Қауіпсіздік пен тәртіп сақшылары

0 41

Кез келген мемлекет үшін оның полициясы берік қорғаны болуы керек. Қарапайым адамдардың полицияны өзінің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуші рөлінде көруі маңызды. Біздегі ішкі істер саласы – ең көп сыналатын сала. Халықтың полицияға деген көзқарасын жақсарту үшін полицияның кәсіби мәдениетін қалыптастыру туралы қаншама әңгіме болды, әлі де жалғасып келеді. Ал шынында полиция қызметін оңай деп ешкім айта алмайды, тәуекелге бел буып, өмірін қатерге тіге алатын ерік-жігері бар адам ғана ішкі істер саласын таңдайды. Елбасы Н.Назарбаев 2007 жылы 23 маусымды Полиция күні деп жариялағаннан бері бұл салада қаншама өзгерістер болды, жүйені реформалау кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады» деп, ішкі істер органдарын реформалауға 2019-2021 жылдарға 173 миллиард теңге бөлінетінін айтты.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті азаматтарды шектеу шараларын сақтауға, қабылданған шараларға түсіністікпен қарауға, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға және инфекцияның алдын алуға көмектесуге шақырды. Құқық бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады. Бұл шаралардың барлығы азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалуда. Сонымен бірге ҰБТ кезінде де елордадағы қоғамдық тәртіпті 100 полиция қызметкері мен 10 арнайы көлік қамтамасыз етеді. Ол үшін 9 медицина қызметкері және үш жедел жәрдем жұмылдырылған. 24 қызметкер өрт қауіпсіздігін қадағалайды, 46 автобус қала шетінде тұратын 540 түлекті тасымалдайды.

Ішкі істер саласындағы цифрландыру

Ішкі істер министрлігі «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасына «Учаскелік полиция инспекторларының деректер базасы», «Тергеуші» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру жəне еліміздегі шағын қалаларда жедел басқару орталықтарын іске қосу жайлы үш жоба ұсынған болатын. Бүгінде ішкі істер саласының көші-қон қызметінде, қылмыстық атқару жүйесінде жəне жол-патрульдік полиция жұмысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ақпараттық жүйені дамыту жолға қойылған.

Ашықтық пен айқындық үшін

Бүгінгі таңда полиция жұмы­сының ашықтығы мен айқындығын арттыру бағытында азаматтарды қабылдау тәртібі өзгерді, енді орталық аппарат, облыстық департамент басшылары апта сайын азаматтарды қабылдайды. Айталық, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баевтың өзі 2019 жылы 326 адамды, ал оның орынбасарлары 309 адамды қабылдаған болса, биыл бұл сандар тиісінше 111 және 87-ні көрсетіп отыр.
Қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде 251 қабылдау бөлмесі ашылды. «Құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шең­берінде және полицияның халықпен өзара тиімді байланысын жақсарту үшін «Жолда қабылдау» шарасы жиі өткізіледі. Полиция органдары басшыларының және учаскелік инспекторлардың халықпен есептік кездесулері тұрғындармен тиімді байланыс орнатуға ықпал етеді. ІІМ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, осы кездесулер барысында биыл азаматтардан нақты елді мекендерде полиция жұмысын жақсартуға бағытталған 1000-ға жуық ұсыныс келіп түскен.
ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше, шешім қабылдауды айтарлықтай жеделдету мақсатында азаматтар ІІМ атына бейнебайланыс арқылы хабарласа алады, бұл жалпы азаматтардың елордаға жол шығыны мен онда барғандағы тұру шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді. «Жыл басынан бері «Ішкі істер министрінің блогы» арқылы қылмыстық істерді тергеу, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері туралы хабарламалар, заңнаманы түсіндіру мәселелері бо­йынша түскен екі мың өтінішке жедел түсініктеме берілді. Онлайн режимде өтініштер беру үшін азаматтар Facebook-тегі «азаматтар үшін қоғамдық қабылдау» парақшасын пайдалана алады» деп атап өткен болатын бұл туралы Е.Тұрғымбаев арнайы брифинг барысында.

Індет кезінде алдыңғы шептен көрінді

Бүкіл әлеммен бірге елі­міз де пандемиямен күресуде. ҚР Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарының барлық күштері қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға, карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етуге бағытталып, 52000-нан астам полицейлер, құтқарушылар, әскери қызметшілер және ішкі істер органдарының медицина қызметкерлері блокбекеттерде үздіксіз қызмет атқарды, яғни карантиндік режим кезінде елде 400-ге жуық блокбекет жұмыс істеген болса, оған 6000-ға жуық ІІО қыз­меткерлері қатысты. Барлық кезеңде блокбекеттерде 3,2 млн-нан астам көлік құралдарымен 5 млн жолаушы тексерілді. Полиция сонымен бірге тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды, медициналық мекемелер мен карантиндік аймақтарды күзетті. Қоғамдық тәртіпті сақтауды күшейту үшін полиция мен Ұлттық ұлан жасақтарының саны артты. ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қысқа мерзімде тәуекел аймағында орналасқан қызметкерлерге арналған маскалар мен комбинезондар өндірісі жолға қойылды. Өзін-өзі оқшаулау және шектеу тәртібі кезеңінде қабылданған шаралардың арқасында елдегі қылмыс 26 пайызға төмендеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 10 =