Қатыгез боп барамыз ба?

0 104

Бұдан біраз бұрын Елбасы Астананы одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы сонда Нью-Йорк бір кездері Американың ең криминалды қаласы болғанын, жаңа мэр, жаңа полиция келіп, олар қалаға тәртіпті ең алдымен, кішігірім қылмыспен күрестен бастағанын айтты. Демек, Астанамыз ең тыныш қала болуы үшін бізге де кішігірім қылмыспен күрестің осындай озық тәжірибелерін енгізу қажет.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елордадағы қылмыс деңгейі республикалық деңгейден 1,7 есе артық. Ал, қылмыстың ашылуы ең төмен деңгейде. Осының салдарынан, яғни сол кішігірім қылмыстардың алдын алмай, қылмыскерлердің барлығы бірдей уақытында жазаланбағандықтан, қоғамымызда небір сұмдық оқиғалар орын алуда. Енді, міне, «атып кетіпті», «ұрыпты», «тонапты», «сабапты», «зорлапты» деген сөздерге елең етпейтін болып алдық. Өйткені, мұндай оқыс оқиғалар туралы күнде естиміз.

Соңғы кезде өз анасының қолынан ажал құшқан бүлдіршіндер көбейді. Анасын өлтірген безбүйректер қаншама? Кісі жалдап, адам өлтіру фактісі де жиілеп кетті. Қаланың қасаң тірлігі тұрғын­дарды қаталдыққа үйретіп тастады ма, білмейміз, әйтеуір, өктемдік пен өзімшілдік, өзге үшін бас ауыртпау пиғылдары қанымызға сіңіп барады.

Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысында адам жаны түр­шігерлік оқиға болды. Араққа сылқия тойып алған бір топ еркек өздерінің таныстарын зорлап, одан кейін жәбірленушіні соққыға жығып, өлтіріп тастаған. Осынша безбүйрек болатындай, біздің қазаққа жауыздық, қатыгездік қайдан келді?

Кісі ақысын жемеу, біреуге әлімжеттік жасамау, қолдан келсе, адамдардың бір-біріне көмектесуі секілді адамгершілік, инабаттылық, ізеттілік, қарапайымдылық қағидаларын құлағына құйып өскен ұрпақ мұндай сорақылықтарға бармас еді. Өкінішке қарай, тіліне, дініне, діліне немқұрайлы қарайтындар көбейді.

Бүгінде жастардың басым бөлігі спортпен шұғылданудың орнына бас қаладағы букмекерлік кеңселер мен ойын залдарында уақытын зая кетіріп жүр. Ата-анасын тыңдамайтын, алтынға бергісіз жастық жылдарын мағынасыз, босқа өткізуді әдетке айналдырған ұл-қыздан жақсылық күтуге бола ма?! «Не ексең, соны орасың». Сайып келгенде, осының бәрі тәр­биенің аздығынан болып отырған сыңайлы. Себебі, теледидар арқылы бала миын шаршатып, көңілін теріс бағытқа итермелейтін дүниелер мен өзге планеталық қорқынышты бейнелер жиі көрсетіледі. Олардың орнына адал достық, ата-анаға, бауырға деген қамқорлық мәселелері көбірек насихатталып, ұрпағымызды ұлттық бағытта тәрбиелесек етті.

Арамызда ұлт хақында айтары көп, елін сүйетін азаматтар да жоқ емес, әрине. Десек те, ұрпағына үлгі болып, ақыл айтар ақсақалдар мен қызына қырық үйден тыйым салар аналарымыз азайғалы бері қылмыс түрлері де кемімей келеді. Сондықтан, балаларымызға ойыншық қару әперіп, қатыгездікке баулығанша, оларды түрлі секцияларға жіберіп, батылдыққа, шыдамдылық пен төзімділікке тәрбиелесек қайтеді? Тек, бүгінде тегін секция жоқ, үйірменің бәрі ақылы. Ендеше, олардың құны қарапайым отбасының балалары үшін қолжетімді болса дейміз. Сонда шынығып, шымырланған балалар бір-біріне мейіріммен қарап, бір-біріне қол ұшын беру арқылы қайырымды қала тұрғындары қатарын толықтырар ма еді, қатыгездіктен арылып, қылмыс та азаяр еді деген ой сананы сығалайды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ,
g.mamyraimova@astana-akshamy.kz


Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + one =