Қатал тағдыр күрмеуі

0 54

Адам өмірге келген соң оның болашақ тағдыры, өмір жолының соқпағы қалай болатынын бағдарлай алмайтындықтан, түрлі жағдайларға тап болып жатады. Тұманмен тұмшаланған өткен өмірі туралы осы мақалада психологиялық кеңеске жүгінуші Сара жайлы баяндалады.

Өмірдің қилы шырғалаңына түскен Сара ата-анадан 3 қыз, 1 ұл. Жастайынан 4 бала анасыз жетім қалады. Балалық шақтары бақытты болды деп айтуға мүлдем келмейді. Анасының жылы өтпей жатып әкесі үйленеді. Өгей ана қаталдығымен, қатыгездігінің салған жан жаралары есейсе де жазылмаған. Денсаулығына атүсті қарағандықтан, өкпесіне суық тиіп аурухана төсегіне таңылған жеткіншек, болашақтан үмітін үзеді. Орта біліммен қалып қойған Сара 2000 жылдарда Оңтүстік өңірінің бір мешітінде діни сауат ашады. Сол жылдың сәуір айында мешітте дәріс алып жүрген жігітпен танысып шаңырақ көтереді. Өмірге 1 ұл, 2 қыз алып келеді.
Жолдасы уақыт өте келе жат ағымның құрығына түсіп, күрт өзгере бастайды. Ұстанымы өзгерген жолдасы Сараға түрлі тыйымдар салып, одан басқа да ұлттық, дәстүрлі құндылықтарға да шектеулер қоя бастайды. Жақын туыстарымен, бауыр­ларымен де қарым-қатынасына қойылған шектеулерден араларында салқындық пайда болады. Отбасылық өмірден айта алатын естеліктері араздасу, ренжісу, түсініспеушіліктермен орын алғанын алға тартады. Қол көтеру, кемсіту, әйел ретінде бағаламаудың соңы тіпті көзіне шөп салумен аяқталған. Осы жағдайға да көніп, отбасылық өмірін балалары үшін шыдап жалғас­тыра берген Сара, бірнеше жылдан соң жолдасымен бір шаңырақ астында тұра алмайтынын түсініп ажырасуға бел буған. Ажырасудан кейін әке балаларының өмірі үшін жауапсыз екенін айқындап берді. Қандай да бір көмек көрсетуден бас тартады.
Ажырасудың салдары Сараға өте ауыр болғаны соншалық, өлім туралы жиі ойлай бастаған, бірақ оңалту орталығына келіп кеңес алу арқылы ойының өзгергенін, балалары үшін өмір сүру керек екенін түсініп, әрқашан алға ұмтылатынын айтып, өз ойымен бөлісті. Отан от басынан басталатынын ескерсек, жалған діни идеяларды ұстанушылардың бейәдеп әрекеттері еліміздің болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік, отбасылық, ұлттық құндылықтарды басымдық ретінде қарастыруымыз қажет. Әңгіме соңында Сараның жас балаша қимас­тықпен қапсыра құшақтап ұзақ тұрғаны, адамдардан әлі де болса жылулық пен мейірімділік аңсайтынын байқатады.

(Кейіпкерлердің аты өзгертілген)

Нұргүл РҮСТЕМ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =