Қауіпсіздік қарекеті

0 30

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында шаһар үшін маңызды бірнеше мәселе қаралды. Күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылауға Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев пен қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты.

ҮШ ДЕПО ҚҰРЫЛЫСЫНА 5 МЛРД ТЕҢГЕ КЕРЕК

Қазір елордада төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осы саладағы түйткілдерді шешу өте өзекті болып отыр. Сессияда және одан бір күн бұрын өткен мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында осының бәрі ортаға салынды. Алдымен Нұр-­Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан ­Сыздықов сала жұмысымен және проблемаларымен таныстырып, депутаттарды оларды шешуге атсалысуға шақырды.
Осы жылдың бюджетіне үш өрт сөндіру депосының құрылысына 5 млрд теңге шамасында қосымша қаржы салуды сұраған баяндамашы құрылыс жұмыстары келесі жылы басталуы керектігіне назар аударды. Оның айтуынша, лизингпен 48 техника сатып алуға да 3,2 млрд теңге керек. Қала айналасындағы жасыл белдеуді өрттен қорғау үшін де өрт сөндіру стансасы салынуы қажет.

АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМА ӘЗІРЛЕНДІ

– Бағбандық қоғамдастықтарға қарайтын аумақтар бойынша жаңа ережені әзірлеу керек. Кеңес заманында осындай ереже болды. Бірақ 1995 жылы оның күші жойылды. Жаңа ереже әлі күнге дейін түзілген жоқ. Сол себептен қазіргі таңда осы мәселені реттей алмай отырмыз. Бұл жағдай саяжайларда өрт туындағанда біршама қиындықтарды тудырады, – деді Б.Сыздықов.
Жалпы, елордада төтенше жағдайларға қарсы тұру инфрақұрылымын дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленген. Аталған мәселелердің бәрі соған енгізілген. Сондай-ақ Б.Бейсекова көшесінің аумағында Есіл өзенінің арнасын кеңейту мақсатында 246 жер телімін мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алу керек. Департаменттің есептеуінше, бұл жұмыс 11 млн теңгені қажет етеді. Ал арнаның кеңейгені қаланың қауіпсіздігі үшін маңызды. Қар еріту стансаларының саны мен қуатын арттыру да біраз мәселені шешеді. Департамент бастығының пікірінше, ерітілген қар суын жаз мезгілінде әртүрлі мақсаттарға пайдалануға болады.

АҚЫСЫЗ ЖАҒАЖАЙЛАР АШЫЛА МА?

– Қалада ақысыз қызмет көрсететін жағажайларды ашу керек. Бұл шомылу маусымы уақытысында халықтың қауіпсіздігін арттырады. Жаңа жағажайларды қыс мезгілінде пайдалануды да ойластырған жөн. Бұл жұмыс­ты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы кәсіпкерлерді тартып, ұйымдастыруға болады. Жағажайлар жыл мезгілдеріне, күн мен түнге қарамастан жұмыс істесе, ұзақ мерзімге жалға берілсе, бәріне тиімді болады, – деді Б.Сыздықов.
Қаланың Төтенше жағдайлар департаментінен тұрғындар ақпараттық-анықтамалық ақпаратты уақытылы алып тұру үшін, керек кезінде қызметіне жүгіну үшін мобильді қосымшаны әзірлеу басталғанын айтқан баяндамашы мекеме иелігіндегі шағын дағдарыс орталығын дамытуға 347 млн теңге керектігін жеткізді.

«ҚҰТҚАРУШЫЛАР БАСПАНАСЫНА» ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ МЕ?

Оның айтуынша, халықтың қауіпсіздігі мақсатында қала сыр­тымен өтетін теміржол да салынуы керек. Бас шаһарда жылына теміржолмен кемінде 250 мың тонна химиялық қауіпті заттар тасымалданатынын айтқан ол мұның бәрі қала арқылы өтетінін айтып өтті. Сөз соңында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын да қозғады.
– Қызметкерлерімізге арналған көппәтерлі тұрғын үйлер салынуы керек. Мен өзімше бұл үйлерге «Құтқарушылар баспанасы» атауын беріп қойдым. Себебі қазір гарнизонымызда 1500 адам жұмыс істесе, соның 715-і баспанасыз жүр. Ал 645 адам қала әкімдігінде тұрғын үй кезегінде тұр. Осы тұрғыда қала басшылығына алғыс айтқым келеді. Олардың көмегімен ­Қазақстан ипотекалық компаниясы қызметкерлеріміздің құжаттарын қабылдауды бастады. 7 қазанға дейін кейбір қызметкерлеріміз үлгереді деп ойлаймын. Бәлкім жыл аяқталғанша баспаналарына кіріп те үлгерер, – деді Б.Сыздықов.

НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ НЕГЕ САПАСЫЗ?

