Қатаң тәртіп сақтасақ, карантин режимінен тез өтеміз

0 46

– Біз тарихымызда алғаш рет 3 айдан астам уақыттан бері карантин режимінде өмір сүріп келеміз. Төтенше жағдай кезеңін бастан кешірдік. Қатаң тәртіптің арқасында, өзін-өзі оқшаулаудың нәтижесінде біз қауіпті кезеңнен өттік. Қазіргі уақытта көптеген кәсіпорындар жұмысын жандандырды. Азаматтар жұмысына қайта оралды. Қоғамдық көліктер қайта жүруді бастады. Саябақтар мен қоғамдық орындар есігін қайта ашты. Әрине, осыған байланысты көшеде азаматтардың саны көбейіп, қауіп арта түсуде.


Бірнеше мәселеге көңіл аударуды сұраймын. Бірінші, қазір байқағанымыздай, ауру жұқтыру ошақтары отбасыларында пайда болуда. Мысалы, балалары, ата-анасы, ата-әжесі де вирусты жұқтырды. Қорытындысында бүкіл отбасы мүшелерін ауруханаға жатқызуға тура келді.
Екінші, көңіл қоюды талап ететін мәселе – ұжымдарда ауру ошақтары пайда бола бастады. Соңғы аптадағы вирус анықталған азаматтардың тең жартысынан көбі – ұжымдардағы азаматтар. Бұл – отбасында да, жұмыс орнында да санитарлық нормалардың, карантин талаптарының дұрыс сақталмауының салдары деп айтып отыр тиісті мамандар.
Сондықтан үш мәселеге көңіл аударуды сұраймын. Біріншіден, қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерде міндетті түрде медициналық масканы тағу қажет. Екіншіден, қарапайым гигиеналық нормаларды сақтауды ұмытпауымыз керек. Әсіресе, балаларға түсіндіріп, отбасымыз бен жұмысымызда да осы тәртіпті бұзбауымыз керек. Үшіншіден, азаматтар көп шоғырланатын жерге барудың қажеті жоқ және де ара қашықтықты сақтауға міндеттіміз. Тек сонда ғана біз вирустан құтыламыз.
Тәжірибе көрсеткендей, вирус жасқа қарамайды. Дені сау азаматтар да вирусты жұқтырып, өз-өзін емдеймін деп денсаулығын қиындата түсуде. Жас, тепсе темір үзетін азаматтар ауруханаға түсуде. Ауыр халде жатқан азаматтарымыз да бар. Егер 600-ден астам азамат ауруханада карантинде болса, соның тең жартысынан көбінде өкпенің қабынуы диагнозы анықталған. Бұл – нағыз қауіпті топқа жататын азаматтар. Соның ішінде 34 азаматтың денсаулығы ауыр халде деп бағалануда. Олардың 12-сі ИВЛ аппаратына қосылған.
Төтенше жағдай жарияланып, карантин басталғалы бері біз көптеген мекемелерді жабуға мәжбүр болдық. Азаматтарымыз уақытша жұмыссыз қалды. Соған қарамай, мемлекетіміз қыруар ақша жұмсады. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Орта және шағын бизнеске үлкен қолдау көрсетілді. Енді қазір жұмысты жандандырғаннан кейін кәсіпорын басшылары соны ұмытпау керек. Барлығымыз айтылған талаптарды орындауға тиістіміз.
Біз күнделікті қарап, бақылап жүрміз. Бірақ, азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік болу керек. Ендігі ортақ міндетіміз – вирустың таралуына жол бермеу. Қатаң тәртіпті сақтасақ, карантин режимінен ертерек өтеміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 5 =