы ашылады.

Шерағаң прозаның кіші жанрында талай дүние тудырды. Оның әрқайсысы бір-бір психологиялық айқын портрет, адам тағдыры, әрі жазушы адамдарға деген сүйіспеншілігінен айнымайды. Адам баласына өшпенділік пен қарғыс, қара таңба басу, кесірлік бұл әңгімелерде ырымға жоқ. Өйткені, Шерағаңның жүрегінде құдай берген мейірім сәулесі, өмірсүйгіштік ерекше қасиет бар. Өзі суреттеген сәттей:  «Алматының аспанында да жаңа көктемнің толғағы бар. Көгілдір, түпсіз көк әлем. Бір қылау жоқ, бір қылпық жоқ» («Қызыл жебе», 220-бет).

Сол әңгімелерден ерекше ұнағаны – «Нахал торғайлар».

Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның еліне деген перзенттік махаббаты, сағынышы, Шер-уайымы осы әңгімеде астарлы түрде беріледі. Шерағаң жауыз торғайларды бөтен, келімсек, қомағай, сұмдық, басқыншы торғайлар деп атайды. Әдебиеттегі аллегория, гипербола, метафора, т.б. тәсілдерді қолданып, жазушы оның түйінін «Қырғилар нахал торғайлармен соғысқа аттаныпты» деген тәмсілмен аяқтайды. Қырғилар – құтқарушылардың қиналған елге көмекке келуіне Кенжегүл кемпірдің дұғасы себеп болады. Қазіргі қазақ халқының түйткілді мәселелерін бұлайша астарлай бере алу үшін шеберлік қана емес, ұлтын сүйген сәулелі жүрек қоса керек.

Ел біледі: баяғы текті билерге тән қара қылды қақ жарған әділдік, ұлтын сүю, азаматтық ұстаным, халқының дархан дүниетанымын шығармаларында ардақтау – мұның бәрі тегіс Шерхан Мұртазаның азаматтық бейнесінде, шығармашылық кредосында анық көрінеді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 14 =