Таяуда қалалық мәслихат депутаттары Төтенше жағдайлар департаментінің бірқатар нысандарын аралап, жағдайды өз көздерімен көрді. Келесі кезекте сөз алған депутат Мұхтар ­Төлеутаев соның қорытындыларымен таныстырды.
– №16 және №7 өрт сөндіру бөлімдеріне барғанымызда көптеген проблемалардың басы ашылды. Олардың ғимараттары әбден ескірген. Оның үстіне бұл нысандардың маңайында жолдар жоқ. Маңайындағы құрылыс жұмыстары мен автотұрақтар өрт сөндіру көліктерінің шығуына кедергі келтіреді, – деді депутат.
Департамент қызметкерлеріне баспана керектігі жөніндегі алдыңғы баяндамашының сөзін қостаған халық қалаулысы соның ішінде 235 көпбалалы отбасы барын, 5 отбасы ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырғанын атап өтті.
Оның әріптесі Рамзия Өмірбаева нысандарды салғанда өртке қарсы қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесін қозғады. Жақында құтқарушылар тұратын жатақханаға кіріп шығып, жағдайлары мәз емес екеніне көзінің жеткенін айтты.
– Кіп-кішкентай бөлмеде бес-алты баладан жүргенін көрдім. Бәрі бір компьютермен сабақ оқиды. Көзіме бөлмедегі екі кереует ғана шалынды. Сонда басқалары еденде ұйықтайтын болғаны ғой. Өртсөндірушілер мен құтқарушыларға әлеуметтік тұрғыдан расымен қолдау көрсету керек, – деді Р.Өмірбаева.
Бұрын белгілі бір нысан пайдалануға берілерде құрамына өртсөндіруші, СЭС қызметкері кіретін арнай комиссия оны қабылдағанын айтқан депутат қазір Құрылыс басқармасы қызметкерлері бұл іске «өздері би, өздері қожа» болып отырғанын жеткізді.
– Соның салдарынан бүгінде құрылыс жұмыстары кезінде көптеген талаптар бұзылып жатыр. Өзім басқаратын мектепке алты жылдай бұрын жапсаржай салынды. Комиссия құрамына мектеп директоры мүлде кірмейді екен. Нысан тапсырыларда өзім аралап шығып, тиісті құрылыс талаптары бұзылған 12 жағдайды тіркедім. Содан соң Құрылыс басқармасына хат жаздым. Бұл хатымды қараған адам болған жоқ. Жапсаржай сол күйі пайдалануға берілді. Арада бір ай өткенде Төтенше жағдайлар департаменті қызметкері мектепке тексеріске келіп, өртке қарсы талаптардың сақталмауы бойынша маған 180 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Мен төледім. Бірақ төлемей, сотқа арыздануыма болар еді. Себебі, бұл талаптың бұзылуына кінәлі өзім емес қой. Мектептерді, ауруханаларды, тұрғын үйлерді пайдалануға берерде, комиссия құрамында нағыз мамандар болуы керек, – деді депутат.

«АҚЫЛДЫ ШЛАГБАУМДАР» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов елордада «Ақылды шлагбаумдар» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрады. Оның айтуынша, осы бағдарлама арнайы қызметтердің нысандар аумағына кедергісіз кіруі үшін маңызды. Бұл сауалға қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жауап берді.
– Таяуда ғана бұл мәселені қала әкімдігінде қарадық. Бұл проблема былтыр анықталды. Жедел жәрдем, өртсөндіру көліктері тұрғын үйлерге жақындай алмады. Сол кезде Парламентте тиісті заң жобасын әзірлеу туралы да мәселе туындады. Бұл заң жобасы болашақта мақұлданады деп ойлаймын. Биыл өзіміз әкімдікте Цифрлық және мемлекеттік қызметтер басқармасын құрдық. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір Төтенше жағдайлар департаменті, аудандардың әкімдіктері және ПИК-термен шлагбаумдар бар аулаларды «ақылды» етуді қарастырып отырмыз. Яғни, аулаларға кедергісіз кіруді ойластырып жатырмыз. Бұл мәселені қалалық мәслихат депутаттарымен әлі пысықтаймыз. Тиісті жұмыс­ты биыл бастап, келесі жылдың ортасында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары.

УЛЫ ГАЗДЫ АНЫҚТАЙТЫН ҚОНДЫРҒЫ ОРНАТЫЛЫП ЖАТЫР

Былтырғы ақпанда елордада бір үйдің бес баласы өртеніп кетті. Бұл қайғылы жағдайды еске алған Сенат депутаты Ақылбек ­Күрішбаев осындай қасіреттің алдын алу үшін не істелініп жатқанын сұрады. Таяуда Төтенше жағдайлар министрлігі құрылғанын айтқан ол аталмыш ведомство арқылы және Үкіметке хат жазып, елорда бойынша қордаланған мәселелерді шешуді ұсынды. Өз тарапынан қолдайтынын жеткізді.
– Елордада әлеуметтік осал топтарға жататын 5700 отбасы бар екен. Мұны Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан анықтап білдік. Өткен жылғы қайғылы жағдай қайталанбас үшін биылғы 15 тамыз бен 15 ­қыркүйек арасында сол отбасылардың барлығын аралап шықтық. Қала әкімдігінің қолдауымен осы отбасыларға улы газды анықтайтын 1255 датчикті орнатып бердік. Олардың көпшілігі саяжайларда тұрады. Біз жылыту пештерін, мұржаларды тексердік. Бір атап өтерлігі, Нұр-Сұлтан қаласында қазір 1240-тан астам жатақхана бар. Оларды да жыл басынан аралауды бастадық. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты бұл жұмыс сәл тоқтап қалды. Алда әлі де тиісті жұмыстар бар. Біз оларды тоқтатпаймыз, – деді Төтенше жағдайлар департаменінің бастығы Бауыржан Сыздықов.
Талқыланған мәселенің түйін­ді пікірін қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров айтты.
– Төтенше жағдайлар саласында проблема өте көп. Ағымдағы мәселелер де, әлеуметтік проблемалар да жеткілікті. Жергілікті бюджеттің күшімен оларды шешу мүмкін емес. Сондықтан қалалық мәслихат атынан Үкіметке хат жазайық, – деді М.Шайдаров. Әріптестері бұл ұсынысты қолдады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 12 =