Қауіп сейілгенмен, қатер бар

0 54

Жаһанды жайлаған індеттің бетін екінші рет қайтардық. Алайда алдыңғы карантиннен сабақ алып, барлық санитарлық-профилактикалық нормаларды қатаң сақтау ғана инфекция жұқтырудың қайта өспеуіне көмектесетінін ескеруіміз керек. Дәрігерлер карантинді біртіндеп алып тастау босаңсуға себеп болмауы тиіс дейді. Сондықтан тойлар мен көпшіліктік іс-шараларды өткізуге әлі де тыйым салынады.Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов күні кеше өткен «Медициналық ұйымдар қызметінің қайта іске қосылуы және емделіп шыққандарды оңалту шаралары» атты брифингте денсаулығымызға мұқият болып, ортақ жауапкершілікті сезінуге, тиісті санитарлық-профилактикалық нормаларды сақтау инфекцияның таралуын болдырмауға мүмкіндік беретінін есте сақтауға шақырды.
– Қазіргі таңда КВИ мен пневмониядан зардап шеккендерді оңалтудың үшінші кезеңі жүруде. Науқастар жаттығу терапиясы, массаж, физиотерапия сияқты қалпына келтіру көмегінің көлемі мен ұзақтығын анықтайтын ­реабилитолог-дәрігердің кеңесін алады. Бүгінде амбулаториялық деңгейде медициналық оңалту, ақпараттық-коммуникация­лық технологиялар көмегімен қашықтан медициналық қызметтерді ұсыну үшін нормативтік құқықтық актілер мен емдеу хаттамалары жасалуда. Науқастарға арналған нұсқаулық және медициналық қызметкерлерге тыныс алуды қалпына келтіру бойынша нұсқаулықтар жасалып, бекітілді, – дейді ол.

Емханалар жұмысы жанданды

Елорданың барлық емханалары алдын ала жазылу бойынша жоспарлы түрде қабылдау жүргізуді бастады. Дәрігерлер ересектер мен балаларға профилактикалық тексеру жүргізуде. Соның ішінде скрининг, жоспарлы стоматологиялық қызметтер, оңалту қызметтері, медициналық-әлеуметтік қолдау, медициналық-әлеуметтік сараптамаға медициналық құжаттарды ресімдеу, психологиялық көмек, күндізгі стационарлардың жұмысы, тәуліктік және күндізгі стационарларға жоспарлы емдеу­ге жатқызуға жіберу қызметтері бар. Іс-шараларды жүргізу барысында күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталады. Емханалар таңертең сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ коронавирус инфекциясының белгілері бар адамдарды қабылдайтын фильтр-кабинет жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта қалада тәулігіне 5,5 мың зерттеу қуаты бар 9 ПТР-зертхана жұмыс істеп тұр. Оларда барлығы 305 мыңнан астам зерттеу жүргізілді.
– Әкімдік медицина мекемелеріне 600-ден астам флоуметр, 500 оттегі концентраторы, 500 арнайы кереует, өкпені жасанды желдету құралдары және компьютерлік томография аппараттарын жеткізді. Шілде айында екі апта ішінде қалаға пневмония, коронавирус және басқа да ауруларды емдеуде қажет 110 тоннадан астам дәрі-дәрмек жеткізілді. Бұл жұмыстарды әкімдік тұрақты негізде жүргізеді, – деді басқарма басшысы.

Пневмонияның беті қайтты

Елордада коронавирус пен пневмонияның төмендеуіне байланысты науқастарды емдейтін стационарлар босатылуда. Ауруханаға жатқызылғандардың саны бір жарым айда 10 есе азайды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының стационарында коронавирус пен пневмониядан 343 адам емделуде.
КВИ анықталған жүкті, босанатын және босанған әйелдерге уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 18 маусымнан бастап 185 төсекке арналған №1 КҚА-да акушерлік блогы жұмыс істейді. Биыл 5 шілдеден бастап ауруханаға жатқызылған нау­қастардың саны 4 мыңнан 343 адамға немесе 10 есе азайды. Тиісінше төсек қорының жүктемесі 99 пайыздан 17,2 пайыз­ға дейін кеміді. Стационарлардағы КВИ расталып, ауруханаға жатқызылған науқастар саны 2000-нан 137-ге дейін немесе 14 есеге, пневмониямен ауырғандар 1333-тен 198-ге дейін немесе 7 есе төмендеді.
Пандемияның өршуі басылғанына байланысты КВИ-мен күресуге жұмылдырылған денсаулық сақтау объектілерінің саны қысқаруда. Осылайша, негізгі қызметін қайта бастаған 6 денсаулық сақтау нысаны кезең-кезеңімен жабылды. Эпидемиологиялық жағдай асқынған жағдайда, олардың жұмысы жедел қалпына келтіріледі. Қазіргі уақытта 10 стационар іске қосылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =