ҚАТЕРЛІ ДЕРТ ДЕНДЕП ТҰР

0 168

Без имени-1

АИТВ жұқпасынан сақтануға байланысты шаралардың жан-жақты жүргізілгеніне қарамастан бұл дерт күннен күнге белең алып барады. Өткен он екі айдың ішінде Астана қаласында инфекцияның эпидемиологиялық жағдайы 129 адамға өсті. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда 30 пайызға артық.

Биыл алғашқы айдың өзінде елордада ВИЧ жұқтырған 710 жағдай тіркелді. Олардың басым көпшілігі, яғни 53,5 пайызы – орынсыз жыныстық қатынасқа түсетіндер болса, 38,4 пайызы – иньекциялық есірткі қолданғандар. 7,8 пайызы  – басқа жұғу жолдарының үлесінде. Ал, жас шамасына келер болсақ, кейінгі жылдары АИТВ жұқтырғандардың 77 пайызы еңбек жасындағы, яғни, 20-39 жас аралығындағы жастар болып отыр. Бұл көрсеткіштер ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Сала мамандары қатерлі дерттің алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар жүргізуде. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін әр адам өзін, жақындарын осынау ғасыр дертінен сақтау жолдарын білуі керек. Астана қаласы «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК бастамасымен елорданың өндіріс орындарында және үлкенді-кішілі бизнес құрылымдарында АИТВ жұқпасын алдын алуға арналған оқу бағдарламасы енгізілген. Аталған кәсіпорындарда арнайы семинарлар да өткізіліп тұрады. Барлық 1 мыңға тарта шараға сан мыңдаған адам қамтылды. Мамандар, әсіресе, сұлулық салоны, диско-клуб, мейрамхана, монша, хауыз сияқты адам аяғы көп жерлерде семинарлар өткізуді басты нысанасына алған.

Сондай-ақ, аурудың алдын алу, сақтану жолдарымен таныстыру жайында кеңінен ақпарат беру үшін БАҚ-тың үлесі басым екендігін ескере отырып, ЖИТС орталығының тапсырысы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт бейнеролик жасалып, бірнеше телеарнадан көрсетілді. Сонымен қоса тұрғындар көп шоғырланатын жерлерде, қоғамдық көліктердің мониторларында, өндіріс орындарындағы орнатылған мониторларда барлығы 1 474 484 ақпарат жарияланды. Аталған шаралардың жыл санап артып келе жатқаны көңіл қуантарлық жағдай және оның нәтижесіз болмайтынына сеніміміз кәміл.

АИТВ жұқпасы немесе ЖИТС синдромы туралы талай айтылып, жазылып та жүр. Соған қарамастан осы сырқатқа шалдыққандардың қатары көбейе түсуінің бір себебі – мұндай ақпаратқа көпшілік «маған қатысы жоқ» деген көзқараспен қарайды. Осындай немқұрайлылық аурудың таралуына ерік беріп отыр.

«АИТВ жұқпасы есірткі құмарлар мен жезөкшелерде ғана болады» деген жаңсақ түсініктен арылуымыз керек. Әр адам ғасыр індеті туралы, одан сақтанудың жолдарын біле жүргені артықтық етпейді. Ал, біздің орталық кез келген уақытта АИТВ жұқпасы (СПИД) турасында кез келген сұраққа жауап беріп, көмек көрсетуге әзір. Мекенжайымыз: Астана қаласы, Есенберлин к-сі, 5/1, анықтама телефондары: 38-15-85, 38-04-71

 

Еркінбек МОМЫНБЕКОВ,

Астана қаласы ЖИТС орталығы
ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =