«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қауын-қарбыздан қауіп бар ма?

0 673

Сатылымға маусым айында шығарылғанмен, қауын-қарбыз­дың нағыз пісетін уақыты – ол шілденің соңы. Жалпы, тамыз айынан бастап жеміс-жидектің саудасы бұрынғыға қарағанда қыза түседі. Дегенмен нитраттармен улану қаупінің де жоқ емес екенін қаперден шығармаған абзал. Жалпы, қауын-қарбыз­ды сатып аларда нені ескеру керек? Маман пікіріне құлақ түрелік.

Астана қаласы Қоғамдық ден­сау­лық сақтау департаменті тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Айнұр Дәулетбаеваның айтуынша, ташкенттік қарбыз­дар мен қауындар алғашқы болып маусым айында Астанадағы сауда сөрелерінен табылады. Ал одан кейін қарбыз­дар еліміздің оңтүстік өңірінен әкелінсе, соңғы кезекте қыркү­йек айында Шығыс Қазақстан облысынан жеткізіледі.
– Елорданың әр базарында ведомстволық зертханалар жұмыс істейді. Сауда сөрелеріне түспес бұрын дақылдар фитосанитарлық тексерістен өтеді. Қарбыздар мен қауындардың карантинді құжаттары болуы керек. Фитосанитарлық сараптама қорытындылары бойынша бақша дақылдарының құрамында нитраттың тиісті мөлшерден асатыны анықталған жағдайда, өнім сатылымға жіберілмейді, – дейді Айнұр Дәулетбаева.
Жыл басынан бері өсімдік өнімдерінің құрамындағы нитраттардың бар-жоғын анықтау үшін 1381 зерттеу жұмысы жүргізіліпті. Оның 34-і қауын-қарбыздың құрамын тексеруге бағытталған. Тексеру нәтижесінде тиісті деңгейден көп мөлшердегі нитраттар бойынша 5 дерек тіркелген. Олар құлпынай, банан, жүзім, орамжапырақ, болгар бұрышы сияқты жемістер мен көкөністерден табылған.
Ал қалалық инфекциялық аурухана мамандарының мәліметінше, биылғы жартыжылдық қорытындысына сәйкес, көктем мезгілінде нитраттан уланған 2 дерек тіркеліпті. Әзірге қарбыз бен қауыннан уланған жағдай болмапты.
– Бұрын бақша дақылдарынан улану жиі болатын. Қазіргі таңда бұл мәселе базарлардың өзінде де қатаң қадағаланады. Сатып алған қарбыздары немесе қауындарының құрамындағы нитраттар санын тексеруге деген азаматтардың ынтасы да жоғары. Олар базарлардағы зертханаларға барып, сатып алған өнімдерін жиі тексеріп тұрады. Сол сияқты былтырдан бері мамандарымыз қаладағы базарларда ай сайын «Қауіпсіз өнімді таңда» шарасын өткізіп, азық-түлік өнімдерінің құрамында зиянды заттардың бар-жоғын тегін тексере алады. Сондықтан қауын-қарбыздан қауіп жоқ, – дейді бөлім басшысы.
Дегенмен Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары қауын-қарбызды тұтынғанда гигие­налық тазалықты қатаң сақтауға кеңес береді. Мысалы, сатып аларда тәтті дақылдардың сыртын мұқият тексеріп, үйге әкелген соң алдымен жақсылап жуу керек.
– Қабықтарында артық сызат, жарық болмауы тиіс. Тілінгені де керек емес. Содан соң қауын-қарбызды түбіне дейін жемеген дұрыс. Себебі онда нитраттар көп жиналуы мүмкін. Әсіресе, сәбилер улануға бе­йім келетіндіктен, жасқа толмаған балаларға сақ болу қажет. Жалпы, қауын-қарбыздар көлеңкелі орындарда, жерден 20 сантиметр биіктікте сақталуы керек. Сондықтан көше бойындағы қарбыздарды алуға құмартпаңыз. Оның үстіне, көліктен шығатын газ да сіңіп қалуы мүмкін. Ал тоңазытқышта қауынды бір күннен артық сақтауға болмайды, –
дейді А.Дәулетбаева.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды