Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

0 14

Елордада ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері қаралды.Жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қордай ауданында болған оқиға салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық салада үлкен қиындықтарды бас­тан өткергенін еске салды.
– Егер біз көпұлтты халқы­мызды біріктіріп, тұрақты­лықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалушы еді. Әрине, мемлекеттік қызметкерлерге де тиісті міндеттер жүктелген, бірақ бейбітшілік пен келісімді сақтау, ең алдымен, біздің халқымыздың міндеті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соны­мен қатар, Елбасы туындаған жағ­дайдың себептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң талаптарына сәйкес жазалауды тапсырды.
– Бұл мәселе аға буын өкілдерін толғандыруға тиіс. Менің Ұлт көшбасшысы ретіндегі мақсатым – Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтана алатындай деңгейге жеткізу. Аға буынның міндеті – адамдарға тәуелсіз, дамыған және тұрақты мемлекетті сақтап қалу біздің ортақ мақсатымыз екенін түсіндіру, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.
Елбасы қазіргі уақытта Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет пен облыс әкімдігі зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның өңірлік филиалдарының жұмыс сапасына ерекше назар аударылды.
– Ассамблея мен оның өңірлік өкілдіктері мұндай жағдайлардың алдын алып, бақылауда ұстауы
керек. Бұл – біздің ортақ міндетіміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Отырыс барысында Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев пен Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев­тың есептері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау ­министрі Е.Біртанов есеп берді.
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы коронавирус төңірегіндегі жағдай Қытай экономикасымен бірге Қазақстан экономикасына да залалын келтіруі мүмкін екенін атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды