«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қауіпсіз тағамды таңда

0 272

Сауда жасағанда немесе тапсырыс бергенде ең бірінші нені ескеру керек?

Haljal rebenku

ТОРТТЫ КІМНЕН АЛАСЫЗ?

Қазіргі таңда мерекелерді, туған күндерді тортсыз қарсы алу мүмкін емес. Соған орай, тортты үйде отырып-ақ пісіріп, әлеу­меттік желі арқылы кәсібін дөң­гелетіп отырғандар аз емес бүгінде. Тұрғындар тарапынан да үйде пісірілетін тортқа сұраныс жақсы. Әрине, үйде пісірілетін кондитер өнімдері көздің жауын алып, дәмі тіл үйіреді. «Зиянды қоспаларсыз табиғи өнімдерден жасалады» деген жарнамасы да назар аударады. Бірақ оның сапасына қаншалықты мән беріледі? Кондитерлік қоспа бұйымдары тамақтан уланудың жиі себепкері болып жатқанын білесіз бе? Үйде пісірілетін торттардың құрамында глюкоза мен қанттың көп болуы бактерияның көбеюіне, токсиндердің жиналуына әсер етеді. Улану жағдайлары көбіне мерзімі өткен өнімдерді пайдалану немесе дайындау тех­нологиясын бұзушылықпен және талапқа сай емес орындарда дайындалуының салдарынан болады. Олардың қауіпсіздігін растайтын құжаттары да жоқ. Қарапайым жеке бас гигиенасы да сақталмайды, онымен қоса бір реттік қолғаптар да қолданылмайды. Олардың медициналық қараудан өткендігі де күмән тудырады. Сондай-ақ, үйде торт пісірушілердің туберкулез немесе инфекциялық ауруларды тасымалдаушы болуы да ғажап емес. Сол себепті мекенжайы мен сақтау мерзімі нақты көрсетілген өнімді ғана сатып алыңыз.

САҚТАУ МЕРЗІМІНЕ МҰҚИЯТ ҚАРАҢЫЗ

Балалар тағамын сатып аларда тұтынушылар ең алдымен өнім мен өндіруші туралы ақпаратпен мұқият танысып, пайдалануға болатын мерзімге, өндірілу уақытына және сақтау мерзіміне көңіл аударуы қажет. Сақтау мерзімі өткен тауарды сатуға мүлде болмайды. Мұны әрбір тұтынушы білуі тиіс. Таңбалануы дұрыс көрінбейтін өнімді де сатып алмау керек. Оның сақтау мерзімін бәрібір анықтай алмайсыз. Сонымен қатар, жыл мезгілін де ескерген жөн. Себебі қысқы уақытқа қарағанда жазда азық-түліктер тез бұзылады. Ал ірімшік сатып алу кезінде температуралық сақтау режиміне аса көңіл аударған абзал. Мысалы, -18 градуста сақталатын ірімшіктің мерзімі 4 айға жетсе, +6 градустағы өнім 21 тәуліктен ары аспайды. Өнімді таңдаған кезде оның сыртқы түріне де мұқият қараған дұрыс. Мәселен, сүт өнімінің орамы, темірден жасалған банкілер тырсимауы тиіс. Яғни қапшықтары ісінбеген, кірленбеген, шаң баспаған болуы ләзім. Йогурттерді де сатып алғанда ерекше мән беріңіз. Олардың қақпағына сызат түспей, жыртылмаған болуы қажет. Әйтпесе микробтар зеңнің пайда болуына себепкер болады.

ЖАС АНАЛАР НЕНІ ЕСКЕРУІ ТИІС?

Балаларды үйде тамақтандыратын аналардың құлағына алтын сырға, құрғақ қоспалар мен ботқаны сатып алу, оны ашу кезінде сақталу мерзімі өте шектеулі екендігін есіңізде сақтаңыз. Негізінде, бұл 2-3 апта сақталады, ол туралы өнім сыртында көрсетіледі. Бірақ бала егер бір орам қоспаны жеп үлгермеген жағдайда, оны екінші рет қолданбаңыз. Балалар тағамын көп көлемде ерте дайындауға да болмайды. Қақпағы ашық өнімді екі күннен артық тоңазытқышта қалдырмаңыз. Балалардың тағамдары өте тез бұзылады. Сол себепті сүт өнімі мен банкідегі езбені тоңазытқыштың үстіңгі сөресіне қою керек. Ішек инфекциясы мен астан уланудың алдын алу үшін сүтті пайдаланбас бұрын қайнату қажет. Жекелеген сатушылардан сапасы тексерілмеген сүт өнімдерін мүлде алмаңыз. Балаларға бұрын дәмін көрмеген жаңа өнімді де бірден бермеңіз. Бұл қарапайым ережелерді сақтамау балаларға үлкен қауіп төндіреді. Сақ болыңыздар!

Айнұр ДӘУЛЕТБАЕВА, 
Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті
тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық
қадағалау бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды