«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қауіпсіз қала» қатарында астана да аталды

0 187

Жергілікті, ұлттық және жаһандық деңгейдегі қоғам бетпе-бет келетін қиындықтар мен қауіп-қатерлерді талдайтын америкалық Брукингс институтының (Brookings Institution, Вашингтон – ред) ғалымдары Даррел М.Уест пен Дэниел Бернштейн әлемнің 17 қаласында цифрлы технология, мобильді байланыс және интеграцияланған шешімдер қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қалай қамтамасыз ететінін зерттеп, нәтижесін жариялады. Зерттеу нысанына іліккен қалалардың ішінде Астана да бар.

Зерттеуде қаладағы цифрлы технология инфрақұрылымды, қауіпсіздікті нығайту шаралары, оның тиімділігі, мәліметтерді талдау (дата-анализ), мен жергілікті бұқара халықтың атсалысу деңгейін сараптап, 120 балдық шкаламен рейтинг түзілген. Қоғамдық қауіпсіздік саласындағы озық тәжірибелерді игеруде Сингапур, Копенгаген және Лондон көш бастап тұр. Себебі олардың мақсаты – айқын, инфрақұрылымдық базасы мығым әрі қаржы молынан құйылады. Мәліметтерді талдап-сараптауға, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауға айрықша күш салады. Ал рейтингтің соңын ала орналасқан Джакарта, Астана, Кувейт, Каир және Абуджа (Нигерия) қауіпсіздік шараларына көңіл бөлгенмен, үздік шешімдерді енгізуге ресурс шектеу­лігі кедергі келтіріп тұрған көрінеді. Ғалымдар «Smart Astana» жобасы мен Экспо-2017 көрмесі Астананың әлемдегі смарт-қалалардың елулігіне кіруге мүмкіндік бергенін айтады. «Astana Innovations» жүзеге асырып жатқан «ақылды мектеп» жобасы, бейнебақылау камералары, қоғамдық орындардағы лед-жарықшамдар мен wi-fi желісі қаланың қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге ұмтылысы барын көрсетеді. Алайда орындауында әлі де олқылықтар көп деген пікір айтады.
Жалпы, халық тығыз орналасқан жерлерде қоғамдық тәртіпті қадағалау оңай емес. ЮНИСЕФ мәліметіне сүйенсек, 2050 жылға қарай әлем халқының 70 пайызы қалада тұрады. Авторлардың айтуынша, көшеде бейнебақылауды көбейту, полициялардың өздерімен бірге камера алып жүруі, интернет желісі арқылы интеграцияланған басқару орталықтарын құру, әлеуметтік желі арқылы қауіпті ескерту жолын қарастыру, қолда бар мәліметтер арқылы алдағы жағдайды болжап-біліп отыру заң бұзушылықты болдыр­мауға кәдімгідей тосқауыл болады. Төменде мұндай жобаларды сәтті атқарып жатқан бірнеше қаладан мысал келтірейік:

Амстердам. Камерамен жарақтанған полиция

Нидерланд астанасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрғындарды, компанияларды және қала муниципалитетін жұмылдыратын, ашық мәлімет алмасуға мүмкіндік беретін «Amsterdam Smart City» (ASC) жобасы жұмыс істеп тұр. Оның ең тиімді бағыттарының бірі – полицейлер өздерімен бірге мойнына тағып жүретін бейнекамералар. 2009 жылы голландиялық Zep-Cam компаниясы өздерінің экстрималды спортқа арналған камераларын оңтайлап, онымен барлық полиция департаменттерін жарақтандырды. Ұдайы қосылып тұратын бейнебақылау жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен, полицейлерге қарсы құқық бұзушылық азайды; полицияның заңсыз айыппұл салуын азайтып, азаматтардың сенімін арттыра түсті, күдіктіні ұстау, тіркеу көрсеткіші артты; полиция қауіпті тапсырмаларға шығарда өздерін анағұрлым сенімді сезіне бастады. Амстердамда халық өте тығыз орналасқан, әр шаршы шақырымға 5065 адамнан келеді. Оның үстіне қалада 130-дай ұлт өкілдері тұрады. Яғни, қоғамдық ортада түрлі этносаралық қақтығыстардың болуы ықтималдылығы жоғары. Ал құқық қорғау­шылар камерамен жарақтанғалы бері полиция жағдайды бақылауда ұстап, халықпен сенімді қарым-қатынас орнауына жол ашты. Амстердам тәжірибесін әлемдегі басқа ірі қалалар да игеріп жатыр. Нью-Йорк мэрия­сы 2019 жылға дейін қаладағы 23000 полицейді камерамен қамтамасыз ететін болды. Бұл әдісті Американың Вашингтон, Хьюстон, Денвер, Сакраменто қалалары, Англия мен Франция да кеңінен қолдануды бастады.

Лицзян мен Найроби. Мәліметтер ортақ базада өңделеді

Қытайдың Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар академиясы Еуропа мен Қытайдың бірқатар қалаларындағы «смарт-сити» технологияларын салыстырып, мынадай байламға келді: Қалалар бейнебақылау камерасы, әлеуметтік желімен жұмыс, жеке-дара сенсорлар желісін енгізіп жатыр. Алайда ондағы мәліметтерді бір арнаға тоғыстырып, кәдеге жарату жағы кенжелеп тұрғанына көз жеткізді. Аталмыш инновациялық шешімді әуелі Юнан провинциясындағы Лицзян қаласында сынап көруді жөн көрді. Ли өзенінің жағасында орналасқан, жан-жағын тау көмкерген шағын қалаға туристер қаптап келеді. Полиция бейне, дыбыс және цифрлы мәліметті өңдеу үшін қаланы eLTE жоғары жылдамдықты интернетімен қамтамасыз етті. Сөйтіп, кісі қарасы көп жерлердегі жіті бақылау арқасында заң бұзушылықтарды жедел анықтап, дереу әрекет етуге қол жеткізді. Ал Найробиде интеграцияланған басқару орталықтарына түскен мәлімет бір мезетте сол маңайда жүрген полиция көлігіне де жететін жолы табылды.

Джакарта. Онлайн бағдарламалар «халықтан хабар күтеді»

Тәртіп сақшылары, қауіпсіздік қызметтері мен халық арасындағы байланысты нығайтуға онлайн технологиялардың да тигізер пайдасы зор. Мысалы, Джакартадағы «Qlue» бағдарламасы арқылы орталықтандырылған мәліметтерді өңдеу базасы кептелек, су тасқыны, тропикалық безгектің алдын алып, оның салдары мейлінше жеңіл болуын қадағалайды. Aл «CROP» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметкерлер халықтың арыз-шағымына, сұрағына тікелей жауап бере алады. Бір қызығы, қалалық муниципалитет бағдарламадан кімнің жедел әрекет еткенін, кімнің кешеуілдеткенін көріп тұрады. Кейін бұл мемлекеттік қыз­меткерлерді жұмыстан шығаруға негіз бола алады.

Дереккөз: www.brookings.edu

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды