Қатаң тәртіп сақтауға шақырды

0 8

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде Үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен бейнеконференция режимінде кеңес өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде пандемия кезінде отандық дәрігерлердің тиісті тәжірибе жинағанын, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренгенін атап өтті. Осы аралықта еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды. Науқастармен байланыста болғандарды анықтау ісі жетілдірілді. Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. Ең бастысы, азаматтарымыздың пандемияға деген көзқарасы өзгерді. «Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау» деді Мемлекет басшысы.
Президент Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, медициналық статистиканы бағалау және талдау жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсыр­ды. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сондай-ақ дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол медициналық ұйымдардың, дәріханалардың не сатып алғанын, жалпы бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы дәрі-дәрмек қорын анықтауды талап етті. Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қажетті көлемдегі қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл үшін Үкімет отандық бетперделер мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндірушілерді кепілді көлемдегі шикізатпен қамтамасыз етудің тетігін әзірлеуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген қиындықтар мен дағдарыстар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын тағы да атап өтті. Айтарлықтай жетістіктеріміз де бар. Мәселен, екі бірдей отандық вакцина келешегі зор әлемдік биоқұралдардың қатарына енгізіліп, қазіргі уақытта оларға клиникалық зерттеулер жүргізілуде.
«Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей Президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бәрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қарауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек» деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент барша азаматтарды тәртіпті қатаң сақтауға, уақытша шектеу шараларына түсіністік танытуға шақырды. Ең алдымен, бұл барша қазақстандықтардың денсаулығы үшін қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + two =