Қауіпті аймақтан шығу қатердің кеткені емес

0 48

«Қызыл» аймақта бірде-бір өңірдің жоқтығы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғанын көрсетті. «Сары» аймақта – тек төрт өңір. Дегенмен күніне елде 700-800 вирус жұқтыру дерегі тіркеліп отыр. Сондықтан сақтық нормаларына бағына отыра жаппай вакцинация қатар жүргізіліп жатыр. Жоспарланған кестеге сай бүгінге дейін 20 мыңға жуық қазақстандық екпе салдырды.

Ақпанның бірінде коронавирусқа қарсы жаппай егу жұмысын өздері жол көрсетіп бастап, екпенің бірінші дозасын алған Денсаулық сақтау министрлігі басшылары араға тура 3 апта салып, кеше «Спутник V» екпесінің екінші дозасын алды. Екпе салдырған Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен ДСМ вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, енді сәуір айында қазақстандық вакцина зерттеуінің үшінші фазасы аяқталғасын отандық екпемен егу жұмыстары басталады. Профилактикалық егудің мақсаты ұжымдық иммунитет қалыптастыру екенін еске салған олар COVID-19 қарсы вакцинация – қауіпті инфекциямен күресудің тиімді әдісі және қатаң шектеулердің жалғыз баламасы деп атап өтті. «Екпе мүлдем ауырмайды және қауіпсіз. Вакцинация алдында медицина қызметкері пациентті міндетті түрде тексереді, екпе салғаннан кейін адам 30 минут дәрігердің бақылауында болады» деді Е.Қиясов.

Шектеу шаралары жеңілдетілуі мүмкін

Ақпан айының ортасында үш күн бойы «қызыл» аймақта болған елорда қазір «сары» аймаққа ауысты. Қаупі аздау аймақты ұзақ сақтап тұра алсақ, бекітілген критерийлерге байланысты шектеу шаралары жеңілдетілуі мүмкін. Қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова бұл мәселе қазір талқыланып жатқанын айта келе: «ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің 68-ші қаулысының негізінде сауда орталықтары жұмыс істемейді. Оның ішінде тек қана дәріханалар мен супермаркеттерге жұмыс жасауға рұқсат берілген. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантиндік және шектеу шараларын жеңілдетуге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда ғана сауда орталықтарындағы киім дүкендерінің жұмыс істеуіне рұқсат етілуі мүмкін» деді.

Вакцина бәріне жетеді

Биыл 12 ақпанда ресейлік вакцина Қазақстан аумағында тіркелді. Кейін жүк «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы ірі хабтарына, әрі қарай аймақтарға жеткізілді. Қазір вакцина өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында жолға қойылған. Оның көлемі ақпанда – 90 мың доза, наурызда – 150 мың доза, сәуірден маусымға дейін ай сайын 600 мың дозаға жетеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, «Спутник V» вакцинасының тиімділігі шамамен 96% құрайды. Осы аптада аталған вакцинасының 2030 екінші компоненті елордалық Денсаулық сақтау басқармасының қоймасына жеткізілді. Екі компоненттің сыртқы бейнесі түс айырмашылығымен ерекшеленді. Біріншісі – көк, екінші компонент – қызыл түсті. Бір флакон 5 адамға екпе салдыруға арналған.

Елордада екі мың адам егілді

Вакцинациялау басталғалы бері елордада 2008 адам екпе алды. «Оның ішінде жедел жәрдем станциясы қызметкерлері – 63, алғашқы медициналық көмек ұйымдарының қызметкерлері – 1018, инфекциялық стационарлар – 161, реанимация бөлімшелерінің медицина қызметкерлері – 222, СЭК және ҰСО мамандары – 42, қалалық стационарлар – 383, президент ісі басқармасы қызметкерлері – 111 және ҚДС мамандары – 8 адам. Бүгінгі күннен бастап медицина қызметкерлерін 2 компонентпен вакциналау басталды» деді Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова. Жоспарда 5 700 адамға екпе салдырту көзделіп отыр. 21 күн бұрын екпенің бірінші дозасын алған Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов та кеше вакцинаның екінші дозасын алды. «Кішкене әлсіздік байқалды. Бірақ бұл екпе алғаннан кейін болатын әсер екенін білемін. Коронавирус жұқтырып, ауырып қалғанша, осылай екпе салдырып алдын алғанымыз жөн» деді ол екпеден кейін жарты сағат өткенде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + twenty =